Басты бет » Ақтөбе — 95 » Сабақтастық салтанаты

Сабақтастық салтанаты

Облыстық «Ақтөбе» газетінің әр кезеңдегі үш редакторының қатар келген мерейтойы облыс журналистикасындағы ерекше атап өтерлік салтанатты сәтке айналды. Той иелерін құттықтау үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кеше арнайы Баспасөз үйіне келді.
Облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Адырна», «Үш таған», «Ақтөбе» журналдарын, сондай-ақ «АқтөбеНьюс» сайтын, және облыстық баспахананы біріктіретін серіктестіктің бүгінгі жұмысымен танысқан облыс басшысы осындағы музейде болып, алдыңғы буын өкілдерінің артында қалған мұраларын көріп, шығармашылық ұжыммен кездесті.
— Біздің тәуелсіздігіміздің негізін салушылар — алдыңғы буын өкілдеріміз. Олардың тындырымды еңбегі, кейінгі ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесі ұмытылмайды. Бүгін сондай жоғары құрметке лайық екі ағамыздың мерейлі сәтіне куә болып отырмыз.
Нұрқайыр Телеуов — облыстық газеттің тізгінін жиырма жеті жыл ұстаған адам. Қазақстан журналистикасында мұндай редакторлар сирек болса керек. Бұл кісі өзінің тоқсан жасына сергек қалпында жетіп отыр. Ағамыздың тұрақты түрде спортпен шұғылдануы, дене сергектігі кейінгі жастарға үлгі.
Одан кейінгі Идош Асқарды көпшілік қаламы жүйрік журналист ретінде жақсы біледі. Ол еліміздегі қиын-қыстау сәттерде облыстық газеттің басшысы болды. Сексен жасқа келсе де өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып тұрады. Сондықтан Ақтөбе облысына еңбегі сіңген атағының иегері атанды.
Ал «Ақтөбе» газетінің бүгінгі бас редакторы Бауыржан Бабажанұлының еңбегін біз жақсы білеміз, ол — танымал ақын, Жазушылар одағының жергілікті ұйымын басқарады. Бүгін елу жасқа толып отырған Бауыржанның алдында әлі де көп міндеттер бар, — деген облыс басшысы жылы лебізінен кейін мерейтой иелеріне құттықтау хатымен бірге сый-сияпатын тапсырды.
Жиында Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин ұжым мүшелері атынан облыс басшысына журналистерге жасап отырған қамқорлығы үшін алғыс сезімін білдіріп, бүгінгі күні атқарылып отырған шаралар туралы айтып берді. Сонымен бірге мерейтой иелерін құттықтап, оларға игі тілегін білдірді. Қазіргі уақытта ұжымда «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығын атап өтуге әзірлік жүріп жатқанын тілге тиек етті.

«Адырна» журналының бас редакторы, көрнекті ақын Мейірхан Ақдәулетұлы әріптестерін мерейлі сәттерімен құттықтап, қалам иелерін қадірлеп отырған облыс басшылығына алғысын айтты.
Салтанатты сәтке облыс әкімімен бірге облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова қатысты.
— Баспасөз үйі ғимаратының өндірістік-баспахана бөлігін алда жаңғыртуға көңіл бөлетін боламыз. Жазда Журналистер аллеясы іске қосылмақшы. Ең бастысы, қалам иелері қоғамымыздағы ілгері өзгерістерді, жақсы жаңалықтарды халыққа уақытында жеткізіп, жұртшылықтың дұрыс хабардар болып отыруына қызмет жасауы тиіс, — деді жиын қорытындысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өз тілшіміз.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*