Басты бет » Басты жаңалықтар » Екі апта ішінде көмекке мұқтаж әрбір тұрғынның әлеуметтік жағдайына сараптама жасалады

Екі апта ішінде көмекке мұқтаж әрбір тұрғынның әлеуметтік жағдайына сараптама жасалады

Дүйсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019 жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша болжамды көрсеткіштері қаралды.

— Есепті кезең ішінде әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика күтіліп отыр, — деді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева.

Өңдеу өнеркәсібінің өсімі — 5,9 пайыз, инвестиция 10,7 пайыз құрайды деп болжанып отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 18,4 миллиард теңгені (103,9 пайыз) құрайды. Құрылыс жұмыстарының өсімі 5 пайыз деңгейде болады деп күтілуде. Осы жылдың тек екі айы ішінде 87,7 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілетіндігі болжанып отыр.  Жергілікті бюджетке 20,8 миллиард теңге кіріс түскен, бұл жоспардан 25,6 пайыз көп.

— Облыс көрсеткіштері өте жоғары. Бұл, әрине, бірлескен жұмыстың нәтижесі. Қазір бізге қарқынды бәсеңдетуге болмайды, — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Сонымен бірге өңір басшысы облыстық басқарма басшыларына, аудандар мен Ақтөбе қаласы әкімдеріне инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Бұдан басқа, жиын кезінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

— Биыл аталған бағдарлама аясында 34 мыңнан аса нәтижелі жұмыспен қамтылғандарды, жұмыссыздар мен аз қамтылған азаматтарды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр, — деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.

Биылғы 1 наурыздағы ахуал бойынша шамамен 6 мың адам жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылған. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 1085 адам арнайы-орта білім алуды бастайды, кейін олар жұмысқа орналастырылмақ. Бағдарлама аясында қала мен ауылдардағы бизнес бастаманы шағын несиелеу жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Осы жылы 1048 ақтөбелік бизнес ашып, оны дамыту үшін жалпы сомасы 5 миллиард теңге көлемінде шағын несие алады.

Облыс әкімі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының тиімділігін, сонымен қатар әлеуметтік көмекті ұлғайту үшін екі апта ішінде облыстың көмекке мұқтаж әрбір тұрғынының әлеуметтік жағдайының сараптамасын жасап, аяқтауды тапсырды.

— Бәрі де жан-жақты есеп жүргізуден басталады. Егер есепті тәртіпке келтірмесек, ақша далаға кетеді. Әрбір әкім, әсіресе ауыл әкімі нақты кіммен жұмыс істеп отырғанын, қалай жұмыс істеу керектігін, нақты қандай жәрдем көрсету қажет екенін білуі керек. Ол масылдық психология туғызбай, әр адамның немесе отбасының аяғынан тұрып, кәсіп қылуына,  жұмысқа орналасып, толыққанды еңбек адамына айналуына  жәрдемдесетін болуы тиіс. Біз Мемлекет басшысының азаматтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын көтеру жөніндегі тапсырмасын тек сонда ғана тиімді орындай аламыз», — деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*