Басты бет » Ауыл » Жас кәсіпкердің жоспары

Жас кәсіпкердің жоспары

Әйтеке би ауданы — облыстағы егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып келе жатқан аудандардың бірі. Өткен жылы ауданда бірқатар кәсіпкерлер өз шаруашылығын ашып, кәсібін бастаған. Солардың бірі — жас кәсіпкер Асхат Назықов.  

Жас кәсіпкер өткен жылы мамыр айында шаруа қожалығын ашып, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 7 жылға 4 пайызбен 12 млн теңге несие алған. Биылғы жылы шаруа Ресейден асылтұқымды ірі қара әкелуді жоспарлап отыр.

— Мал басын көбейтіп, шаруашылықты ашуды осыдан 7-8 жыл бұрын жоспарлаған едім. Алайда істің сәті түспей, бірнеше жыл жеке кәсіпкерлікпен айналыстым. Өткен жылы  Ауыл шаруашылығын қолдау қорының қолдауымен «Наз-Мырза» шаруа қожалығын аштым. Қазіргі таңда шаруашылықта аздаған малым бар. Алдағы уақытта көршілес Ресейден асылтұқымды ірі қара әкелуді жоспарлап отырмын. Өткен жылы ауыл ішінен шөп шабуға екі «МТЗ-80» тракторын, сондай-ақ, басқа да шөп шабатын техникаларды сатып алдым. Сонымен қатар 2200 гектар жайылымдық жеріміз бар. Аудан орталығынан 80-90 шақырым қашықтықта орналасқан Сарат ауылының маңындағы Қырыққұдық деген жерде мал ұстайтын базымыз бен қыстауымыз және бар. Көктемде баз бен бақташыларға арналған үйге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, — дейді А.Назықов.

Жас кәсіпкер алдағы уақытта ірі қара санын көбейтіп, шаруашылықты ет бағытында дамытқысы келетінін айтады. Сондай-ақ техника санын көбейтіп, малына жем-шөп әзірлеуді қолға алмақ.

— Бір айта кететін жайт, көктем, күз айларында Қырыққұдықтан аудан орталығына баруымыз қиын. Себебі жаңбыр, қар суынан жер балшық болып, жол қатынасы қиындайды. Сондай-ақ қыста ауа райының қолайсыздығынан кейде жол қатынасы болмайды. Сондықтан алдағы уақытта жергілікті билік аудан орталығы мен Сарат ауылдық округі арасындағы жолды жөндесе деген ұсыныс-тілегіміз бар. Жол жақсы болса, біз сияқты шаруаларға жұмыс жасау тиімді. Ең негізгісі, базымызда су, жарық бар. Енді жол мәселесі шешімін тапса, жақсы болар еді, — дейді шаруа.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*