Басты бет » Басты жаңалықтар » Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі

Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі

Астанада Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төр­аға­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаты­суымен партияның кезекті XVIII съезі өтті. Еліміздегі ең ірі саяси ұйым­ның құрылғанына 20 жыл толуы­на орай ұйымдастырылған кезек­ті съезд партияның 2030 жыл­ға дейінгі «Бақуатты қоғам: он­жылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдар­ламасының қабылдануымен айшықталды. Аталған құжатта Елба­сының елімізді жан-жақты жаң­ғырту бағдарламасын жүзеге асыруға партияның қосатын нақты үлесі мен жұмысы көрсетілген. Осы үлкен белесті бағындырар жол­да партияның Саяси Кеңесі мен Бю­росының құрамы жаңартылып, партия жарғысына кейбір нормаларды енгізу арқылы, ең алдымен, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты партияның мемлекеттік тілдегі атауында латын әріптері қолданылатын болды. Съезд тізгінін ұстаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орын­басары Мәулен Әшімбаев ал­ғашқы сөзді Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсын­ды.

Құрметті делегаттар және съезд қонақтары!

Қадірлі партияластар!

Баршаңызды «Нұр Отан» партия­сының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 1999 жылғы 1 наурыз егемен еліміздің жылнамасына партиямыздың негізі қаланған күн ретінде енді. Тарих өлшемімен қарағанда бұл — көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дәуірге пара-пар. Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті. Тә­уелсіздігімізді нығайтып, мықты мем­­лекет құру үшін бізге батыл әрі маңыз­ды реформалар жасау керек болды. Әйт­песе, өркениет жолына бастайтын әлем­дік даму көшінен қалып қоятын едік. Осын­дай ұлы мақсатты көздеген «Нұр Отан» партиясы халықтың сенімін ақтап, ор­нықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ете­тін бірден-бір саяси күшке айналды. Сын­дарлы жылдарда жанымнан табылып, биік белестерді бағындыруға атсалысқан партияластарыма алғысымды білдіремін. Мен бүгін өздеріңізбен бірге атқарған жұмысымызды қорытындылап, болашақ бағдарымыз туралы ой бөліссем деймін.

Ең алдымен, қол жеткізген же­тіс­­тік­терімізді айшықтайтын нақты фак­тілерге тоқталайын. Еліміздің эконо­­ми­касы айтарлықтай өсті. Сыртқы сауда айналымының көлемі 9 есе­ден астам артты. Қазақстанға шетел­ден 320 миллиард дол­ларға жуық тіке­лей инвестиция тар­тылды. Азамат­тары­мыздың кірісін 16 есе кө­бейттік. 141 миллион шаршы метр­ден астам тұр­ғын үй салынды. Бүкіл елі­мізде әлеу­меттік маңызы зор жаңа инфра­құрылым нысандары бой көтерді. 1 400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулатория­лар, 2 865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылды. Мұның бәрі — бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. «Нұр Отан» мемлекеттік ма­ңызы бар шешімдер қабылдауға ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін ақтап келеді, деп атап өткен Мемлекет басшысы жаңа уақыт алдымыздан жаңа сын-қатерлерді тартып отырғанын, әлем перманентті турбуленттілік жағдайына дендей еніп бара жатқанын айтты. Елбасының айтуынша, бұл жағдай рухы­мызды түсіріп, болашақ алдында жүрексінуге себеп болмауы тиіс.

Кез кел­ген дағдарыс түрлі сілкіністермен қатар жүреді, сонымен бір мезгілде өсу­ге қажетті кеңістік қалыптастырып, мүм­кін­діктер терезесін ашады. Бастысы, даму­дың дұрыс бағытын таңдап, қоғамды алға қойған мақсаттарға жұмылдыра білу. Кез келген экономикалық жетістіктер мен геосаяси жеңістер, әрбір адамның әл-ауқатының артуына әкелмесе, оның үл­кен мәні де, құны да болмайды. XXI ғасырдағы мемлекеттердің орнықты даму формуласы мен өркендеуінің құ­пия­сы осында жатыр, деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі съезд өзінің тапсырмасымен әзірленген, партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын қарастыратынына тоқталды. Елбасының айтуынша, бағдарлама стратегиялық көзқарастың ауқымды көкжиегін ашады және қоғам мен мемлекеттің алдағы он­жыл­дықтағы дамуының негізгі қырларын ай­қындайды. Өйткені алдағы он жыл біздің озық отыз мемлекеттің қатарына ұмтылуымыздағы шешуші кезең болмақ.

Бұл орайда, Қазақстан Президенті біз ұлттық идеямызды басшылыққа алуға тиіс екенімізді айтты. Ал оның базалық құрамдауыштары ұлттық бірлік, бәсекеге қабілетті қуатты экономика, өркендеуші зияткер қоғам, әлемде лайықты құрметке ие ел екені белгілі. Осының бәрі Қазақ­стан­ның табысты дамуының негізі болып сана­лады. Өз кезегінде, Ұлттық бірлік док­тринасы төрт тірекке сүйенеді:

1.Ор­тақ тарих;

2.Ортақ құндылықтар;

3.Ортақ Отан;

4.Ортақ болашақ.

Елбасы бұдан әрі басты басымдық — азаматтардың тұрмыс деңгейін және Қазақстанның дамуын әлеуметке бағ­дарланған мемлекет ретінде қамтамасыз ету екеніне тоқтала келіп, тіпті ең күрделі кезеңдерде әлеуметтік міндеттемелердің орындалғанын атап айтты.

Біз даму шығындарын төмендетпей, мұқтаждарға көмектесуге тиіспіз. Биыл әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 45 пайыздан астамы бағытталды. Со­ны­мен бір мезгілде бізде белгілі бір тең­сіз­діктер мен әлеуметтік бөлікте проб­лемалы нүктелер пайда болды. Осы­ған байланысты мен Ұлттық қордан азаматтарымыздың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға қаражат бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкімет осы мақсатқа бөлінетін шығыстарды дұрыс әкімшілендіруі тиіс, деген Елбасы біз қазір үлкен сын-қатерлер мен жаһандық белгісіздік жағдайында өмір сүріп жатқанымызды, жинақтаған қорымыз бұдан да күрделі уақыттарда керек болуы мүмкіндігін ұмытпауды ескертті.

Мемлекет басшысы атап өткендей, әлеуметтік саясат теңгерімді болуы әрі масылдық көңіл күйдің өсуіне жол бер­меуі тиіс. Көмек аса мұқтаж жандарға бе­ріліп, атаулы сипатта болуы керек. Бөлін­ген қаражат әрбір отбасына және нақты адамға жетуін Елбасы өзі қадағалайтын болады.

Съезде мәлім болғанындай, Прези­дент­тің тапсырмасымен партия азаматтарды қатты толғандыратын мәселелерге сарап­тама жүргізген. Олардың қатарында

ба­лалар жәрдемақысын көтеру, көпбала­лы отбасылардың жағдайын жақсар­ту, баспанамен қамту, әлеуметтік инфра­құ­рылымды жаңғырту сынды басқа да мәселелер бар. Елбасының айтуынша, олар­ды шешудегі партияның елеулі үлесі үш бағыттағы әлеуметтік саясатты жүзеге асыру арқылы көрінбек. Бұлар:

  1. Табысты арттыру және халықтың аз қамтылған бөліктерін қолдау;
  2. Табысы төмен азаматтардың бас­пана мәселесін шешу және білім беру, денсаулық сақтау салаларын жақсарту;
  3. Өңірлерді кешенді дамыту.

БІРІНШІ.  Бүгінде қазақстандық отбасылардың әл-ауқат деңгейін көтеру

ша­раларын күшейту маңызды. Бұл ден­саулық сақтау, білім беру, әлеу­меттік қор­ғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруа­шы­лығы және басқа салаларда жұмыс істей­тін 1 миллионнан астам азаматтық қыз­метшілерді тікелей қамтиды, деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы 2019 жыл­ғы 1 шілдеден бюджеттік саланың төмен жалақылы жұмыскерлерінің еңбек­ақы­сын 30 пайызға дейін арттыруды; аудан­дық, облыстық деңгейлерде тікелей азамат­тармен жұмыс істейтін атқарушы орган­дар­дың төменгі қызметкерлерінің еңбек­ақысын орташа 25 пайызға көтеруді тап­сырды. Бұл мақсаттарға 2019-2021 жыл­дары қосымша 980 миллиард теңге бөлінеді.

Елбасы атап өткендей, жүргізіліп жат­қан реформаның нәтижесін әрбір отбасы алыс болашақта емес, дәл бүгіннен бастап сезінуі тиіс.

Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту қажет деп са­наймын.

Бүгінде елімізде шамамен 340 мың отбасының төрт және одан көп баласы бар. Балалы отбасыларды қолдауға жыл сайын 500 миллиард теңгеден аса бөлінеді. Бұл отбасылардың табыс деңгейі әртүрлі. Сондықтан мем­лекет бірінші кезекте табысы төмен көпбалалы отбасыларға айрықша қамқорлық танытып, назар аударуы қажет. Қазіргі кезде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмекті 111 мыңнан астам отбасы (571,6 мың адам) алады. Аз қамтылған, әсі­ресе көпбалалы отбасыларды қам­ту аясын кеңейту үшін Үкіметке атау­лы көмек көрсету өлшемдерін ең тө­менгі күнкөріс шегінен (14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін) 70 пайызға дейін арт­тыруды тапсырамын. Атаулы әлеу­меттік көмек алуға құқығы бар балалы отбасыларды адрестік қолдау үшін көпбалалы отбасындағы әрбір балаға төленетін ең төменгі төлемді 20 789 теңге көлемінде белгілеу керек. Әлеуметтік көмек тағайындаудың барлық үдерістері барынша жеңілдетілуі және проактивті форматқа көшірілуі тиіс.

Осындай отбасылардың жиынтық табысын есептегенде көп балалы от­басылар мен көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, мүгедектігі үшін балаларға берілетін жәрдемақы, стипендия сияқты жекелеген жәрдемақыларды есепке алмау керек. Нәтижесінде, 2019 жылы 830 мыңнан астам адам, соның ішінде 550 мың бала атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылады, деп атап өткен Қазақстан Президенті сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отыр­ған ата-аналарға, қамқоршылар мен отба­сыларға (тұлғаларға) жәрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл шара 100 мыңнан астам адамды қамтиды. Оны жүзеге асыруға 2019-2021 жылдары қо­сымша 300 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу тапсырылып отыр.

Бұл ретте, әлеуметтік көмек көр­се­тудің негізгі қағидаты әлеуметтік келі­сімшарт және отбасының еңбекке қабі­летті мүшелерінің жұмыспен қамту шара­ларына міндетті түрде қатысуы болып қала беретінін айтқан Мемлекет басшысы әкімдерге әрбір отбасына баруды және көмекке мұқтаждарды қолдау шараларын өңірлік мүмкіндіктерді ескере отырып, жергілікті бюджет есебінен күшейтуді тапсырды. Елбасының айтуынша, толық емес көпбалалы отбасыларға үйде отырып жұ­мыс істеуге жағдай жасау, ал ауылдағы көпбалалы отбасыларға гранттар мен шағын несиелердің жекелеген кво­та­сын бөлу қисынды болмақ. Бұл жұмыс­тарды Үкімет пен әкімдер «Нұр Отан» партиясымен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүзеге асыруы тиіс. Бұл ретте әкімдер мұқтаж отбасыларға кө­мек­тің өңірлік бағдарламаларын «Бақыт­ты отбасы» партиялық жобасы аясын­да қайта қарауы керек.

— ЕКІНШІ. Білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту және бас­панамен қамтамасыз ету жөніндегі жұ­мыстарды да белсендіру керек. Үкіметке негізінен көп балалылар қатарындағы аз қамтылған отбасылар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тап­сы­рамын. Бұл мақсатқа таяу жеті жыл­да қосымша 50 миллиард теңге жыл сайын бөлу қажет. Сонымен қатар та­бысы төмен көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала­лары бар отбасылар үшін баспана алу­дың қолжетімділігін арттырған жөн. Аза­маттардың осы санаттары үшін тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй қарыздарын ұсы­нудың жеңілдікті тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Тұрғын үй жинақ бан­кіне осы мақсатқа жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінетін болады, — деді Ел­басы.

Мемлекет басшысы білім беру саласындағы реформаны қисынды нәтижеге жеткізу керектігін де қаперге салды. Қазіргі заман балаларымыздың бойында жаңа машықтар мен дағдыларды дамытуды талап ететініне тоқталып, бұл тұстағы табыстылықтың жиынтығы педагогтардың біліктілігін ұдайы артты­ру, озық материалдық база мен өзек­ті оқыту бағдарламасы екенін атап өтті. Елбасының айтуынша, әрбір өңір­де кемінде бір озық ЖОО және 10 за­манауи колледж болуы тиіс. Оқу орындары тиімділігінің басты көр­сет­кіші — түлектердің жұмысқа орналасуы. Еліміздің әрбір тұрғыны білім­ді және денсаулығы мықты болуы тиіс. Сондықтан тұрғылықты жеріне қара­мастан, сапалы денсаулық сақтау қыз­метіне қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.

Отандық медицина, ең алдымен, профилактика мен саламатты өмір салтын ынталандыруды бағдар еткені жөн. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек шығыстары денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінде 40-тан 60 пайызға дейін ұлғайтылуы тиіс. Бұл — әлемдегі барлық дамыған елдердің тәжірибесі. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 миллиард теңге бөлуді тапсырамын, деді Елбасы. Мұның нәтижесінде 7 өңірде жылына 100 мың пациентті қамтитын стационарлық-медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігі арта түсетін болады. — — Үшінші, деп атап өтті Елбасы,

— бүкіл еліміз бойынша өмір сапасын жақсартуға бағытталған өңірлік саясатты жүзеге асыра бастау қажет. Бізде өңірлердің дамуында айтарлықтай айырмашылықтар байқалады. Неліктен бір облыстарда жолдар жақсы, ал басқаларында жаман? Неліктен бір жерлерде ТКШ тұрақты жұмыс істейді, екіншілерінде дәл ондай емес? Шын мәнінде жұмыс істейтін, адамдардың проблемаларын білетін және шешетін әкімдер бар. Халықпен кездесулерден ат-тонын ала қашатын және өңір халқының қажеттіліктері мен мұқтаждықтарына жүрдім-бардым қарайтындары да кездеседі. Әкімдерге халыққа жақын болып, оның игілігі үшін бәрін істеуге ұмтылу керек.

Қазақстан Президенті өзінің сөзінде елімізде түрлі бағдарламалар бар екеніне, оған жеткілікті ресурстар бөлініп отырғанына, алайда адамдардың нақты нә­тижені көрмей келе жатқандарына назар аударды. Мемлекет басшысы атап

көр­сеткендей, мұндайға жол беруге бол­майды. Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер бүкіл әлеуметтік проблемаларды табандылықпен шешулері тиіс және жалған көрсеткіштерді қумаулары керек. Өйткені әр өңір стратегиялық тұрғыдан маңызды. Еліміздің өңірлік өмір са­пасының жаңартылған стандарттарына негізделген Жаңа карта қалыптастыру қажет.

— Соңғы жылдары республикалық ав­токөлік желілері құрылысы бойынша аса зор, тарихи маңызды жұмыстар жүргізілді. Тұтастай алғанда, біз 12,5 мың км автомобиль жолы мен 2,5 мың км темір жол, теңіз порттарын салдық және жөндеуден өткіздік. Әрине, автобандар салған маңызды, бірақ үйге дейін жол салған одан да маңыздырақ. Заманауи жергілікті жолдар желісін кеңейту — бұл орындалуын партия бақылауына алуы тиіс Үкіметтің шешуші міндеті. Аталған мақсаттарға қосымша 350 млрд тең­ге бөлуді тапсырамын. Бұл шаралар 2025 жылға қарай облыстық және ау­дандық маңыздағы автожолдардың 95 пайызын жақсартуға жәрдемдеседі, — деді Н.Назарбаев.

Елбасы сондай-ақ өңірлік көлік ин­фрақұрылымдарының барлық нысаны, оның ішінде аэропорттар, авто және темір жол вокзалдары жаңғыртылуы тиіс екендігін атап көрсетті. Астана, Ал­маты және Шымкент сияқты ірі қалалардың шет аумақтарында қа­лып­тасқан проблемаларды шешу үшін 2019-2021 жылдарға қосымша 90 млрд теңге бөлінетін болады. Шағын және моноқалаларды дамытуға да таяудағы үш жыл бойы жыл сайын қосымша 10 млрд теңге қарастырылады. — — Еліміздің барлық тұрғынының таза ауызсуға қол жеткізуі, кең ауқымды газдандыру жұ­мыстарын жүргізу аса маңызды басымдық болып табылады. Сумен және кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету үшін қосымша 140 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Бұл аталған салада 2,2 млн-нан астам адамның проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ газдандыру және электрмен қамтамасыз ету жұмыстарына шамамен қосымша 190 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Бұл шаралар газбен 1,1 млн адамды қамтуға мүмкіндік беріп, өңірлік электрмен қамтамасыз ету сенімділігін айтарлықтай арттырады. Үкіметке аталған мақсаттарға 2019-2021 жылдарға шамамен 920 млрд теңге қарастыруды жүктеймін. Жо­ға­рыда айтылғандарды қаперге ала келе, «Нұр Отан» еліміздің инженерлік жә­не әлеуметтік инфрақұрылымдарын да­мы­туға екпін түсіре отырып, «Құтты мекен» партиялық жобасын іске қосуы тиіс, — деді Президент.

Мемлекет басшысы қолымызда 7,5 млн ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік бар екенін көлденең тартты. Бірінші кезекте Үкіметке әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп, бола­шағы бар ауылдарды анықтау, сол жер­лерде әлеуметтік саланы дамыту, ин­тернаттар құру қажеттігін тапсырды.

— Біз ауылдарымызды өсім мен орнықты да­мудың ошағына айналдыруымыз қажет. Ауылда халық тұтынатын тауарлар өн­дірісі бойынша бизнесті дамыту, ауыл ша­руашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тағы басқалар бойынша ҚХР-дың тәжірибесін пайдалану қажет. Сол жерлерде тұрғын үйлер, жолдар салып, коммуникациялар жүргізу, әлеуметтік нысандар тұрғызу, шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондай ауылдарға болашағы жоқ елді мекендерден адамдар көшіп баратын болады. Жұмыс істеп, лайықты өмір сүруге ауылдың әлеуеті жеткілікті. Осыған орай, Үкіметке «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру бойынша ұсыныс әзірлеп, оны 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге кө­лемінде қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл жастардың ауыл­да орнығып қалуына көмектеседі, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мемлекет басшысының айтуынша, жоғарыда көрсетілген барлық бағыт пен жобаның кешенді сипаты бар, пар­тия­ның ұзақ мерзімді мақсаттарымен үйлеседі және көп кешікпей-ақ адамдарға сезінетіндей деңгейде пайдасын тигізеді. Оларды таяудағы үш жылда жүзеге асы­ру үшін бюджеттен қосымша 2 трлн тең­ге бөлінетін болады. Осы қаржы ке­дендік әкімшілендіру мен бюджет шы­ғыстарын түбегейлі оңтайландыру есебінен қарастырылуы қажет. Бұл арада жергілікті жерлердегі басым ба­ғытқа ие емес, қымбат іс-шараларды күн тәртібінен шығарып тастау керек. Аталған қадамдар таяудағы үш жылда бюджетке 1 трлн теңге түсіруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ Ұлттық қордан 2019-2021 жылдар ішінде қосымша 1 трлн 350 млрд теңге бөлу қажет. Жаңа бағ­дарлама әлемдік шешуші трендтерді зерттеу мен Қазақстанның барлық өңірін­дегі жағдайды талдау негізінде жа­салды. Онда таяудағы үш жылда мем­лекеттің әлеуметтік саясатының ірге­тасына айналатын және бүкіл он жылдықтағы перспективаны көздейтін нақты мақсаттар мен жобалар көрініс тапқан.

— Өздеріңіз білетіндей, — деп жалғады сөзін Президент, — бізде Үкімет ауысып, оның құрамы 70 пайызға жаңарды. Жаңа Министрлер кабинетіне, барлық әкімге дереу мен жариялаған тапсырмаларды жүзеге асыруға кірісу керек. Үкіметтің әр мүшесі мен әкімдер жеке жауапкершілік алады және жұмыс нәтижелеріне жеке жауап беретін болады.

Партия да ха­лық­тың күнделікті мәселелерін шешуге бел­сенді араласуы тиіс. Бұл жұмысты «Халыққа көмек» жобасы күшейтеді ғой деп сенемін. Бүгінде қоғамның кө­кей­кесті мәселелеріне жедел үн қатып, оларға меморгандардың назарын аударту маңызды. Бұл ең тиімді стратегия болмақ. Ол үшін халықпен кері байланыстың қуатты жүйесін қалыптастыру керек. Пар­тияның қоғамдық қабылдау бөлме­лерінің жұмысын күшейту маңызды. Осы мәселеде бюрократиялық сөзбұйдалыққа жол беруге болмайды. Мұның тек мем­лекеттік жеңілдіктерге ғана емес, сондай-ақ волонтерлер мен кәсіпкер-меценаттар көрсететін атаулы әлеуметтік көмекке де қатысы бар.

Осылай дей келе, Елбасы «Нұр Отанның» барлық филиалы бәрінен бұрын осы жұмысқа бағдарлануы тиіс екенін атап өтті. Партия халықтың барлық жігінің мүддесін қорғап, азаматтар мен мемлекет арасын байланыстыратын шешуші буын ретінде көрінуі тиіс. Бүгінде алдыңғы орынға қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде әлеуметтік саладағы бағ­дар­ламалардың тиімділігі мәселесі шығып отыр. Осыған орай, мен «Нұр Отан­ға» Президент Әкімшілігімен бірле­сіп Мемлекеттік бағдарламалар мен ре­формаларды жүзеге асырудың тиім­ді­лігі мен мониторингін бағалайтын орталық құруды тапсырамын. Партия алаңында әр тоқсан сайын жауапты мемлекеттік органдардың мемлекеттік бағ­дарламаларды қалай орындап жат­қаны туралы тыңдаулар өткізіп тұру қажет. Есептер маған беріліп тұратын болады. Солардың негізінде тиісті қо­рытындылар жасаймыз, — деді Мемлекет басшысы.

Елбасы, тұтастай алғанда, мына мәселені кезекті мәрте ерекше атап көрсетті: экономикалық даму халық­тың әл-ауқатының нақты өсуіне бағыт­талатын болуы тиіс. «Нұр Отан» «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасымен бір­лесіп, мемлекеттің бизнесті қолдау қағидаттарын жақсарту бойынша жұмыс істеуі керек. Жемқорлықты түбірімен жою бағытындағы мақсатты жұмыстар жалғастырылғаны жөн.

Президент келесі кезекте жастарға ерекше назар аударылуы қажеттігіне екпін түсірді. Өйткені жастар — бола­ша­ғымыз! Осы орайда 2019 жылды Жас­тар жылы деп жариялағаны атап көрсетілді. Партия мемлекеттік жастар сая­сатының тиімділігін арттыруға қол жет­кізуі тиіс. Сонымен қатар «Нұр Отан» белсенді азаматтар үшін басты «әлеу­меттік лифтілердің» бірі әрі барлық дең­гейдегі мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадрлардың қайнар көзі болуы керек. Заманауи басқарушылардың жаңа генерациясы «Партияның жастар резер­вінен» пайда болуы қажет.

— Барлық нұротандық нағыз патриоттар болулары және абырой-беделі кіршіксіз болулары тиіс. Партияның халық ал­дын­дағы беделі тек орталықтағы кең ауқымды акциялармен немесе іс-шара­лармен ғана өлшенбейді. Партияның образы қарапайым қазақстандықтардың көз алдында жергілікті жерлердегі күн­делікті жұмыстармен қалыптасады. Бас­тауыш партия ұйымдарының қызметі жергілікті жерлердегі және өңірлердегі мәселелерді оң шешуге қабілеттілігімен ерекшеленсін. Партиялық іс-шаралардың мазмұндылығы, әсіресе өңірлердегі мазмұндылығы үшін жұмыс істеу керек. Ха­лықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсартудағы кең ауқымды мін­деттер партиядан өз ісіне деген үл­кен жауапкершілікті талап етеді. «Нұр Отан» қоғамдық бақылаудың басты инс­титуты болуы қажет. Партияның бағ­дарламасында бүгін мен айтқан бар­лық ұсыныстар ескерілуі тиіс, — деді Н.Назарбаев.

Елбасы сөзін: —  «Нұр Отан» – толағай табыстың және болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы. Біздің ұзақ мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси ерік-жігеріміз бар. Мемлекеттің қуаттылығы экономиканың даму қарқынымен және тұрғындардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан мен өзіме сенім артқан халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді. Біздің ұстанымымыз — татулық пен тыныштық, ұранымыз — береке мен бірлік. Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі — баянды бейбітшілік пен келелі келісім! Бас партия болу дегеніміз — басқару емес, елге адал қызмет ету! Біз – халық бірлігінің партиясымыз. Бүгінгі съезд Қазақстанды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына бауырымыз бүтін, аман-есен, мол табыспен жете берейік! Әрекет ететін кез келді, ағайын! Алға, «Нұр Отан»! Алға, Қазақстан! — деп аяқтады.

 «Egemen Qazaqstan».

28 ақпан 2019 жыл.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*