Басты бет » Мереке » Бизнестегі ақтөбелік бикештер

Бизнестегі ақтөбелік бикештер

Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірімізде 23 мың кәсіпкер қыз-келіншек бар. Тағы бір дерек: былтыр өз ісін бастаған әйелдер, 2017 жылмен салыстырғанда, 8 пайызға артқан. 

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз бірнеше жас әрі іскер бикешпен дидарласып, олардың бизнесінің жай-жапсарын білген едік.

«ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ ЕШҚАШАН ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ»

Ақтөбелік Жанат Бекбауова адам бір істі атқарғанда жан-жүрегімен соның жүзеге асуын қалап, шынымен талаптанса, бәріне қол жеткізуге болатынын айтады. 12 адамды жұмыспен қамтып, аспаздық орталықтың иесі атанып отырған жас кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Бір жағынан, бұған оның өзі — «тірі мысал».

— Он жыл бойы мамандығым бойынша бухгалтер болып еңбек еттім. Кейін үшінші баламның өмірге келуіне байланысты демалысқа шыққанымда, күн ұзағына басыма түрлі ойлар келе бастады. «Неге өзімнің бизнесімді ашпасқа?», «Қашанғы басқа біреуге жұмыс істеймін?» деп өзіме-өзім сұрақ қойдым. Сөйтіп, 2017 жылдың қыркүйек айында үйдегідей дәмді тағамдарды жасап көрейінші деп шештім. «Инстаграм» желісі арқылы хабарландыру беріп едім, сол күні кешке тапсырыс түсті. Бірінші боп жартылай дайындалған мантыны әзірледім. Сол кісі көп ұзамай тағы хабарласты, екінші адам, үшінші, солай кете берді… Күйеуімнің бастамамды қолдағанмен, «қашанғы хабарласар дейсің?» деп, ісімнің баянды жалғасатынына күмәнмен қарағаны рас. Ал мен сендім. Өйткені қай істі де шынайы қызығушылықпен, махаббатпен жасасаң, қайтарымы соған сай болатынын бұрыннан білетінмін. Үмітім алдамапты. Жұртшылық мантыдан бөлек, тұшпараға, еттен жасалатын басқа да тағамға көптеп сұраныс білдірген соң, қасыма туған апамды шақырып алдым. Осы тұста үйімнің ас бөлмесі тарлық еткендіктен, тұтастай бір пәтерді жалға алып, аспаздық кәсіпке бел шеше кірісіп кеттік. Қысқасы, бір жылдың ішінде екеуміздің әліміз жетпей, қасымызға өзге жұмысшыларды қостық, — деп әңгімесін өрбіткен Жанаттың қарамағында қазіргі таңда 12 адам еңбек етеді. Олар 15 түрлі жартылай дайындалған тағамды дайындайды.

Өткен күзде банктен 5 жылға 22 миллион теңге несие алған жеке кәсіпкер сол қаражатқа дүкенін ашып, бүгінде ұжымымен асты сол жерде дайындап, сатып отыр.

Оның айтуынша, келушілердің дені мантыны тәуір көреді екен. Келілеп сатылатын тұшпара, тартылған етке де сұраныс жоғары. «Күніне 30-40 келі манты сатамыз. Соған сай, күн сайын сиыр малын сойып, етінен түрлі тағамдарды жасаймыз. Асылы, тамақ өнеркәсібі мәңгілік кәсіп қой. Адам ауқатсыз тұра алмайды», — деп ой бөліседі кәсіпкер.

Бәрі ойдағыдай болса, алдағы уақытта шаһардағы Батыс-2, «Нұр Ақтөбе» шағын аудандарынан дүкендер желісін ашқысы келетін Жанат, осылайша, компаниясын кеңейтуді мақсат етіп отыр.

— Өзінің еңбегің үшін елден алғыспен қоса ақы алғаның жақсы, әрине. Бірақ әйел заты алдымен өзінің негізгі міндетін ұмытпауы қажет. Ол — жар атану, бала сүю. Тек содан кейін ғана кәсібіне, болмаса мамандығы бойынша жұмысына көңіл бөлсе жарасады. Әйтпесе, бір кәсіппен, мол табыспен бақытты болу мүмкін емес, — деп сыр ақтарады әңгімелесушіміз.

ҮЙДЕ ОТЫРЫП-АҚ КӘСІБІН ҮЙЛЕСТІРГЕН

Бала күтімімен үйде отырған Әлия Қырықбаева аз уақытта тігіншілік өнерді меңгеріп, артынша оны кәсіп көзіне айналдырған. Өз ісін бастауға деген ұмтылысы ерекше болса керек, көп ұзамай ол мемлекеттің қаржылай қолдауына лайық деп танылады. Бүгінде кейіпкеріміз кішкентайына қарап, жеке кәсіпкерлікпен де айналысып, бәріне үлгеріп жүр.

26 жастағы Әлияның мамандығы — инженер. Жолдасы Қайнар екеуі Әлихан есімді ұл баланы тәрбиелеп отыр. Негізінен бар уақытын сәбиіне арнайтын жас ана қолы қалт еткенде пайдалы іспен айналысуды жөн көріп, өткен жылы курсқа жазылады.

— Бір айға созылған тігіншілік курста өзімді қызықтырған көптеген сұрақтарға жауап таптым, бірталай нәрсені үйрендім. Соның арқасында өзіме, балама аз-аздап киім тіге бастадым. Кейін бұл қабілетімді одан әрі дамытпаққа бел буып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының облыстық филиалына барып, өз ісін бастағысы келетіндерге арналған бір айлық «Бастау» жобасы туралы білдім. Әрі ақысыз, әрі шәкіртақысы бар. Бірден жазылдым. Курстағы бизнес-тренерім Гүлнар Сейітжаппарқызы маған кәсіпкерліктің «әліппесін» бастан-аяқ меңгертіп, қайткенде ісімнің алға басатынын айтты, бағыт-бағдар берді. «Көз — қорқақ, қол — батыр» демей ме? Іле-шала құзырлы органдарға жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысымды бастап кеттім. Сол аралықта кәсіпкерлер палатасы арқылы өзімнің тігіншілік кәсібіме қатысты жобамды арнаулы байқауда ойдағыдай қорғап, Үкіметтің қайтарымсыз 240 мың теңгені құрайтын грантын ұтып алдым. Аталған қаражат кәсібімді дөңгелентуге берілді, тиісінше таңдауым матаның үстіне әртүрлі жазуларды «салатын» құрылғыға түсті, — деп кәсібінің алғашқы асулары жөнінде сыр шертеді ол.

Бүгінде жеке кәсіпкер ретінде жұмысын бастағанына 4 айдан асқан Әлия негізінен балаларға арналған киімдерді, сондай-ақ көрпе-төсек, басқа да тұрмысқа қажетті жабдықтарды тігеді. Үйден шықпай, өзінің сүйікті ісі — ісмерлікпен айналысатын мереке иесі айына кем дегенде 4-5 адамнан тапсырыс түсетінін, осындайда әлеуметтік желілердің пайдасы орасан екенін атап өтті. Алдағы мақсаты — жеке студиясын ашу. «Ол үшін, әрине, көп еңбектену керек. Тапсырыстар көптеп түссе, сұраныс молайса, кәсібімнің кеңейетіні сөзсіз. Мен туралы газетке жазып, әйелдер мерекесінде осындай құрметтің көрсетілуінің өзі — бизнесіме жасалған қамқорлық. Сондықтан декреттік демалыста отырған апа-сіңлілерімді ой-мақсатын іске асырудан қорықпай, «Тек алға!» деген ұранды ұстануға шақырамын», — деген лебізімен аяқтады сөзін Әлия.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БРЕНДКЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛАР КӨП

Эльмира Кәкімбет — тек қазақстандық дизайнерлердің киімі мен бұйымын сататын дүкен ашқан Ақтөбедегі алғашқы кәсіпкер. Оның айтуынша, таңдауы тек отандық өнімге түсетін патриот сатып алушылар өңірде аз емес.

Ашылғанына жарты жыл болған шоурум қаладағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан. Онда 30-дан астам қазақстандық дизайнердің киімі саудаға шығарылыпты. Олардың арасында Эльмираның өзі тіккен көйлектер де бар.

— 23 жасымнан бастап саудамен айналысамын. Тәжірибем бар. Сондықтан шоурум ашқанда аса қиындық көрдім деп айта алмаймын.

Бір көзімнің жеткені, ақтөбеліктердің заманауи үлгіде жасалған ұлттық киімдерге қызығушылығы мол. Нағыз патриоттар біздің облыста тұрады (күліп). Тіпті кеудеше алса да, соның бір жағында ою-өрнек болғанын қалайды, — дейді бизнеске ден қойған бойжеткен.

«Qazaq Republic», «Hayali», «Bэlkovna», «Manera», «Сәукеле», «Aikerim», т.б. отандық брендтерге ықыласы ауатын тұтынушылар Ақтөбеде де көп. Ал олардың киімдерінің бағасы әртүрлі. Айталық, күзде киетін пальтоның құны 89 мың теңге болса, сырға, алқа сияқты әшекей бұйымдарды 1,5-2 мың теңгеге сатып алуға мүмкіндік бар. Ең бастысы, басқалардан ерекшеленгісі келетін адамға таңдау мол. «Ендігі арманым — осындай шоурумдарды еліміздің өзге облыстарында ашу», — деп алдағы жоспарымен бөліскен Эльмираға сәттілік тілейміз.

ӘЙГЕРІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ  

Ұйымдастырушылық жұмыстарға бейім, әрдайым мерекелік думандардың басы-қасында жүргенді жаны сүйетін Әйгерім Молыбаева өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдыра білген жас. Ол — балаларға мерекелік шоу ұйымдастыратын агенттіктің басшысы.

Бір жылдан бері осы іске ден қойған кейіпкеріміздің орталығында 10 адам қызмет етеді. Олар тапсырыс бойынша туған күндерге, тойларға, басқа да салтанатты шараларға барып, кішкентайларға арналған ертегі, шоу, сиқыр өнерінің көрсетілімдерін ұсынады.

— Бұл салада бәсекелестік мықты. Ақтөбенің өзінде біз секілді оннан астам агенттік жұмыс істейді. Бірақ агенттігіміздің бағдарламасы ерекше деп ойлаймын. Өйткені бізде 50-ден астам ертегі, мультфильмдердің кейіпкерлерінің костюмі бар, 40 минутқа созылатын шоуымыз да басқаларға ұқсамайды. Бұл ұл-қыздарға өте қызық, — дейді Әйгерім.

Оның сөзінше, жыл өткен сайын балалардың талғамы да өсіп келеді. Соған сай, шығармашылық топ бағдарлама мен костюмдерді жаңартып тұруға, ерекше дүние жасауға ұмтылатынын тілге тиек етеді. Олардың айына кемінде 30-40 тапсырысты орындайтынын ескерсек, аталған қызмет түрін пайдаланатын ақтөбелік ата-аналардың көптігін байқауға болады. Бұл түсінікті де, қай әке-шеше болсын, қолдан келгенше балаға ұмытылмас мереке сыйлауға ниетті емес пе? Айтпақшы, сөз арасында мұндай бір шоудың бағасы 10-15 мың теңгенің аралығында екенін білдік.

Баланың тілін табу оңай емес. Сөйте тұра, олардың қызық-қуанышына куә болуды да ешқандай игілікпен салыстыруға келмейді. Бұл пікірімізді қуаттаған жас кәсіпкер жұмысының рақаты да осында екенін айтады.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*