Басты бет » Жаңалықтар » Қала әкімі жас кәсіпкерлермен кездесті

Қала әкімі жас кәсіпкерлермен кездесті

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов «Анаға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығында жас кәсіпкерлермен бейресми кездесу өткізді. «Ұлт ертеңі — жастар» тақырыбында өткен шара 30-дан астам жас ақтөбелік кәсіпкерлердің басын қосты.

Бизнеске енді аяқ басқан жастар шаһар басшысына өздері бастаған істері жөнінде айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ әңгіме барысында жас кәсіпкерлер жолында қандай кедергілер кездесетіндігі жөнінде де сөз болды.

— Бүгінгі кездесу алаңының жастар үшін, кәсіпке енді аяқ басқан азаматтар үшін маңызы зор. Өз тәжірибелерімен бөлісу арқылы бір-біріне жаңа ой тастап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап ала алды.

Кездесу барысында  қала көшелеріндегі сауда-саттықты дамыту мәселесі жөнінде біраз әңгіме айтылып, жеке білім беру орталықтарының мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасауы жөнінде сөз қозғалды.Сондай-ақ бірқатар жас кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдап, хабардар болдық. Әрине, оның барлығы біркүнде шешілетін шаруа емес. Барлығы өз уақытымен шешімін табатын болады, — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Сондай-ақ бейресми кездесу барысында жас кәсіп иелеріне Жастар жылы мен қаланың 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайы айтылып, кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді.

— Бүгінгі шараны Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Жастар жылы аясында ұйымдастырған болатынбыз. Басты мақсатымыз — жас кәсіпкерлер алаңын құру. Бұл жерде өз кәсібін ашқан жастар өз ойларын ортаға салып, жаңа тәжірибе жинақтайды. Сондай-ақ олар мемлекет тарапынан қандай жаңа бағдарламалар қарастырылғандығы жөнінде мәлімет ала алады. Бүгінгі шараға жас болса да өз кәсібінің биік шыңына шыққан бірнеше кәсіп иесін шақырдық. Алдағы уақытта да мұндай кездесулерді өткізіп тұру жоспары бар. Шараға арнайы келіп, бізге қолдау білдірген қала әкіміне алғыс айтамыз, — дейді ұйымдастырушы «Like орталығы» ЖШС директоры Жұман Зине.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*