Басты бет » Басты жаңалықтар » Нұротандықтар 100-ден асқан  әжелерді  құттықтады

Нұротандықтар 100-ден асқан  әжелерді  құттықтады

Ақтөбелік нұротандықтар   НаурызChallenge акциясы аясында 100 жастан асқан әжелерді  Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Партияның Ақтөбе облыстық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары  Дариға Исмағамбетова, партияның Ақтөбе облыстық филиалы Саяси кеңесі мүшесі, қалалық мәслихат хатшысы  Сұлупан Шынтасова, «Ақтөбемұнайгаз» АҚ бастауыш партия ұйымы төрағасы Абай Сақтағанов,  қалалық мәслихаттағы  «Нұр Отан» фракциясы мүшесі Алтынай Мұханова әуелі  Жәкібай Бисенғалиеваның үйіне барды.

Бүгінде Ақтөбе қаласында ең кіші баласымен бірге тұратын 104 жастағы Жәкібай әже 7 шөбересінің қолынан су ішіп отырған бақытты әже.  Хромтау (бұрынғы Новоресей) ауданындағы Қызылсу ауылында 1915 жылы дүниеге келген қария  ХХ ғасырдың басындағы қазақ ауылында өткен барлық оқиғаларға куә болып,  аштық,  азамат соғысы, колхоздастыру кезеңінің қиыншылықтарын көзімен көрген. Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова  байыпты да салмақты ұстанымымен бүкіл ауыл-аймағына үлгі-өнеге бола білген кейуанаға алғысын білдіріп, Жәкібай әженің өмір жолы жастарға үлгі-өнеге екенін айтты.

Жақыбай Бисенғалиева Қызылсу ауылында  колхоздастыру жылдарында жас кезінен колхоз жұмысына араласып, сиыр сауды, трактор жүргізді, көкөніс екті, тіпті кітапханашы да болды.  Екінші дүниежүзілік соғыс алдында  ауылында фин соғысынан оралған ауылдасы Ғабитпен тұрмыс құрып, 3 бала сүйген. Көп ұзамай Ғабит аға қайтадан  майданға кеткенде, Жәкібай әже күйеуінің қара шаңырағына ие болып, ата-енесін баға жүріп, колхоздың  қара жұмысынан қол үзбепті.

— Соғыс басталып, Ғабитке майданнан шақырту келген бойы  ол төркініме барып, соғыс аяқталғанша әкемнің үйінде болғанымды қалады.  Бірақ бұл ұсынысқа келісім бермедім. Себебі, біздің заманымызда ұзатылған қыздың төркінге қайта баруы өте ұят болып саналады. Сол жылдары ауылымызда ер азамат қалмады, тек бала-шаға мен қариялар ғана бар. Тұрмыс қиындап, елдің жағдайы нашарлай берді. Әсіресе, 1942 жылдың қысы қатты суық болып, колхоздың малына шөп жетпей қалатын. Сол кезде мен трактор рөліне отырып, қақаған қыста  колхоз малына алыстан шөп жеткіздім.  Енді бірде малдың аштан қатпауы үшін  өзен жағасының қамысын орып, оны тұздап, кесіп  беріп, малды  қыстан  аман алып шыққан едік, — деп еске алады Жәкібай әже.

—  Соғыстан кейін колхоздың кітапханашысы, сосын сауыншы болып еңбек еттім. Ол кезде бір сауыншы отыз сиыр сауып сүтін тапсырады.

Ұзақ жылдар бойы сауыншы болып еңбек етіп, осы жерден зейнеткерлікке шыққан Жәкібай әже  Ұлы Отан соғысының ардагері Ғабитпен бірге үш бала тәрбиелеп өсірген.  Ғабит ата да бала-шағасының қызығын көріп,  92 жасында өмірден өткен. Жақыбай әже өткен күннің оқиғаларын шебер әңгімелейді, құлағы аздап естімегені болмаса, әлі тың.

—  Осы күнге дейін құрақ құрап, көрпе тігеді, — дейді келіні Уәзипа.

—  Үйдегі ұсақ-түйек маталарды қиқымын қалдырмай, кәдеге жаратып, көрпеше етіп тігеді. Апам ысырапшылдықты ұнатпайды, дарақылыққа жаны қас, рәсуашылдықты жек көреді.

Адал еңбегімен өмір сүріп, екі ғасырдың оқиғаларына куә болған Жәкібай әже  елдің амандығы мен халықтың бірлігінен артық тілегім жоқ деп батасын берді.

Содан кейін нұротандықтар Ұлмекен Юсупованың (1916 жылы туған), Айжамал Мырзағалиеваның (1917 жылы туған) үйлеріне құттықтап барды.

Бүгінде облыста 100 жастан асқан 14 қарт бар. Олардың оны — Ақтөбе қаласында, екеуі — Алға ауданында, біреуі — Темір ауданында, біреуі Шалқар ауданында тұрады.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*