Басты бет » Әлеумет » Мұқтаж отбасыға 3 бөлмелі пәтер берілді

Мұқтаж отбасыға 3 бөлмелі пәтер берілді

Биыл облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен «Зекет» қорының  Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі бірлесіп «Ел үлесі пәтерге» жобасын іске қосты. Шараның мақсаты —  ауыл-аудандардағы мұқтаж отбасыларға баспана алып беру.

Кеше алғашқы баспананың кілтін өкіл имам Төлеби Оспан Ембі қаласындағы Әділбек Рахметалинге табыстады. Ол —  ІІІ топтағы мүгедек. Бір ұл, екі қызы бар. Бұған дейін Әділбек Ембі қаласында саманнан тұрғызылған 2 бөлмелі үйде тұрып келген. Үй ескі болғандықтан газ кіргізе алмапты. Мұқтаж отбасы Ембі қаласы әкімдігінің ұсынуымен таңдалды. Шараға Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай, «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Әлішер Садық және ауыл үлкендері мен ембілік тұрғындар қатысты.

Жамағаттың қолдауының арқасында алғашқы баспананы Ембі қаласынан алып бердік. Мақсатымызға жеткенімізге қуанып тұрмыз. Көмек қолын созған барша азаматтарға алғысымыз шексіз, —  деді облыстың бас имамы Төлеби Оспан.

Қаражат мешіттерде жәрмеңкелер өткізу арқылы жиналған. Тең жартысын Ембі қалалық «Нұр» мешітінің жамағаты жинаса, қалған бөлігін «Нұр Ғасыр» мешіті, Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешіті, «Бақытжан» мешіті, Ақтөбе қалалық мешіті және «Досжан хазірет» мешіті жәрмеңке өткізу арқылы жинап берген.

Баспаналы болған отбасы  көмек көрсеткен барша жандарға ризашылығын білдірді. Имамдар жыл соңына дейін облыстағы 12 ауданнан 12 баспана алып беруді жоспарлап отыр. Мешіттерге арнайы жәшіктер қойылған. Жұма және мереке күндері жәрмеңкелер өткізіледі. Бұдан бөлек арнайы каспий голдтан есеп шот ашылды. Мұқтаждарға баспана алып беруге көмек көрсеткісі келетін жаны жомарт жандар мына есеп-шотқа қаражат аударуына болады. Kaspi Gold есеп-шоты: 5169493106731295 (қор қызметкері Кенжегүл Қошқарова атынан ашылған).

 «Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*