Басты бет » Жаңалықтар » Ардагер ұстазбен әңгіме

Ардагер ұстазбен әңгіме

1 наурыз — Алғыс айту күніне орай қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова мен Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегенов қала тұрғыны, ардагер ұстаз Қамалхан Қуанұлын құттықтап, арнайы үйіне барды.

Еліміздің білім беру саласына үлес қосқан ардагерге қала әкімі Ілияс Испановтың атынан алғыс білдіріп, тәтті толы себет сыйға тартты.

Дастарқан барысында Күлпаршын Айдарханова:

— Құрметті Қамалхан Қуанұлы, сіздің еліміздің білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еткен еңбегіңіз ешқашан ұмытылмайды. Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отырған жаңа жасыңыз құтты болсын. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, әдемі қарттық ғұмыр тілеймін, — деді.

Жасы сексеннің төртіне келген Қамалхан Қуанұлы 1935 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1953 жылы Ақтөбе қаласындағы №6 қазақ орта мектебін бітіріп, 1954-1955 жылдары Ойыл ауданы, Саралжын совхозында әуелі шопан болып, кейін егіс даласында жұмыс істеп, тың игеруге қатысқан.

1955 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, аяқтаған соң жолдама бойынша Жамбыл облысы Луговой ауданындағы мектепке жіберіледі.

Кейін Қандыағаш қаласындағы мектептерде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.

30 жыл мектеп басқарған Қамалхан Қуанұлы 1988-1991 жылдар аралығында Октябрь мұнай-газ басқармасында партком хатшысы, кейіннен бұрғылау басқармасында қызмет атқарады. Бұдан өзге, Мұғалжар аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты болған.

Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері Қамалхан Қуанұлы — бүгінгі таңда облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан құрылған ақпараттық кеңес тобының, сондай-ақ қалалық мәдениет бөлімінің жанынан құрылған «Атамекен» ардагер аталар ансамблінің мүшесі.

Мереке күні елі үшін еткен еңбегін ескеріп, шаңырағына арнайы құттықтап барған қала басшылығына ризалығын білдірген Қамалхан ағай жауапкершілігі мол қызметтеріне табыс тілеп, ақ батасын берді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*