Басты бет » Басты жаңалықтар » Жарық дүние сыйлаған

Жарық дүние сыйлаған

Көпбалалы отбасы — береке-бірліктің үйлескен жері. Ақтөбе қаласында тұратын Шәмсия Қарабаева 7 баласына жарық дүние сыйлады. «Алтын алқа» иегері жолдасы Сүтемген Қарабаевпен 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 60 жыл отасқан үлгілі отбасы 7 баласынан өрбіген 20-ға жуық немере мен 4 шөбересінің қызығын көріп отыр.

— 1995 жылы Әйтеке би ауданынан Ақтөбе қаласына қоныс аудардық. Анамыз тұңғышын 19 жасында дүниеге әкелген.  Барлық балаларының тиісті білім алуына жағдай жасап, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеп өсірді. Зейнеткерлік жасқа дейін сатушы болып қызмет етті. Әрине, бала тәрбиесін бірінші кезекке қойып, үй шаруасында болды. Ал әкеміз 40 жылдай мектепте ұстаздық еткен жан. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгенін, сол кезеңнің өзіндік қиындықтары болғанын да үнемі әңгімелеп, айтып отырады, — дейді қыздары Марфуға Қарасаева.

Алтын құрсақ ананың тұңғышы Мағауия теміржол саласында, екінші ұлы Медғат «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында, Талғат Алматы қаласында полиция қызметкері болып жұмыс жасайды. Ал қыздары Марина мен Мәрзия жеке кәсіппен айналысса, Марфуға Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. Кенжесі Гүлнар да көпбалалы ана атанды. — Біздің әулет 8 наурыз мерекесін асыға күтеміз. Ақ жаулықты анамызды шуақты мерекесімен құттықтап, барлық бауырлармызбен бір дастарқанның басына жиналамыз. Әр баланың ата-анасы мақтанышы. Негізінде көп нәрсе тәрбиеге байланысты. Әсіресе, қыз балаға тән қасиеттерді анам үнемі айтып отыратын. Бүгінде осы ата-анамның тәрбиесімен бір шаңыраққа келін болып отырмын. Қазір келіншектердің көпшілігі бала бағудың жауапкершілігінен қашып жатады. Менің ойымша, әр баланың өз несібесі бар, — дейді Марфуға. Ақтөбелік «Алтын алқа» иегері Гүлжан Иманова да 7 баланы өмірге әкелді. Көпбалалы ана уақытын бала тәрбиесіне арнап, саналы тәрбие беріп өсірген. — 5 қыз, 2 ұл дүниеге әкелдім. 2011 жылы Ойыл ауданының Саралжын ауылынан қалаға көшіп келдік. Балаларымның төртеуі ұстаздық жолды таңдады. Ана атанып, ұрпақ тәрбиелеу менің міндетім болса да, мемлекет тарапынан «Алтын алқа» тағынып, құрметке бөленіп отырғаныма ризамын.

Балаларымның әрқайсысы елдің өркендеуіне өз үлесін қосатынына сенімдімін.Әр отбасы — өзінше бір мемлекет. Ата-ана алдымен ата-аналық парызды, міндетті түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуі тиіс. Егер ата-ана өз парызын дұрыс орындаса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Көпбалалы анаға берілетін  жәрдемақы алып тұрдым. Мерекелік шаралардан қалдырмай шақырып, құрмет көрсетіп тұратын қала әкімдігіне ризашылығымды білдіремін. Барша аналарды, қыз-келіншектерді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтаймын, — дейді алтын құрсақты ана. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес көпбалалы аналардың бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында оқитын балалары бар көпбалалы отбасылар, балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар оқу орнын бітіретін уақытқа дейін әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Алтын алқамен» — жеті, «Күміс алқамен» алты бала туған және тәрбиелеген аналар марапатталады.  

P.S. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында 7686 көпбалалы ана тұрады. Оның ішінде 1250-і «Алтын алқа» иегері болса, 1702-сі — «Күміс алқа» және  259-ы — «Батыр ана» атағының иегері. Сондай-ақ 1, 2, 3-дәрежелі «Ана даңқы» орденімен 291 ана марапатталған. Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*