Басты бет » Экономика » ERG: әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылады

ERG: әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылады

Eurasian Resources Group (ERG) биыл Ақтөбе облысындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға 3,2  миллиард теңге бөледі. Тиісті меморандумға облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичтің кездесуі нәтижесінде қол қойылды. Құжат өңір басшысы мен ERG бас атқарушы директорының бірінші орынбасары Алдияр Қазтаевтың қолымен бекітілді.

Қаражат Хромтау қаласындағы орталық ауруханаға жас мамандарды тартуға және медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға, жылу, су, жарықпен жабдықтау желілері мен кәріздердің құрылысы мен күрделі жөндеулеріне, көлік жолдары мен қала саябағын қалпына келтіруге, Хромтау тау-кен техникалық колледжінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, Хромтау қаласы мен Дөң ауылындағы балалар және спорт алаңдарын орнатуға, Ақтөбе қаласындағы жеңіл атлетикалық манеж құрылысына жолданады.

Меморандум аясында сондай-ақ, Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданындағы автокөлік жолдарын салу, Хромтаудағы қоқысты шығару үшін арнайы техника, қалалық жолаушылар тасымалы үшін автобустар сатып алу, сонымен қатар, өзге де әлеуметтік, мәдени және спорттық жобаларды қолдау жоспарланып отыр.

Оңдасын Оразалин: «ERG құрамына кіретін ақтөбелік кəсіпорындардың облыс экономикасын дамытуда маңызы зор. Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту бойынша маңызды тапсырмасын  жүзеге асыруға сіздердің де белсенді атсалысып жатқандарыңыз қуантады. ERG-нің біздің облысты дамытуға салатын инвестициялары ақтөбеліктер үшін жақсы қолдау болады», — деп атап өтті.

«Осы жылы сондай-ақ, Хромтаудың жаңа бөлігінде құны 850 миллион теңге болатын 320 орындық балабақша салуды бастаймыз. Бұл әлеуметтік маңызы бар жоба мемлекеттік-жекеменшік аясында жүзеге асырылып жатыр. Біз әкімдікке «туған қалаларымыздың» тұрмысын жақсартып,  жайлы етуге мүмкіндік бергені үшін ризамыз», — деді Александр Машкевич өз кезегінде.

Соңғы 15 жыл ішінде Топ кәсіпорындары орналасқан Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру бойынша жыл сайын меморандумға отырып келеді. Тұтастай алғанда 2014 жылдан 2018 жылға дейінгі 5 жылда Еуразия Тобы әлеуметтік инвестициялары көлемі 107 миллиард теңгеден асты.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*