Басты бет » Мәдениет » Үш премьера: спектакльдің санына сапасы сай ма?

Үш премьера: спектакльдің санына сапасы сай ма?

Ақтөбелік театр сүйер қауым үшін ақпан айы жаңалыққа толы болды. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры бірнеше спектакльді ұсынып, осылайша, көптен бері премьераға сусап қалған көрерменді елең еткізді. Ал қойылымдардың сапасы санына сай ма, бұған төмендегі материалымызда тоқталмақпыз.

«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…»

Тірі болғанда биыл 88 жасты еңсеретін қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күнін әдетте мәдениет мекемелері ескерусіз қалдырмайды. Ахтанов атындағы театрдың қазақ труппасы 9 ақпанда сол әдемі үрдістен қалыс қалмай, жыр жүйрігінің есімімен аттас перформанстың премьерасын ұйымдастырды. Біртуар қаламгердің шығармашылығына арналған спектакльде бас-аяғы 8 жас актер — Қадір Құттыбаев, Бағдат Телеуғалиев, Рахат Төрежанов, Нұрсұлтан Есет, Серік Қонысбаев, Дархан Дәулетияр, Бекжан Хайруллин мен Әсила Төреғалиева оның әр жылдары жазылған өлеңдерінен үзінділер оқып, сөздеріне жазылған әндерді орындады. Басты ерекшелік — туған күн иесінің күнделігінде жазылған ой-толғамдарына баса мән беріліпті. Сахнадан автордың жан жалғыздығы, адамдар арасындағы алауыздық, көреалмаушылық туралы қағазға түсірген шер-мұңы естілді… Төрге «мұзбалақ ақынның» портреттерінің ілініп, әр тұстан майшамдардың жағылуы, залдан қоңыр әуеннің әлсін-әлсін берілуі де көрерменге ерекше әсер қалдырғаны даусыз. Қоюшы режиссері Мейрам Хабибуллин болса, ал суретпен көркемдеген — Абылайхан Аманжол.

Бір күнде екі рет сахналанған спектакль екеуінде де аншлагпен өткенін ескерсек, жыл басталғалы алғашқы премьераны көрермендердің көптен күткенін байқауға болады. Тек «Мұқағали» перформансында өзге ақынның өлеңдерінің оқылуы қазақ поэзиясынан хабардар жұртшылыққа жайсыз тигені рас… Репертуарға еніп, жыл бойы ұсынылатын қойылымдағы осы бір олқылық түзетіледі деген ойдамыз.

Ерекше жанр — перформанс сөзінің ағылшын тілінен енген термин екенін, «қойылым», «көркемдік шығарманы орындау» дегенді білдіретінін айта кетейік. Яғни театрда, болмаса басқа жерде әртістердің ән, би, поэзия, актерлік ойын, т.б. кірістіріп, жан-жақты өнер көрсетуін әлгіндей жанрға жатқызады.

Ене мен келін арасындағы дау — ескірмейтін тақырып

Қазақ көрерменіне бұрыннан жақсы таныс, еліміздің жетекші театрларында сахналанған «Келіндер көтерілісі» комедиясы Ақтөбеде де қойылды. 15-19 ақпан, яғни 5 күн қатарынан аншлагпен өткен спектакльдің авторы — Өзбекстанның халық жазушысы Саид Ахмад. Қазақ тіліне аударған — Асқар Сүлейменов. Спектакльде басты рөлді ойнау үшін Алматыдан арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, жерлесіміз Лидия Кәденованы театрға жиналған жұртшылық жылы қабылдады.

Мейрам Хабибуллиннің режиссерлік етуімен қойылған спектакльдің мазмұнына қысқаша тоқталсақ, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, бір отбасының хикаясы көңілді көріністерге құрылған. Басты кейіпкер Фармон бибі (Лидия Кәденова) 7 ұлдан 41 немере сүйіп отырған, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын адуын ене. Бұған бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан 7 бала мен 6 келін әлдеқашан көнген. Бірақ мұндай тірлікке оның кенже баласына жақында тұрмысқа шыққан кіші келіні Нигора көз жұма қарағысы келмей, түрлі әрекеттерге барады. Актерлер арасындағы қызықты диалогтарға, ән мен биге құрылған қойылымның соңында отанасы өз қателігін түсініп, жастарға еркіндік береді… Фармон бибі мен 7 бала һәм келін ақыры бөлек шыға ма, әлде «қарашаңырақта» қала ма, комедияның қалай аяқталатынын көрермен қауым өзі барып көре жатар… Тек басты рөлді — ананы алдағы уақытта «Құрмет» орденінің иегері, ақтөбеліктерге жақсы таныс Бақыт Айтованың ойнайтынын айта кетсек дейміз.

Спектакльде жарқырай өнер көрсеткен үлкен әулеттің өкілдері — Фармон бибінің ұлдары Мамур (актер Қадір Құттыбаев), кенжесі Тухта (жас актер Рахат Төрежанов) мен Сатты келінді (актриса Айгүл Оразалина) айтпай кетуге болмайды.

Қазіргі уақытта ата-енесімен бірге тұратын жастардың азайған уақытында «Келіндер көтерілісі» спектаклінің көтерген тақырыбы өзекті ме, бұл — көрермендердің еншісіне қалған сұрақ. Әйтпесе, труппадағылар ене мен келін арасындағы келіспеушіліктің қай кезде де өзектілігін жоймайтынын алға тартады…

Биыл жоспар бойынша Ахтанов атындағы театрда «Мөлдір махаббат», «Шәмші» спектакльдері сахналанғалы отыр.

Махаббат машақаты  

27 ақпан күні ресейлік танымал сықақшы Михаил Задорновтың «До слез…или продайте мужа» комедиясының премьерасы өтті. Жоғарыда аталған автордың «Последняя попытка» атты пьесасының оқиға желісі көпшілікке бұрыннан таныс болуы керек. Өйткені сол бойынша түсірілген «Хочу вашего мужа» фильмі (режиссері Сергей Никоненко) өткен ғасырда үлкен экранға жол тартқан еді.

…Отбасылық өмірдің 20 жылдығын атап өткелі отырған ерлі-зайыптының арасына кенеттен бойжеткен түседі. Қызық болғанда көңілдесінің үйіне келген қыз Елена Владимировнаға барлығын жайып салып, артынша «Күйеуіңізді сатыңызшы…» деп қиылады. Қыруар қаржы ұсынған ашына жігіт ағасын шынымен сүйетінін, ол үшін кез келген соманы беруге дайын екенін айта жөнеледі… Екі әйелдің арасындағы әңгіме қыза бастағанда, отағасының үйге келе қалмасы бар ма? Қаншама жыл отасқан жары сатқындықты кешіре ме? Ең бастысы — «басты қаһарман» қайсысын таңдайды? Оқиғаның немен аяқталатынын білгіңіз келсе, театрға қарай асығыңыз! Спектакльдің қоюшы режиссері — Нұрхан Кәдірбаев. Ал басты рөлдерді ҚР Мәдениет саласының үздігі Ольга Павлова (әйелі Елена Владимировна), Руфина Ибрагимова-Кылосова (жас қыз Оксана) және ҚР Мәдениет саласының үздігі Уәлихан Кенжебаев (күйеуі Андрей) ойнайды.

Сахнада күйеуінің опасыздығын бастан кешіретін Еленаны — басты рөлді ойнайтын актрисаны әңгімеге тартқанымызда:

— Бұл қойылым ең әуелі махаббат туралы сыр шертеді. Материалдық игіліктер алға озып, шынайы сезімдер солғын тартқан уақытта мұндай дүниені жасап шығару, оны көрерменге өз деңгейінде ұсыну оңай емес. Дайындық жұмыстарына шамамен 2 айдай уақыт кетті.

Осыдан 20 жыл бұрын дәл осы спектакль Алматыдағы Лермонтов атындағы театрда қойылғанда, өзім ойнаған едім. Ол кезде жас қыздың рөлі бұйырды… Енді, міне, арада ширек ғасырдай уақыт өткенде, алдымнан қайта шықты. Тек рөл мен уақыт өзгерді. Сондықтан мен үшін бұл қойылымның орны бөлек. Және пьесаның жарыққа шыққанына қанша жыл өтсе де, оның көрерменге қызықты болатынына күмәнім жоқ. Өйткені махаббат пен оның айналасындағы түрлі қиындықтар — мәңгілік тақырып, — дейді Ольга Павлова.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*