Басты бет » Ақтөбе — 95 » Редактор жолы

Редактор жолы

Қазақ журналистикасының ардагері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның құрметті журналисі Нұрқайыр Телеуов 90 жасқа толды. Өткен ғасырдың алпысыншы-тоқсаныншы жылдары облыстық газетке редактор ретінде қол қойған ардагер журналистің саналы ғұмыры осы саламен байланысты.

… Батыс Қазақстан облысында өмірге келген Нұрқайыр Телеуов бала кезінен оқу-білімге құмар болды. Сонау қырқыншы жылдары екінші дүниежүзілік соғыстан бастап ел басына түскен нәубеттерді халықпен бірге көтерген балаң жігіт бір сәт те кітаптан қол үзбегенін айтады. Соғыстың сұрапыл кезінде он бес жастағы жігіт ауыл мектебінде сабақ берді. Жеті жылдық мектепті, педагогикалық училищені бітіріп, Батыс Қазақстан облысындағы Әлімбек ауылындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бергені, кейін С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдағаны — оны журналистикаға әкелген жолы болды.

1962 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Гурьев облыстары біріктіріліп, Батыс Қазақстан өлкесі құрылған болатын. Орталығы болып Ақтөбе қаласы бекітілді.  Жаңа аймақтың құрылуымен бірге әр саладағы мамандар бір жерге топтастырыла бастады, олардың қатарында Нұрқайыр Телеуов те болған еді.

Өлкелік партия комитеті облыстық газеттің редакторлығына бекітті. Осы аралықта ол журналистиканың барлық сатыларынан өтті: тілші, бөлім меңгерушісі де болды, облыстық комсомол комитетіндегі қазақ және орыс тілдерінде шығарылатын «Үгітші блокноты» газетінде редактор болды, партия комитетінің баспасөз жөніндегі бөлімінің нұсқаушысы да болды, облыстық телерадиокомитетте жұмыс істеді. Сол кездегі «Коммунизм жолы» газетіне басшы болып келген журналист осы жерде ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Облыстық газет «Құрмет белгісі» орденімен (1971 жыл) марапатталды, үш рет (1970, 1973 және 1983 жылдары) КСРО Халық шаруашылығы көрмесінің жеңімпазы атанды, КСРО Журналистер одағы мен «Журналист» журналының бірінші дәрежелі сыйлығымен марапатталды.

Н.Телеуов өткен жылдарды сағынышпен, ерекше ықыласпен еске алады.

— Ол кездері цензура өте қатал болды. Қатал болғанымен, біз соның ретін келтіріп, сын материалдар жарияладық. Ол уақытта газет аптасына бес рет шығатын еді. Сол кезде айына кемінде газеттің екі бетін сын материалдарға, ауылдағы оқырманның мұң-мұқтажына, өтініштері мен ұсыныстарына арнайтын едік. Ол кездері сын материалдар аяқсыз қалмайтын, оларға міндетті түрде жауап беру керек болатын. Сын материалдар партияның бақылауында болды. Біздің газетте жарияланған мақалалар бойынша партияның өлкелік комитетінің бюросында мәселелер көтерілген кездер болды. Аудандарда жұмыс істеген штаттан тыс тілшілеріміз ауылдағы жайды, ауылдағы елдің мұң-мұқтажын назардан тыс қалдырмайтын.

Оған қоса облыстық баспасөзде құпияны сақтау деген шағын орган жұмыс істеді. Оны марқұм Ера Қанафина апай басқарды. Қарауында екі-үш адам болды. Әлі есімде, сол мамандар баспаханаға барып, басылып жатқан газетті қарап, артық кетіп бара жатқан материалдар болса, дереу бізге хабарласатын. Өзара талқылаудан кейін кейде ол материал алынып тасталады, кейде сол күйінде кетіп жатады. Бұл біздің заманның шындығы еді. Қазір цензура жоқ, өткір жазуға мүмкіншілік бар, дегенмен сауатты журналист фактіден ауытқымай, арзан дүнилерге жоламай, фактілерді саясаттандырмай, оқырманға қажет нәрселерді жазуы керек деп ойлаймын, — дейді Н.Телеуов.

Кезінде облыстық «Коммунизм жолы» газетінің Шалқар ауданындағы меншікті тілшісі болып еңбек еткен ардагер журналист Жаңғабыл Қабақбаев былай дейді: «Сегіз жыл меншікті тілші қызметі өзіме көп жайды ұқтырды. Әсіресе, редактор Телеуовтің сауаттылығы, талапшылдығы, ұдайы ізденісте жүретіні, ұжымды ортақ шаруаға жұмылдыра білуі нәтижесінде «Коммунизм жолының» беделі нығайып, таралымы жылдан-жылға көбейді. Редакция көптеген әріптестерімізді тәрбиелеп, ұядан ұшырды. Журналистикада және әдебиетте танымал ондаған адамдарды тәрбиелеген ұстаз Телеуовтің өзіне тән қасиеті – қандай жағдайда да орнықты қалпынан ауытқымай жан-жақты сараптама жасайтыны…» — дейді ол.

Облыстық газетте еңбек ете жүріп, Н.Телеуов Қазақстанның Журналистер одағының Ақтөбе облыстық ұйымын басқарды. Сол жылдары журналистерді оқыту, біліктілігін арттыруға бағытталған семинарлар, оқулар жиі ұйымдастырылды.

Ардагер қаламгерлердің айтуынша, сол жылдар Ақтөбе журналистикасы мектебінің іргесі қалыптасқан кезең болды. Бұл туралы облыстық газетте еңбек еткен ардагер журналист Кәдірбай Бекмағамбетов былай дейді: «Облыстық газет сол жылдары өзінің ерекше бет-бейнесін жасады, онда оқырманға шын қажет дүниелер жарияланды. Бір ғана мысал: газетте тұрақты түрде жарияланып тұрған «Малшының мың бір мұқтажы» айдарында тек малшылардың ғана емес, ауыл еңбеккерлерінің мұң-мұқтажы, тыныс-тіршілігі туралы мақалалар шығатын еді. Мұны облыстық партия комитеті де қолдап, бұл бастамаға қатысты арнайы қаулы қабылданды. Әлі есімде, жоғары партия мектебіне білім жетілдіруге барғанымда, біздің өзге өңірлердегі әріптестеріміз де «Малшының мың бір мұқтажы» айдары туралы хабардар екендігін айтып, халықпен бірге болған газетке ризашылықтарын білдірді», — дейді К.Бекмағамбетов. Ардагер журналистердің айтуынша, Н.Телеуов газет пен оқырманды біртұтас дүние деп қарады, газетті барынша қарапайым бұқараға жақын етуге тырысты. Оған сексенінші жылдары облыстық басылым тиражының 40 мыңға жеткенінің өзі айқын дәлел бола алады…

Ол зейнетке шыққаннан кейін де қатарда жүрді: 2009-2014 жылдары Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдардың «Бірлік» кеңесіне жетекшілік етті, кейін төраға орынбасары ретінде жұмыс істеді.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*