Басты бет » Тарих » Әжемнің әңгімесі немесе белгісіз батыр жайлы сыр

Әжемнің әңгімесі немесе белгісіз батыр жайлы сыр

«Кешегі қиындықты көп көрген әжелер мен бүгінгі кейбір немере-шөбере баққандардың тәлім-тәрбиедегі үлгісі жер мен көктей, — дейді қобдалық азамат Қарамолдин Ізбасар. — Әлі күнге дейін әжемнің майын тамыза айтатын әңгімелері есімнен кетпейді. Әсіресе, сенің атаң  белгісіз батыр болған-ды, білмейсің, оның да айтылар уақыты келеді дегені жадымда. Менің тегімнің Қарамолдинов болып өзгеруі сол кездегі саясатқа байланысты екен».

Бірде журналистік іссапармен Қобда ауданына барғанымда, жолсерігім осында қаладан ата-бабасының қонысына көшіп келіп, шаруа жасап жүрген жігіт бар деп Қырғыбаз деген жерге ат басын бұрды.

Қоңыр күз. Күн алабұлттанып, мезгілдің салқындау желі есіп, жайдары жаймашуақтың мейірімді кездерін еріксіз еске түсіре беретін шақ. Қыр басында жаңадан салынған екі үй. Одан жүз метрдей жерде ұзын қора мен одан жоғары жақта үйілген шөп шаруа иесінің тиянақтылығын танытқандай. Оның бергі жағындағы «Беларусь» тракторы мен тіркемесі, шөп шабатын техникасы да қаз-қатар қойылған.

Ауылға көліктің келгенін байқаған болуы керек, өзен жағасынан атты кісі  жеделдете жетті. «Жаңағы айтқан Ізбасар деген осы азамат» деп таныстырды серігім. Уақыт тығыз болғандықтан дереу шаруа жайын сұрастырдым. Бәрін лезде жайып салған ол «Дұрыстап түртіп ал, менің атым Ізбасар, фамилия Қарамолдинов. Бірақ мұның сыры ұзақ әңгіме» деп ой салды. Араға екі-үш жыл өткенде Ізбасармен қалада кездесіп қалдым да, баяғы айтқан тегің туралы әңгіменің түйінін тарқатсақ деп өтіндім. Бәрін басынан бастайын деген ол сәл ойланып барып, баяндауға кірісті.

—  Атамның шын тегі – Нұрмұханов, аты Сисекен болған. Мен мұны нағашы әжем Жібектен естігенде, неге өзгерген деп таңғалғанмын. «Кешегі дүрбелең заманға дейін атаң бай адам болған. Жекеменшігінде мың жылқыны ұстау анау-мынау адамның қолынан келмейді ғой. Бай болғанмен, рулы елге қарасқан, еңбегін жемеген, жетім-жесірге көмек берген. 1916 жылы қазақтарды әскерге алғанда Тауасар батырмен (Елеусін Сағындықовтың атасы) бірге патшалық саясатқа қарсы күрескен. Соңына алпыс сарбаз ерген. Бір шайқаста жарақат алған, оны елемей жүре берген. Ол — ірі денелі, қажырлы да қайратты, көзі от шашып тұратын адам. Кездескен кісі оның жанарына тура қарай алмайтын. Сендер революция деп жүрген жылдардан соң большевиктер елдегі  малдыларды тәркіледі, бермегенін тартып алды. Атаң мың жылқысын қарсылықсыз береді. Тіршілік көзі болған ауылдың жағдайы кете бастайды. Сонда атаң Жайықтың арғы бетіне өтіп кетіп, барымталап жылқы айдап келіп, аштықтан ауылды аман алып қалып жүреді. Бай-кедей деп бөлінетін заманда оған қырын қарайтындар көп болған. Ел ішіндегі ұрылар да күнкөріс үшін түрлі  әрекетке барса, олардан да жоқ-жітікке бөліп беруді талап еткен. Көнбесе дойыр қамшысымен айбынын көрсеткен. Он екі өрменің ұшындағы қорғасын тисе, қарсыласқанды бірден сұлатады екен.

Ауызы ала ағайын  Сисекен деген бай күн бермейді деп күндеген соң милиция дегендер соңына түскен. Содан үш рет туған жерден кетіп, үш рет қайтып келген. Біріншісі — 1927 жылы Ресейдің Ақбұлақ деген жағына қашып кетеді. Бірақ арасында ауылға түнделетіп бұйырғанын айдап келіп, аз да болса тоқшылық жасап отырған. Айтпақшы, атамда қару болған. Әжем солай дейтін-ді», — деп Ізбасар бір тыныс алып алды.

Шамалыдан соң әңгімесін жалғастырған ол: «Өткен ғасырдың 19-шы жылдары ақтар мен қызылдар бірінен соң бірі келіп ауылға күн бермеген, тонай бастаған. Халық кімге сенерін білмеген. Содан жол бойындағы шағын ауылды тоғай жанына апарып жасырған. Ауылдан бес қайратты жігітті іріктеп алып, көзге көрінер орман жанынан жертөле қаздырып, от жағып, қазан көтеріп «қонақтарын» күтеді. Мұны көрген жеті атты ақ әскері келіп, ат басын тірейді. Күтіп алып, қолға су құйып, үйге біртіндеп кіргізеді. Өзі жол бастайды. Ішіндегі офицері тоғайды тамашалап, сәл кідіреді. Жертөле екі бөлмелі, екі жерден киіз есік қойған. Соңғысына кіре бергенде, кеспекпен көк желкеден  дыбысын шығармай ұрып түсіреді. Содан  әлгілердің басшысын ішке кіргізбек болып, далаға шығады.

Көңілдене қарсы алып, «Құрметті қонақ болыңыз!» деп сыр білдірмей жол бастайды. Екінші киіз есікті ашып, бұрылыстағы кепек ағашты алып кіре бергенде маңдайдан бір ұрады. Анау сәл теңселе барып, қайрыла бергенде, екінші рет сілтейді. Ол тәлтіректеп барып атаңа ұмтыла түседі. Үшінші рет ұрып шаққа құлатады. Әлгілердің винтовка, бесатарларын алып, қарулы болған. Соңғы офицер атаң секілді жауырыны қақпақтай, бойы екі метрдей екен деп, әжем маған сынағандай көзбен қарап, сенің жанарыңда да от бар, атаңа ұқсағансың дейтін-ді. Әжем — Айдар кете, Әжібай бидің ұрпағы. Жарықтық әжемнің атын атамаушы едік, есімі Күнбала болатын. Бір аунап түссін деп еске алып отырмын. Ғұмырында бүкіл жетімді баққан ана еді. Көзі тостағандай, ажарлы кісі болған дейді көргендер» деп бір қайырды.

Мен Ізбасардың сөзін бөліп:

— Атаң үш рет келіп кетті деп едің. Екінші  рет қашан кеткендігін айтсаңшы, — дедім.

—  Қазір айтам. Ұмытпай тұрғанда тағы бір нәрсе есіме түсті. Атам аз ғана уақыт елде белгілі Құныскереймен де бірге жүрген. Бір күні милиция біткен соңына түскен соң ол атама «Сисекен! Сен өз жолыңмен жүр. Бандымен бірге болды деп өзіңе де, ауылыңа да қырсығы тиер» деген соң екеуі амалсыз қоштасқан. Екінші рет 1937 жылы Ресейге кеткен. Қуғын-сүргіннің нағыз қызған кезі. Елдегі белсенділер ауылда байдың ұрпағы жүр деген сөз белең ала бастағанда қайта бой жасырады. Бір жолы тосыннан милициялар келіп қалып, содан атам атын жетелеп, ауыл жанындағы қамысты көлге келіп, қарасуыққа тоңып,  су кеңірдегінен келіп тұрғанда, жылқы жарықтықтың да дауысын  шығармай, түн ауа сытылып кеткен. Әжем атаң туралы ел жүрегінде қалған әңгіме көп дейтін «Майлы кете болсаң, Сисекен ишандай бол» деп бекер айтылмаса керек. Алтай кетеде Әмірше деген ақын осылай деп жырлаған екен. Атаңның бір сөзі есімде, аштық жайлағанда, арпаның келдегіне зар болдық-ау. Кешегі заманда қойдың құйрығын итке тастаушы едік. Сонымыз бекер болған екен депті.

Әжемнің тағы бір айтқаны: көршілес елден он шақты жылқыны қуып әкетеді. Табынның соңында жүрген бес жігіттің ішіндегі қарулысы қарсы тұрады. Атаң дырау қамшысымен бір тартқан. Әлгі сол ұрғаннан соң атамның тақымында кетіп бара жатқанын біліп, түсіріп кет деп өтінген екен. Ақ Еділ мен Көк Еділге көп көштік деп отыратын.

1947 жылы бәрі басылған шығар деп Ойылға келеді. Бірақ белсенділер қашқын бай келді деп ұстап бермек болады. Үшінші рет сол жылы жалғыз сиырды арбаға жегіп, оны Ресейдің колхозына беріп, Чибинкадан бір шығады. Тоғыз жылдай тұрады. Күнбала әжеміз қайтады. 1957 жылы балаларым басқа ұлттың баласы болып кететін түрі бар деп елге қайтқан. Өзі өскен Саралжынға бармай, Қобда ауданындағы Жарықтың 3-бөлімшесіне  үш отбасымен келген. Ол кезде қазіргідей үй жоқ. Қотыр ат қамаған қораны баспана етеді. Жөндеп, тазартып алады. Әжем айтушы еді, Сисекен аталы сөз айтатын деп. Үнемі теріс пиғылды әңгімелерді тыйып отыратын. Үш үй бір қазанға ас салып, бір дастарқаннан дәм татқан. Неткен татулық, бірлік десеңізші. Бүгінде мұндай жағдай өте сирек қой. 1959 жылы дүниеден озады. Ел-халық арулап жерлейді. 2000 жылы күмбез салдық. Білетін жұрт көп көмегін берді. Өйткені атамның қадірін білетіндер баршылық еді. Ол кісі сегіз қырлы, бір сырлы болған. Ауру адамды емдейтін қасиеті бар. Қоңыр домбыраны қолға алып, толғанып ән де айтқан. Әжемнің айтуынша, оның тегі өшпесін деп менің тегімді Қарамолдинов деп жаздырған. Атымды Ізбасар қойған. Мен он екі жасымда жетім қалдым.

Осы әңгімелерді жеткізген нағашы әжем Жібек көп жәрдемдесті. Үнемі батыр жайлы айтып жігерлендіріп өсірді. Тағдырым шығар, талай қиындықты бастан өткердім. Төрт қарындасымды  жеткіздім. Оныншы кластан соң бір отар қой бақтым. Жиырма бес жасымда оқуға түстім. Күреспен шұғылданып спорт шебері атандым. Атам түсіме кіре беріп, мазамды алған соң оның ізі қалған Қырғыбазға көшіп келіп, заманға сай кәсіпке бет бұрдым. Бала-шағалымын. Батыр болып өссін деп біріне — Махамбет, екіншісіне  — Исатай есімін қойдым. Махамбетім Астанадан жоғары білім алған заңгер. Қазір қасымда жұмыс жасайды. Он алты жасында арлан қасқырды атып түсірді. Ал Исатай Ақтөбедегі университетте 2-курста оқиды. Ақындығы бар. Есімдерін тегін қоймаған екенмін».

Ізбасар орайы келгенде  «жолдасым Раушан қайын ене топырағынан дегендей, көзіме әжемді елестетеді. Жоғары білімді дәрігер, алты ауылдың денсаулығын қарайды. Әлі күнге дейін өз көлігімен сол ауылдарды аралап, берген антына сай қызмет жасауда» деді. «Солай әжем айтатын, мен белгісіз батырдың ұрпағымын» деп сыр ашқан Ізбасар көптен көкейімде бүгіп жүргенді жария етіп, бір шерім тарқады-ау  деп сәл күрсіне ойға кетті. Менің де көз алдыма тал бесігінің қасына немере-шөберелерін жинап алып, тәлімді әңгімесін ортаға салып отыратын кимешекті әжем елестеді.

Қайран әжелер-ай! Сендердің орындарың бөлек екен-ау…

 

Жақсылық АЙЖАНОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*