Басты бет » Ауыл » Шаруа қожалығы: малды да көбейтті, бау-бақша да өсірді

Шаруа қожалығы: малды да көбейтті, бау-бақша да өсірді

Бүгінгі күні Ырғыз ауданы Нұра ауылдық округінде 27 шаруа қожалығы бар. Олар ауылдарда мал және балық шаруашылығын дамытып отыр. Өткен жылы округте жаңадан 1 кооператив, 4 шаруа қожалығы ашылған. Сонымен қатар былтыр «Бастау бизнес» жобасы бойынша екі кәсіпкер жалпы мөлшері 10 млн теңгеге несие алып, ірі қара сатып алған.

Нұра ауылдық округінің әкімі Жолаушыбай Төлебайдың айтуынша, биылғы жылы округте 4 жеке кәсіпкер «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқу курсын аяқтап, өз кәсібін бастамақ. Сонымен қатар ауылдың екі тұрғыны шаруа қожалығын ашуды жоспарлап отыр.

  • Биыл округтегі бірқатар шаруалар Қармақкөл, Шолақкөл, Үлкен Жаркөл, Кіші Жаркөл, Байтақкөл, тағы басқа көлдерді жалға алып, балық шаруашылығын дамытуды қолға алып жатыр. Сонымен қатар өткен жылы құрылған «Темірлан» өндірістік кооперативі Бөкен су айдынын жалға алып, балық шаруашылығымен айналысуда. Округ бойынша бие сауып, қымыз өндіріп жатқан шаруашылықтар да бар. Жалпы соңғы жылдары округте мал шаруашылығымен айналысып, өз кәсібін дамытып жатқан шаруалар көп, — дейді Ж.Төлебай.

Өткен жылы Нұра ауылдық округінде «Бек-Нұр», «Манарбек», «К-Есбол», «Дәуренбек» шаруа қожалықтары жаңадан құрылған. Оның ішінде «Дәуренбек» және «Бек-Нұр» шаруашылықтары мемлекеттен несие алып, ірі қара малын сатып алған.

«Дәуренбек» шаруа қожалығының басшысы Саламат Қоқымбайдың айтуынша, жыл өткен сайын елді мекендерде атакәсіпті жалғастырып, төрт түліктен ризық-несібе айырған шаруалар көбейіп келеді. Әсіресе, Нұра ауылында мал шаруашылығын ет бағытында дамытып жатқан шаруалар жетерлік.

— Мен де өткен жылы мал шаруашылығын қолға алып, «Бастау бизнес» жобасы аясында аграрлық-несие серіктестігі арқылы 6 миллион теңге несие алып, 30 ірі қара сатып алдым. Бүгінде қарамағында 2-3 адам жұмыс жасайды. 350 гектар жайылымдық жеріміз, қожалықта қыстауымыз бар. Биылғы жылы мал басын көбейтсек, келер жылы жаңадан баз салуды жоспарлап отырмыз. Техникаларымызды да жаңартуымыз керек. Қаржы жағынан қолдау болса, алға қойған жоспар көп, — дейді шаруа.

Саламат Қоқымбай Нұра ауылында 10-15 жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысып келеді. Жыл сайын алған өнімін облыс, аудан орталығындағы сауда орындарына апарып, сатады. Өткен жылы шаруа қауын-қарбыз, картоп, қызанақ, қияр өсіріп, жақсы өнім алыпты. Шөп шабатын техникалары да бар. Былтыр шаруа 50-60 машина шөп жинап, ауыл тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз еткен. Алдағы уақытта Саламат Қоқымбай ауылда бау-бақшамен қатар мал шаруашылығын дамытуды көздейді.

  • Мен кішкентайымнан әкеммен бірге мал бағып, шөп шаптым. Шаруаның жайын жақсы білемін деп айта аламын. Сондықтан шаруаның қай түрін болса да алып кету маған қиындық тудырмайды. Ең бастысы, мемлекеттен біз сияқты шаруаларға қолдау болса дейміз. Бүгінде еңбекқор, өз ісіңе адал болсаң, жетістікке қол жеткізуге болады. Ауылдық жерлерде шаруаларға қолдау көрсетілсе, мал, егін, бау-бақша шаруашылығымен айналысқысы келетіндер аз емес, — дейді ол.

Отбасында үш бала өсіріп, тәрбиелеп отырған шаруа бүгінде балаларын мал бағуға, бау-бақша өсіруге үйретіп жүр.

Оның айтуынша, кез келген ауыл баласы малдың жайын жақсы білуі тиіс. Сондай-ақ атакәсіпті дамытуға өз үлесін қосуы керек.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*