Басты бет » Мереке » Шуақты мерекедегі шаттық

Шуақты мерекедегі шаттық

Кеше Халықаралық әйелдер күніне орай Өнер орталығында мерекелік концерт ұйымдастырылып, өңірдің түкпір-түкпірінен келген қыз-келіншектерді облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтады.

— Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі — 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атауының бәрі әйел адамға қатысты деген болатын. Ақтөбе топырағында Ақбота Сәңкібай, Әлия Молдағұлова, Нұрсұлу Тапалова, Аққағаз Досжанова, Роза Жаманова сияқты белгілі тұлғалар дүниеге келіп, еңбегімен, өнерімен елге танылды. Тәуелсіз елімізде осынау игі дәстүрді жалғастырушы қыздарымыз аз емес.

Қазіргі таңда әйел отбасының берекесін келтіріп қана қоймай, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. Облыста әйелдердің саясатта, кәсіпкерлікте, қоғамдық істерде белсенділігі жылдан-жылға артып келеді. Осы орайда облыс басшылығы атынан әр салада аянбай қызмет жасап жүрген барлық аналарды, қарындастарды, жалпы қыз-келіншектерді  төл мерекелерімен құттықтап, барлық жақсылықты тілегім келеді, — деп лебізін білдірді өңір басшысы.

Мерекелік бағдарлама барысында ақтөбелік әншілер, «Аққу», «Самұрық», «Назерке» би ансамбльдері өнерін паш етсе, бір топ ару ұлттық киімдердің сән көрсетілімін ұсынды. Шара соңында барлық көрермен — нәзік жандыларға гүл мен естелік сыйлықтар табысталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*