Басты бет » Ақтөбе — 150 » «Ана тілім — тұғырым»

«Ана тілім — тұғырым»

Байқау

Ақтөбеде, Жастар жылы аясында, «Ана тілім — тұғырым» атты қалалық байқау ұйымдастырылды.

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған байқауды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қалалық филиалы бірігіп ұйымдастырды. Байқауды өткізуге Ақтөбе қаласының әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсеткен.

— Биылғы жыл елімізде Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Жастар — біздің болашағымыз. Тіліміздің болашағының жарқын болуы да жастарымыздың ынта-жігеріне байланысты. Сондықтан біз жас ақындардың басын қосып, осындай үлкен шара өткізуді қолға алдық, — деді БАҚ өкілдеріне Роман Рахиев.

Қалалық Мәдениет үйінде өткен байқауға 27 талапкер қатысты. Олар — БАҚ, білім, медицина, т.б. салаларда еңбек етіп жүрген, сондай-ақ студент және оқушы жастар. Байқауға Ақтөбе қаласы ғана емес, облыс аудандарынан да талапкерлер қатысты.

Қазылар алқасының құрамында белгілі журналист Нұқы Қартбаев, белгілі ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту секторының меңгерушісі Айша Құлбатыр, т.б. баспасөз, білім салаларының ардагерлері болды.

Ашылу салтанатында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қалалық филиалының төрағасы Роман Рахиев сөз сөйлеп, жас ақындарға сәттіліктер тіледі.

Жас ақындар қазылар мен зал толы көрермендер алдында екі өлеңнен оқуға мүмкіндік алды. Байқау талабы бойынша, бірінші өлең өзін таныстыруға арналса, екінші өлең — Отан, туған жер, туған тіл, Ақтөбе қаласының мерейтойы, т.б. тақырыптарда патриоттық рухта жазылған туынды болуы керек.

Байқауға қатысушылар туындыларын саралай келе, қазылар алқасы бас жүлдеге облыстық «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының қызметкері Перизат Жанғылышбайды лайық деп тапты. І орынға — М. Мәметова атындағы Ақтөбе медициналық колледжінің І курс студенті Айнаддин Әкімәлі, ІІ орынға Ақтөбедегі Шығармашылық академиясының қызметкері Жасұлан Исақаев ие болды. Ал облыс орталығындағы №56 мектептің мұғалімі Есет Сарин мен Қарғалы аудандық ауруханасының медбикесі Гүлжанат Түнғатарова ІІІ орын иегерлері атанды.

Сондай-ақ, өздерінің балғын жырларымен көпшілік көңілін баураған Ақтөбедегі №32 мектеп-гимназияның оқушысы Арайлым Оразалина, облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы Әли Қазымов, т.б. ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*