Басты бет » Жастар » Фронт-офис ашылды

Фронт-офис ашылды

Жастар жылы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен «Жасыл ел» еңбек жасағының фронт-офисі ашылды.

Енді жаз мезгілінде «Жасыл ел» еңбек жасағының  сапында болғысы келетін жастар аталған фронт-офистен құжаттарын рәсімдеп, тіркеуге тұра алады.

Орталыққа қаладағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындарының білім алушылары келуге мүмкіндік бар.

Салтанатты ашылу сәтінде орталықтың лентасын қию рәсімі университет ректоры Бауыржан Ердембеков пен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуовқа берілді. Университет ректоры биыл студенттердің шәкіртақысы көбейгенін айта келе, Елбасы тапсырмасына сәйкес, қоғамдық жұмыспен айналысатын жастарға қосымша грант берілу мәселелеріне тоқталды.

— Бүгінгі фронт-офис қаламызда алғаш рет Жастар жылына орай облыс жастары мен еріктілерін біріктіру мақсатында құрылып отыр. Жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру біздің басты міндетіміз. Әрбір жас туған елінің көркеюіне өз үлесін қосуы керек, — дейді «Жасыл ел» студенттік еңбек жасағының комиссары Әділет Төремұрат.

Айта кетейік, биылғы «Жасыл ел» маусымына құжаттарды қабылдау жұмыстары сәуір айында басталады. Өткен жылғы маусымда облыс бойынша 5 500-ге жуық жас қала мен елді мекендерді абаттандыруға жұмылдырылды. Биыл 6 мыңнан аса жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*