Басты бет » Басты жаңалықтар » Оңдасын ОРАЗАЛИН: Әйелдер қашанда бизнестің нағыз адал өкілі және солай болып қала бермек

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Әйелдер қашанда бизнестің нағыз адал өкілі және солай болып қала бермек

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мереке қарсаңында облыстағы іскер әйелдерді  құттықтады. Ақтөбелік бизнестегі ханымдармен кездесу «ХХІ ғасыр әйелі. Бәрін үлгеру», «Отбасы, бизнес, әлеуметтік жауапкершілік», «Азаматтық ұстаным» тақырыптары бойынша open talk форматта ұйымдастырылды.  

Ақтөбе қаласындағы Неке сарайында өткен іс-шараға облыстағы табысты әйелдер, «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» облыстық филиалының белсенді мүшелері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі, әлеуметтік желілерде танымал және көсбасшылық пікірі бар нәзік жандылар, сондай-ақ қаржы институттарының өкілдері шақырылды.

Бизнестегі ханымдарды мерекемен құттықтауға келген облыс әкімі сол жерде галстугін шешіп, кездесудің бейресми жағдайда өткізілетінін жеткізді.

Кездесу барысында Оңдасын Оразалин шағын және орта бизнесті дамытудағы әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды.

Жыл өткен сайын облыста нәзік жандылар басқаратын кәсіпорындар саны артуда. Бүгінгі күні жұмыс жасап тұрған ұйымдардың үштен бірін  әйелдер кәсіпкерлігі құрайды. Мәселен, былтыр  шағын және орта бизнес құрылымдарының жалпы саны 54,4 мың бірлікті немесе өткен жылдың тиісті кезеңінің 108,4 пайызын құрады, оның 23,8 мыңы әйел болса, өсім 8,1 пайызға жеткен.

Бүгінгі таңда өңірде  жалпы өнімнің 40 пайызын әйелдер өндіреді.

Бизнеске ең үлкен көмек — бұл оның дамуына кедергі келтірмеу. Мен кәсіпкерлердің алдынан шығатын проблемаларды өте жақсы түсінемін.  Әрине, биліктің араласуы қажет салалардың да бары сөзсіз. Бұл тұрғыда біздің қолдауымызға сеніңіздер. Шағын және орта бизнесті қолдау — атқарушы биліктің, облыс әкімдігінің жұмысындағы алдыңғы кезектегі міндеттерінің бірі. Былтыр облыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуына 2,4 миллиард теңге бөлінді. Биыл осы бағдарлама бойынша мемлекеттік қолдау көрсету үшін 2,7 миллиард теңге бөлу қарастырылып отыр, — деді Оңдасын Оразалин.

Мәлім болғандай, өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аймақта кәсіпкерлердің 257 жобасына қолдау көрсетілген. Оның ішінде әйел кәсіпкерлердің үлесі — 27 пайыз.

Шара барысында  іскер әйелдер өз қызметтері мен қордаланған мәселелері жөнінде айтып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға алғыстарын білдірді. Облыс әкімі бизнесті дамытуға байланысты қойылған сауалдарға нақты әрі жан-жақты жауап берді. Оның айтуынша, аймақта бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс.

Мерекелік шарада Оңдасын Оразалин әйелдер қашанда бизнестің нағыз адал өкілі болғанын және солай болып қала беретінін, салықты әрқашан уақытында төлейтіндерін атап өтті.

Бүгінде ақтөбелік зағип жан Дәметкен Жолмағамбетова қағаз қалталар шығаратын цехты басқарады. Қазір өндірісте мүмкіндігі шектеулі жұмысшылар еңбек етеді. Кездесу барысында ол: «Мен бір кездері қайғылы жағдайды бастан кешіріп, көру қабілетімді нашарлатып алдым. Қазіргі таңда біздің цехтағы жұмысшылардың үштен екісі — өзім сияқты азаматтар. Біз өзіміздің өнімімізбен және жетістіктерімізбен мақтанамыз», — деп бөлісті.

Тағы бір табысты кәсіпкер Сәуле Дәулеталина облыста 200-ден аса баланы балабақшамен қамтып, жеті мектеп ашқанын, сонымен қатар аудандарда әлеуметтік жобаларын жүзеге асырып отырғанын айтты.

Кездесу соңында  23 іскер әйел сегіз аталым бойынша дипломдармен марапатталды. Олар — «Жыл өзгерісі», «Жылдың ең үздік әлеуметтік жобасы», «Ең үздік ауылдық стартап», «Жыл жаңалығы», «Жылдың үздік бизнес-тренері», «Жылдың ең креативті жобасы», «Жылдың ең батыл әйел-кәсіпкері».

«Жылдың ең батыл әйел-кәсіпкері» атағы 7 баланың анасы Айгүл Сабырға берілді. Айгүлдің кенжесі — 5 жаста. «Алтын алқа» иегері — ана ғана емес, табысты кәсіпкер. Көпбалалы ана балаларын жалғыз өсіріп отыр. Жеке кәсібін ашуға осы жағдай түрткі болыпты. Бұдан бір-екі жыл бұрын Айгүл фитнес-студиясын салып, ашқан болатын. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін  автокөлігін сатыпты. Қазіргі кезде кәсіпкер жылжымайтын мүлікті жалға беруге арналған тағы бір бизнесін жүргізіп отыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*