Басты бет » Мереке » Гүлшара — «Күміс алқа» иегері

Гүлшара — «Күміс алқа» иегері

Бүгінде әр салада ер-азаматтармен қатар жүріп, еңбек етіп, сондай-ақ отбасында көп бала тәрбиелеп жүрген аналар аз емес. Алты баланың анасы Гүлшара Павловец — сондай аналардың бірі.

Қобда ауданының Жарық ауылында туған Гүлшара орта мектепті бітірген соң, қалаға келіп, құрылыс мекемелерінің бірінде бригадир болып еңбек етеді. Жұмыста жұбайы Виталиймен танысып, өзге ұлттың өкілі болғанына қарамастан, ата-анасының келісімімен тұрмысқа шығады.

Салты бөлек, ұлты басқа жігіттің отбасына келген жас келін өзінің пысықтығымен ортасына тез үйреніп, енесінің тілін тауып, үйдің тірлігін меңгеріп-ақ кетеді. Еңбекте де, отбасында да қатар жүрген Гүлшара мен Виталий тұрмыстың талай қиыншылығын көрсе де мойымады. Осылайша араға бірнеше жыл салып, тұңғыштары Евгений дүниеге келеді.

— Ең алғаш тұңғышымды қолыма алғанда ерекше сезімде болдым. Сол сәттен бастап менің көпбалалы ана болсам деген арманым болды. Бүгінде дүниеге алты перзент әкеліп, бақытты ана болып отырған жайым бар. Сол үшін ең әуелі Аллаға шексіз ризамын, — дейді Гүлшара.

Көпбалалы ана 25 жылдан бері Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді. 2009 жылға дейін зауыттың Мәдениет үйінде қызмет етсе, бүгінде зауытта қоймашы. Қызметі — сырттан қоймаға келген бөлшектерді, тауарларды қабылдап, цехтарға жөнелтеді. Ал жолдасы жекеменшік мекемеде қызмет жасайды.

Бүгінде Павловецтер отбасында алты бала бірін-бірі өкшелеп өсіп келеді. Отбасының үлкені Евгений анасымен бірге Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етсе, екінші ұлы Александр — заңгер, ал үшінші ұлы Денис Ақтөбе қаласындағы №26 орта мектептің

9-сыныбында оқиды. Үйдің ортаншысы Камила 7 жаста болса, кенжелері егіз Артур мен Карина — 2 жаста.

— Жұмыстың қиындығына қарамай, заманның талабына сай еңбек етіп жүрміз. Қалада бір үйде екі адам жұмыс істемесе қиын. 1994 жылдан бері бір бөлмелі үйде тұрып жатырмыз. Өзім кәмелетке толмаған төрт балаға және «Күміс алқаға» ай сайын 26 мың теңге аламын. Бұл қаржы балалардың тамағына, киіміне, оқу құралдарына, басқа да қажеттіліктеріне жете бермейді, — дейді көпбалалы ана.

Гүлшара Павловец көп жағдайда отбасына келген табысты үнемдеп жұмсауға, жоқты бар  етуге тырысатынын айтады. Ол үшін ең бастысы — балаларының амандығы, дендерінің саулығы. Қазір балалардың үлкендері анасына үй шаруасына, бала күтіміне көмектеседі, ал егіз балапандар тәтті қылықтарымен қуантады.

Көп баланы дүниеге әкелген соң, ең бірінші олардың денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Егер ата-ана өз парызын дұрыс орындаса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Балаң сені ұятқа қалдырмасын десең, дұрыс ата-ана болуға міндеттісің. Отағасы екеуміздің ұстанымымыз — осы, —  дейді ол.

«Өзге ұлттың өкіліне қалай тұрмысқа шықтыңыз?»  — деп кейіпкерімізден сұрағанда: «Бұл — тағдыр. Арада сезім болған соң, кедергілерге қарамай, отбасын құруға бел байладық. Шүкір, бақыттымын. Алты балам — менің барым, байлығым», — дейді Гүлшара Павловец.

Павловецтер отбасы жыл сайын 8 наурыз мерекесінде қос анасын құттықтап барады. Өздерінің сый-құрметін білдіріп, аналарына рақмет айтады. «Ана үшін баласының махаббаты мен құрметінен, жеткен жетістігінен асқан бақыт жоқ», — дейді «Күміс алқа» иегері.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*