Басты бет » Басты жаңалықтар » Бағдарлама талаптары түсіндірілді

Бағдарлама талаптары түсіндірілді

Nur Otan партиясы мен «Баспана» ипотекалық компаниясы» АҚ өңірлік филиалының ұйымдастыруымен «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының негізгі механизмдерін түсіндіру бойынша азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» республикалық акциясы өткізілді. 

Партияның Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында өткен шараға бес әлеуметтік бастаманың іске асырылуын бақылау жөніндегі облыстық қоғамдық кеңес, «Баспана» ұйымы, Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер филиалдары мен құрылысшы компаниялары өкілдері қатысты.

Шара барысында тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасына қатысудың артықшылықтары, қажетті құжаттар тізімі, несие рәсімдеу механизмдері туралы айтылып, құрылысшы компаниялар жөнінде ақпараттар берілді.

«Баспана» ипотекалық компаниясы өңірлік филиалының басшысы Гүлнар Дабылованың айтуынша, облыс бойынша аталған бағдарлама аясында 502 өтініш қабылданып, 258 өтініш бойынша жалпы 2,3 млрд теңге көлемінде несие берілген.

—  Бұл бағдарлама бойынша тұрғындарға жаңа пәтер алуға мүмкіндік бар. Ақтөбе облысы бойынша жергілікті атқарушы органмен бірге 11 құрылыс компаниясымен меморандум жасастық. Аталған құжатқа сәйкес, құрылыс компаниялары пәтерлердің 50 пайызын «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді. Екіншіден, жақында «Нұрлы жер» бағдарламасына да өзгерістер енгізілді. Яғни, бұрын «Нұрлы жер» бойынша жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозиті бар адам ғана баспана ала алатын, ал енді өзгерістерге сәйкес, «Нұрлы жер» бойынша салынып жатқан үйлерден «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер ала алады. Қазір «Нұр-Ақтөбе» ауданында шаршы метрі 120 мың теңгеден басталатын үйлер бар. Бұған қоса Батыс-2, Болашақ аудандарында, 12-шағын ауданда құрылыс компаниялары салып жатқан үйлерден шаршы метрі 140 мың теңгеден асатын пәтерлерді сатып алуға болады, — дейді Гүлнар Дабылова.

Биыл Ақтөбеде «Нектар», «ЭлитСтройЗапад», «Сәулет Құрылыс Сервис-2007», «Застройщик», «Светотехника», «Мизам», «СК-Ақтөбе-2010», «Керемет үй», «Дәулет-Групп», «Триумф АК», «Алтын Кум», «Оптима-Капитал», «К7 групп Ақтөбе», «Сконур» секілді компаниялар салып жатқан үйлер аталған бағдарлама бойынша сатылады. Олардың барлығы да Батыс-2 ауданында орналасқан. Пәтерлердің шаршы метрінің құны 140 мың теңгеден басталады. Кешегі шараға «Нектар», «Center group», «Завод Светотехника» сынды құрылыс компаниялары өкілдері қатысты. Сондай-ақ «Центркредит», «Халық банкі», «Сбербанк», «Форте банк» секілді екінші деңгейлі банктер мамандары тұрғындарға кеңес берді. Бұған қоса  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалы қызметкерлері де келді. «Біз «7-20-25» бағдарламасына қатыспаймыз. Дегенмен, аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендердің зейнетақы жүйесіне ай сайын түсіп жатқан түсімдері несие рәсімдеуге ықпал етеді. Сондықтан тұрғындар өздерінің зейнетақы қорындағы салымдарын бақылап отыруы тиіс. Ол үшін зейнетақы қорының мобильді қосымшасын жүктеп алса жеткілікті», — дейді БЖЗҚ облыстық филиалы директоры Эльмира Талаева.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*