Басты бет » Экономика » Салық түсімі көбейді

Салық түсімі көбейді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың және облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлованың қатысуымен мемлекеттік кірістер департаментінде кеңейтілген кеңес өтті. Жиында департамент басшысы Айбек Паяев өткен жылдың қорытындысын баяндады.  

Айбек Паяевтың айтуынша, республикалық бюджет жоспары —  103, жергілікті бюджет 117,8 пайызға орындалып, 17,9 миллиард теңгеге көбейген.  Облыс бюджетіне 43,6 миллиард теңге сомасында кіріс түскен. Оның ішінде камералдық бақылау бойынша 33,72 миллиард теңге, салық пен кедендік тексерулер нәтижесінде — 5,2 миллиард, кедендік құн — 394 миллион және экономикалық тергеу қызметі бойынша залалды өтеу кезінде 4,3 миллиард теңге  кіріс кірген.

— Былтыр облыстың экономикасы бес пайызға артығымен орындалды. Берілген тапсырмалар толығымен жүзеге асты. Бюджеттің кіріс бөлігін толтыру жоспары бойынша облыс бюджеті  534,6 миллиард теңгемен толықты. Облыстағы корпоративтік салықтың ең негізгі бөлігі «Қазхром» компаниясына тиесілі. Өкінішке қарай, былтыр экономикалық қиындықтарға, сатылатын өнім көлемінің азаюына байланысты 13 миллиард теңгеге салық аз жиналып отыр. Соған қарамастан басқа бағыттар бойынша сапалы жұмыстар жүргізілді, — деген департамент басшысы салық базасын кеңейту жоспары бойынша атқарылған шаруаларға тоқталды. Тіркелмеген мүліктерді тіркеу, көлеңкелі экономикамен күрес, камералдық бақылау жұмыстарын күшейтуге баса назар аударылған. Егер мекеме  салығын уақытында төлеп отырса, айыппұлдардың жойылатыны және тағы да басқа осы саладағы жаңалықтар алдағы уақытта тұрғындарға кеңінен түсіндіріледі. БАҚ өкілдерімен бірлескен ақпараттандыру жұмыстары жандана түспек.  Департамент басшысы кеден, көлеңкелі экономикамен күрес, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу өзге де бағыттар бойынша арнайы жұмыстардың жүргізілетінін және салық заңнамаларына өзгерістер енгізу мәселесіне қатысты  жан-жақты айтып берді.

Жиында облыс әкімі Айбек Паяев пен аудандағы салық бөлімдерінің басшыларына сұрақтар қойды. Мұғалжар, Хромтау аудандарында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне мән берді. Кейбір сұрақтар бойынша тапсырма жүктеді.

— Облыс тарихында былтыр бірінші рет жарты триллионнан астам, яғни 534 миллиард теңгенің салығы жиналды. Бұндай көрсеткішке қол жеткізуіміздің ең бірінші себебі — экономиканың дамуы, екінші, сіздердің  еңбектеріңіздің арқасы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз алдымызға үлкен міндет қойдық. Соңғы екі жылда экономиканың даму қарқыны өсті. Сондықтан салық түсімі жыл сайын 550, 570 миллиард теңгеден кем болмауы тиіс, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбав шетел азаматтарының облыста кәсіп ашып, кейін оны жүргізу ісінде олқылықтардың орын алатынын, заңнамаларға бағынбайтынын айтты. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізу үшін тиісті мекемелерге тапсырмалар берді. Сауда орындары мен шағын дүкендердің иелеріне заңнамаларды түсіндіру, салық аудитінің сапасын, тиімділігін арттыру, жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Жиын соңында облыс басшысы департамент жұмысына оң баға берді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*