Басты бет » Ақтөбе — 150 » Гір спортынан Қазақстан чемпионаты өтті

Гір спортынан Қазақстан чемпионаты өтті

22-23 ақпан күндері Ақтөбеде гір спортынан Қазақстан чемпионаты өтті.

Бұл жарыс Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Спорттың нақ осы түрінен біздің жерлестеріміздің бүгінге дейін орасан жетістіктерге жеткені баршаға белгілі.

Чемпионатқа еліміздің барлық облыстарынан және Астана мен Алматы қалаларынан 250 спортшы қатысты. Олардың арасында әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Азия чемпиондары, бірнеше мәрте ел біріншілігінің жеңімпазы атанған спортшылар болды. Бір ғана ақтөбелік Евгений Гончаровты айтар болсақ, ол — 12 дүркін әлем чемпионы, 26 рет Қазақстан чемпионы атанған, Азия құрлығының рекордын жаңартқан спортшы.

Жарыстар Ақтөбедегі Жекпе-жек сарайында өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та ел біріншілігін тамашалаған жанкүйерлер қатарында болды.Чемпионаттың ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде ол:

— Қазақстандық спортшылардың тәуелсіздік жылдарындағы табыстары — еліміздің жетістіктерінің жарқын бір тарауы. Соның ішінде, ақтөбеліктердің гір спортынан әлемдік деңгейде ең үздіктер қатарынан көрініп келе жатқанын жақсы білесіздер. Сондықтан Ақтөбенің 150 жылдық мерейтойы тұсында гір спортынан ел біріншілігінің біздің қаламызда ұйымдастырылуы — біз үшін үлкен мерей. Еліміздің атын шығарып, халқымыздың үмітін ақтап жүрген спортшыларға облыс басшылығы тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетін болады, — дей келіп, спортшыларға сәттіліктер тіледі.

Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері Владимир Кореньков та чемпионатқа қатысушылар алдында сөз сөйлеп, жылы лебізін жеткізді.

Еліміздің Әнұраны шырқалғаннан кейін, жарыстар басталды. Біріншілікке Ақтөбе облысының құрамасы қатарында әр салмақ дәрежесі бойынша 14 спортшы қатысты. Олардың бірі — 2017 жылғы әлем чемпионы Алмагүл Шамғонова.

— Мен Батыс Қазақстан өңірінде туып-өстім. Бала күнімнен спортқа жақын болдым, дегенмен гір спортымен айналысуға мүмкіндік болмады. Ақтөбеге келіп, студент атанғаннан кейін, мұнда гір спортымен айналысушылардың үлкен бір ортасы бар екенін көрдім, шынымды айтсам, қатты қызықтым. Әлем чемпионатының бір алтынымен шектеліп қалмай, алда да үлкен табыстарға ұмтылғым келеді, — дейді ол.

Алмагүл 2017 жылы Оңтүстік Корея астанасында өткен әлем чемпионатында 68 кг салмақ дәрежесі бойынша қыздар арасында жұлқа көтеруден ең үздік нәтиже көрсеткен болатын. Сонымен қатар, ол 5 дүркін ел чемпионы атанып үлгерді.

Ақтөбе өңірінің мақтанышына айналған Евгений Гончаров бұл жолғы ел біріншілігінде де өз салмақ дәрежесі бойынша ең үздік нәтиже көрсетті. Жеңіс тұғырына көтерілген спортшыны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев марапаттады.

(Қазақстан чемпионатының нәтижелерімен оқырмандарымызды газетіміздің алдағы санында таныстырамыз.)

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*