Басты бет » Басты жаңалықтар » Мерейлі сәттегі лебіздер

Мерейлі сәттегі лебіздер

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин бір топ еңбек ардагерінің үйлеріне барып, оларды мерекемен құттықтады.

Алдымен облыс басшысы 103 жастағы тыл ардагері, көп жыл сауыншы болып жұмыс жасаған Жәкібай Бисенғалиеваның үйіне барып, ғасыр жасаған кейуананы мерекемен құттықтады.

  • Бүгін сізді мерекемен құттықтауға арнайы келіп отырмыз. Алла деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, күш-қуат берсін! Сіздің өмір жолыңыз бәрімізге үлгі. Немерелеріңіз бен шөберелеріңіздің қызығын көріңіз! — деген облыс әкімі кейуананың иығына жаулық жауып, сый-сияпат табыстады.

Жәкібай әже мерекемен арнайы құттықтап келген облыс әкіміне алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Айта кету керек, Жәкебай Бисенғалиева биылғы жылы тамызда 104 жасқа толады. Бүгінде 3 баласынан 3 немере, 7 шөбере сүйіп отыр. Кейуана немересі Даниярдың қолында тұрады.

— Анамыз қиын кезеңдерде, ашаршылық уақытында ауылда егін егіп, мал баққан. Көп жылдар қазіргі Хромтау ауданына қарасты Новотроицк кеңшарында сауыншы, кейін кітапханашы болып жұмыс істеген. Атамыз Ғабит Бисенғалиев Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Ол 92 жасында өмірден өтті. Қазір анамызды әлпештеп, бағып отырмыз. Әлі күнге дейін қуатты, сергек. Көпшілікті жақсы көреді. Осыған дейін көп жылдар бойы намаз оқыды. Балаларға, немерелерге анамыздың жасын берсін! — дейді Жәкібай әженің келіні Уәзипа Бисенғалиева.

Бұдан кейін облыс әкімі әнші Димаш Құдайбергеннің әжесі, зейнеткер Миуа Низамутдинова мен нағашы әжесі Бибігүл Әлжанқызын құттықтады.

Алдымен мереке құтты болсын! Алла сіздерге қуат берсін! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Сіздер ұл-қыз тәрбиелеп, немерелердің қызығын көріп отырған аналарсыздар! Оның үстіне елге, халыққа үлгі болған отбасысыздар! Сондықтан аналардың осынау мерекесінде сіздерді құттықтап, сый-құрмет білдіруді жөн көрдік. Сіздер сияқты аналарымыз аман болсын! — деді О.Оразалин.

Құттықтау сөзінен кейін облыс басшысы аналарға жаулық жауып, гүл шоғын табыстады.

Қазақ елін әлемге танытқан Димаштың қос әжесі облыс әкіміне алғыстарын айтып, ризашылығын білдірді.

Оңдасын Оразалин бастаған топ бұдан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі өлкетанушы Рысжан Ілиясова мен білім саласының үздігі, еңбек ардагері Маржан Жұмағазинаның да шаңырағына барды. Бірі мәдениет, енді бірі білім саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен еңбек ардагерлерін облыс әкімі мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Мерекемен арнайы құттықтап келген облыс басшысына қос ардагер батасын беріп, алғысын айтты.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*