Басты бет » Мереке » Тәлімгер

Тәлімгер

Гүлжамал Төлебаева еңбек жолын 2003 жылы Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетін педагогика-психология мамандығы бойынша тәмамдаған соң Ақтөбедегі жасөспірімдерді уақытша бейімдеу орталығында психолог болып бастады. Кейін қалалық жол полициясына,  одан соң арнайы жасаққа қызметке ауысқан. Қазір ол — облыстық полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспектор-психологі.

— Психолог болудың өз қиындығы бар. Өйткені, ең алдымен, алдыңда отырған адамның ішкі жан дүниесін түсіне білу, онымен сенімді байланыс орната білу керек, яғни ішкі күйзелістерімен еркін бөлісе алуына жағдай жасай алу керек. Біз алдымен қызметке жаңадан келген жастармен жұмыс жасаймыз. Психологиялық тұрғыдан олармен алғашқы кезде  алдын ала әңгімелесулер жүргізіліп, өз таңдауларының дұрыстығына көзін жеткізіп, сенімділіктерін нығайтқан тиімді. Бізде арнайы жабдықталған психологиялық орталық бар. Белгіленген кестеге сай сабақтар өткіземіз. Тесттер, тренингтер жүргіземіз, — дейді Г.Төлебаева.

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздарымен жұмыс істеу Гүлжамал Төлебаеваны шыңдап, шынықтырып келеді. Бастысы — тәртіп сақтап, талапты орындау. Бұл жерде әйел, еркек деп бөлу жоқ. Сен қатардағы қызметкерсің! Болды.

Гүлжамал сарбаздармен бірге оқу-жаттығу жиындарына да, даярлыққа да қатысады. Нысанаға көздеп атудан да қалмайды. Үнемі сарбаздармен қоян-қолтық араласып, спортпен шұғылданады.

— Жедел қимылдайтын арнайы жасақта көбіне сарбаздар ұстамды, істеріне мығым, спортқа ден қойған әрі жауапты қызметтің жүгін сезінетін азаматтар. Жас мамандарға тәжірибелі тәлімгерлер бекітіліп, бағыт-бағдар береді. Жас жігіттердің қиыншылығы мен жауапкершілігі басым қызметтің бар ауыртпалығына төзетін, антына адал болатын сарбаз ретінде қалыптасуына қолымнан келгенше өз үлесімді қосып келемін. Өмір болғасын түрлі жағдайлар болады. Ер-азаматтарға отбасының қолдауы өте қажет. Біз өз мамандарымыздың, әсіресе, жаңадан келген қызметкерлердің отбасыларына барып, тұрмыстық жағдайларымен танысамыз. Кейде ана ретінде жас отбасыларға ақыл кеңесімді де айтамын, — дейді ол.

Гүлжамал отбасында үлгілі келін. Қызметінде үздік маман ретінде танылуында өз жұрты мен түскен жұртының қолдауы зор.

—  Жолдасым екеуміз де қатардағы әскерилер болғандықтан уақытымыздың көбі қызметте өтеді. Ата-аналарымыз балаларымызға қарасып, үнемі демеп отырады.

Мереке қарсаңында барлық аналарымызды, аруларымызды, әсіресе күн-түн демей, ел тыныштығын күзетіп, тәртіп сақшысы болып еңбек етіп жүрген қыздарымызды төл мерекелерімен құттықтаймын. Біз Отанға адал қызмет етуді міндеттейтін жауапты іс атқарып жүрміз. Барлық күш-жігерімізді Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруға бағыттайық. Балаларымыз аман,еліміз тыныш болсын, — дейді Гүлжамал Төлебаева.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*