Басты бет » Басты жаңалықтар » Қазынашылар — мемлекет қаржысының сақшысы

Қазынашылар — мемлекет қаржысының сақшысы

ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 25 ЖЫЛ

Биыл Қазақстанның қазынашылық жүйесінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Ақша қаражаттарын тиімді жұмсауды және оның сақ­талуын қамтамасыз ететін қаржылық орган бюджет жүйесінің бір буыны ретінде мемлекеттік қаржыны басқару жүйе­сінен лайықты орын ала отырып, бүгінге дейін орасан зор қалыптасу және даму жолынан өтті. Бүгінде қазынашылықтың ақпараттық жүйесі халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие.
Ширек ғасырлық мерейтой қарсаңында біз қазынашылық жүйесінің бүгінге дейін жеткен жетістіктері туралы Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Дина Әміреновамен сұхбаттасқан едік.

— Қазақстанның қазынашылық жүйесінің дамуы, сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаментінің бастамалары мен жетістіктері туралы айтып өтсеңіз.

  • Қазынашылық жүйесінің тарихы еліміздің тәуелсіздігімен тікелей байланысты. Себебі бұл жүйе еліміз тәуелсіздік алған жылдарда қалыптасты. Атап айтсақ, жүйе құру, жаңғыру, жаңа технологияларды енгізу кезеңдерінен өтіп, мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінен лайықты орын алды. Қазынашылық жүйесінде бірінші бағдарламалық қамтамасыз ету БАСК-М қызметі 2003 жылы қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесі деп аталатын «Oracle» платформасында мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі қазіргі қолданыстағы ақпараттық жүйеге жаңғыртылды. Бұл — бірегей әрі ТМД елдері арасында жоғары бағаға ие болған жүйе.

Бұдан кейін қазынашылықтың ақпараттық жүйесіне «Қазынашылық — клиент» жүйесін енгізу қаржылық құжаттарды өңдеу сапасын арттыруға, мемлекеттік мекемелерде қағаз, уақыт және көлік шығындарын қысқартуға септігін тигізді. Мемлекеттік мекемелер өздерінің қаржылық құжаттарын қарап, өздігінен қажетті формаларды енгізе алатын болды. Қазынашылық жұмыс жасайтын ақпараттық жүйе мемлекеттік мекемелердегі барлық құжаттарды жұмыс барысында жинақы және сапалы өңдеуге, мекеме өкілдері мен жауапты мамандар арасындағы жемқорлық тәуекелдерін жоя отырып, барлық жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаменті мен облыстың 12 ауданындағы қазынашылық басқармаларының басты қызметі — мемлекеттік бюджеттің орындалуын, мемлекеттік мекемелердегі барлық қаржылық іс-әрекеттердің есепке алынуын қадағалау. Қазынашылық — мемлекеттік қаржыны нақты басқарудың ақпараттық негізі, сондықтан ол барлық деңгейдегі бюджеттік іс-әрекеттердің орындалуын қатаң бақылайды. Қазынашылық департаменті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам — Ұлт жоспарындағы 98 қадамды жүзеге асыру мақсатында қала деңгейіндегі ауылдар, елді мекендер мен ауылдық округтерге жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың IV деңгейлі дербес бюджетін енгізу екі кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, бірінші кезең өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап облыста халық саны екі мыңнан асқан елді мекендерде жүзеге асырылса, екінші кезең 2020 жылы жаппай барлық жерде енгізіледі.

Біздің департаменттің тағы бір жетістігі — республика бойынша алғаш рет мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісімшартын жүзеге асыру. Сондай-ақ тәжірибе жүзінде қазынашылық департаменті мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі арқылы шетелдік валютамен құжаттық сенімдеме ашу үшін бірқатар шаралар қабылдады.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алуды реттеу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ бюджеттік процестерді оңтайландыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазынашылық департаменті «e-Minfin» интеграцияланған автоматтандырылған ақпараттық жүйесі шеңберінде Қаржы министрлігі мен ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік органдардың бірыңғай есепке алу және кадрлық есеп платформасы негізінде бюджетке төленетін ақы мен іссапар шығыстарына да жауапты болады.

— Бүгінде қай салада да кадр мәселесі — басты назарда. Сіздің мамандарыңыз жаңашылдыққа, жаңа технологияларға әзір ме?

  • Департамент қызметкерлері бүгінде кез келген қиындықтарды шешіп, жаңа технологияларды меңгеріп, кәсіби тұрғыда жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Мен өз ұжымыммен мақтанамын және оған себеп те бар. Біздің мекеме мамандарды ауыстыру жағынан ең төменгі орында. Қиын және жауапты кезеңдерде департаменттің қызметкерлері жаңа ақпараттық жүйені, меңгеру үшін күні-түні жұмыс жасап, діттеген мақсатқа жету жолында көп еңбек етті. Бүгінгі күні қазынашылық департаментінде өз жұмысына берілген, білікті мамандар жұмыс жасап жатыр. Олар кезінде ақпараттық жүйенің бүгінгі күндегідей нәтижелі жұмыс жасауы үшін дер кезінде бар күш-жігермен қызмет жасады. Сондай-ақ қазынашылық саласының дамуына біздің ардагерлеріміздің де қосқан үлесі зор. Атап айтсақ, олар мемлекеттік қызметті реформалау, меритократия қағидасы негізінде іріктеу-саралау жүйесін енгізу, лайықты жас мамандарды даярлау сияқты жұмыстарға атсалысты. Сонымен қатар департамент қызметкерлері спорт саласына да өз үлестерін қосып, бірқатар спорттық жарыстарға қатысып жүр. Одан бөлек мамандарымыз қайта даярлау және кәсіби біліктілікті арттыру курстарына да қатысып, заң, нормативті-құқықтық актілерді үйрететін техникалық және құқықтық оқуларға барып, өздерінің білімдерін дамытуда.

— Қызмет барысында департамент мемлекеттік мекемелермен қандай түсіндіру жұмыстарын жүргізеді?

Түсіндіру жұмыстары — қазынашылық қызметтің ең негізгі бағыттарының бірі. Осы орайда біз республикалық, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме өкілдеріне семинарлар ұйымдастырып, оларға нормативтік-құқықтық актілердегі өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіріп, мониторинг нәтижесі бойынша мемлекеттік мекемелердің қаржылық құжаттарында жиі кездесетін кемшіліктер мен олқылықтарды жеткіземіз. Бұл мақсатта департамент қызметкерлерінен құрылған жұмыс топтары аудандарға шығып, мемлекеттік мекеме мамандарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Өткен жылы департамент пен аудандық қазынашылық басқармалары 560,0 мың қаржылық құжат қабылдап, кіріс есепшоты жинақтары бойынша 6,5 мың қайтарым және есептеу құжаттарын тіркеген. Сондай-ақ жалпы мөлшері 1451,8 млн теңгеге 12,7 мың төлем қалпына келтіріліп, мемлекеттік мекемелердегі бақылау есепшоттары 21,8 мың төлем құжаттарын есепке алған. Сонымен қатар былтыр Ұлттық қорға 13 шикізат секторы ұйымынан жалпы мөлшері 173277,5 млн теңгеге түскен түсім есепке алынған.

Бүгінде Ақтөбе облысы қазынашылық департаменті мен оның аймақтық бөлімшелері 737 мемлекеттік мекемеге қызмет етеді. Оның ішінде республикалық бюджеттен — 63, жергілікті бюджеттен — 674 мекеме, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор арқылы 22 субъект қаржыландырылады.

— Биыл елімізде қазынашылық органдарының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай басшы ретінде ұжымыңызға, әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?

Бүгінгі күні елімізде қазынашылық жүйесі Елбасының мемлекет қаржысын тиімді басқару туралы тапсырмасына сәйкес қарқынды қызмет жасауда. Алға қойылған міндеттерді біз департаменттегі және аудандық қазынашылық басқармаларының адал, еңбекқор, білікті қызметкерлерінің арқасында ғана жүзеге асыра аламыз.

Сондықтан департамент басшысы ретінде барлық қазынашылық саласының ардагерлері мен қызметкерлерін Қазақстан қазынашылық жүйесінің құрылғанына 25 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Барлығыңызға денсаулық, еңбекте табыс, жеңістер мен сәттіліктер тілеймін.

Айта кету керек, биыл 1 ақпанда ширек ғасырлық мерейтойымызға орай Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті мерекелік шара ұйымдастырып, бірқатар қазынашыларды марапаттады. Соның ішінде Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаментінің бірқатар қызметкерлері «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл — біз үшін үлкен жетістік. Сол себепті барлық әріптестерімді марапаттарымен құттықтаймын!

Қазынашылар үшін әр минут қымбат

Азамат ӘДІЛОВ,

Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаментінің бас маманы, бас қазынашысы.

Мен қазынашылық департаментіндегі жас мамандардың бірімін. Бұл қызметке келгеніме екі жыл болды. Алғаш жұмысқа келген кезімде-ақ мені департаменттегі әріптестерім шынайы көңілмен қарсы алып, қамқорлық танытты. Жұмыстың қыр-сырын тез меңгеруім үшін барлық әріптестерім қол ұшын беріп, тәжірибесі мол мамандар өз білгендерін үйретті. Сол үшін мен әріптестеріме ризамын. Егер облыстағы әрбір мекеме жаңадан жұмысқа қосылған жас мамандарға осындай ықылас көрсетіп, ілтипат танытса, жастардың болашағы жарқын болатыны сөзсіз.

Жұмысқа қабылданғаннан кейін мен бөлім басшысының кеңесімен Қаржы министрлігінің бұйрықтарын, төлем тағайындау кодын зердеме тоқып, көп құжаттарды ақтарып шықтым. Заңдарды, нормативтік-құқықтық актілерді, бұйрықтарды жадыма сақтауға тырыстым. Соның арқасында мен жұмыс барысында уақытты тиімді пайдаланып, берілген тапсырмаларды дер кезінде орындауға тырыстым. Жүктелген міндеттерді сапалы атқару үшін уақытты тиімді пайдалану қажет. Біздің жұмысымыздың басқалардан ерекшелігі де сол. Қазынашылар үшін әр минут қымбат.                                     Өткен екі жылда департаментте көптеген іс-шаралар өткізіліп, бірқатар бастамалар жүзеге асырылды. Жас маман ретінде мен де сол қоғамдық іс-шараларға қатысып, өз үлесімді қостым. Атап айтсақ, Батыс өңірлік қазынашылық департаменттер арасында өткен спартакиадада біздің департамент үздік атанып, жеңіске қол жеткіздік. Додада топ жарған спортшылар елордада өткен республикалық спартакиадаға да қатыстық. Ол жақта да біздің құрама үздік үштіктің қатарынан табылды. Осылайша 2018 жыл біз үшін табысты да берекелі жыл болды.

Қорыта айтқанда, мен үшін департаментте қызмет жасау —  үлкен мәртебе. Сондықтан менің мемлекеттік қызметші болып қалыптасуыма үлес қосқан ұжымыма айтар алғысым шексіз! Мерейтой құтты болсын!

ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ЗОР ЖЕТІСТІК

Асқар ДӘУЛЕТИЯРОВ,

қаржы саласының еңбек ардагері,қазынашылық департаментінің 2002-2013 жылдардағы басшысы. 

25 жылдың ішінде Қазақстан Республикасының қазынашылық жүйесі ТМД елдерінің арасында алдыңғы қатарда болды. Біз «Қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесі» және «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйелерін табысты жүзеге асырдық. Бұл жүйе осы уақыт ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біздің жетістігімізді көптеген халықаралық қауымдастықтар мен сарапшылар мойындады.

Бүгінде қазынашылық саласы — тұтас цифрланған электрондық жүйе. Қазынашылар көптеген жұмыстар атқаруда. Өмірде тұрақты еш нәрсе жоқ, барлық әлем алға ұмтылуда, күн сайын жаңа технологиялар, жаңа инновациялар дамуда. Сол себепті алдағы уақытта қазынашылық мамандары жұмыла еңбек етіп, қазынашылық жүйесін одан әрі дамытатынына сенемін.

Ширек ғасырлық мереке қарсаңында қаржы саласының ардагері ретінде барлық қазынашыларға тәуелсіз мемлекетіміздің қаржы қаражат саясатын жүзеге асыруға, бюджеттің бүтіндігіне, қазынашылық жүйесінің жетіліп, жаңаруына аянбай еңбек етіп, өз үлестеріңізді қоса беріңіздер деп тілектестік білдіремін.

Барлық әріптестеріме жұмыста жеміс, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Мерейтой құтты болсын!

МІНСІЗ ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН…

Гүлнар ЖАНҒАБЫЛОВА,

бюджеттерді атқару бөлімінің басшысы, кәсіподақ ұйымының төрайымы.

Менің мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілім 32 жыл. Облыстық қазынашылық басқармасына 1996 жылы аумақтық қазынашылық бөлімінің жетекші маманы болып қабылданып, бүгінге дейін бас маман, бөлім басшысының орынбасары міндетін атқардым. 1997-2000 жылдар аралығында қазынашылық жүйесіне бірнеше рет өзгерістер енгізіліп, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бөлінген субваранттарды өңдеп, бөлдік. Сондай-ақ шарттарын тіркеп, төлем шоттарын өткізіп, жылдық есептерді қабылдап, тексеру жұмыстарын жүргіздік. Аудандық қазынашылық бөлімдеріне практикалық көмек көрсетіп, семинар-кеңес өткізіп, өз тәжірибемізбен бөлістік.

2007 жылдың қазан айында бюджеттерді атқару бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Осы мерзім ішінде департаментте құрылымдық өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік бюджеттерді атқару басқармасы болды, оның ішінде, жергілікті бюджетті атқару бөлімі, түсімдер бөлімі болып қызметтері бірнеше рет өзгертіліп, тәжірибеміздің ұлғаюына септігін тигізді. «Баск-М», «Oracl», «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйелерінде белсене жұмыс атқарып, өзгерістердің енгізілу барысында тәжірибе алмасу бойынша Қарағанды, Астана қалалық қазынашылық органдарымен жұмыс жасадық.

2007-2017 жылдар аралығында бөлімнің қызметтері бұрынғыдан да көбейе түсті. Мәселен, ақылы қызмет шоттары бойынша жоспарлар мен оған енгізілетін өзгерістер, мемлекеттік мекеменің жасаған төлемдер сомасын есептеу және ақша аударымдарын қайтару сияқты жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, олардың сапалы орындалуына аса көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда департамент мамандары республикалық бюджетті атқару және жергiлiктi бюджеттердің атқарылуына қызмет көрсету, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы бойынша операцияларды есепке алу, сонымен қатар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің жеке жоспарларын қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесіне жүктеу операцияларын жүзеге асырады.

«Жақсы жұмыс — жанға тыныс» демекші, мен өз қызметімді мінсіз атқаруға бар күш-жігерімді салып келемін. Осы еңбегім бағаланып, бірнеше мәрте Қаржы министрінің, Қазынашылық комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, Алғыс хаттарға ие болдым.

Қазіргі таңда департаментте бөлім басшысы қызметімен қатар кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарамын. Мемлекеттік мерекелерде кәсіподақ ұйымы департамент қызметкерлерімен бірге зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагерлерімен кездесу ұйымдастырып, аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық шараларын өткізеді.

Сөз соңында барлық әріптестерімді қазынашылық жүйесінің 25 жылдығымен құттықтаймын.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Құрметті қазынашылар!

Сіздерді төл мерекелеріңіз — Қазынашылық органдарының 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Қазынашылық комитеті тәуелсіз­дік жыл­дарында өзін уақыт пен қоғам талабына сай дамыған қаржы институты ретінде көрсете білді.

Бүгінгі күні қазынашылық қызметі Мемлекет басшысы қойған негізгі мақсат — мемлекеттік қаржыны тиімді басқару жолында жемісті жұмыс атқарып келеді.

Қазынашылық департаменті мекемесі ел қазынасын тиімді басқарып, экономиканың артуына және қоғамның әлеуметтік дамуына сүбелі үлестерін қосуда.

Осынау игілікті істе қанаттарыңыз талмасын, қажыр-қайраттарыңыз қашанда арта бергей!

Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

Құрметпен,

Ақтөбе облысының әкімі                                          Бердібек САПАРБАЕВ.

 

ҚҰРМЕТТІ ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ!

Сіздерге қиын да күрделі жағдайларда түйінді мәселелерді шеше білген еңбектеріңіз үшін алғысымызды білдіре отырып, шын жүректен мерейтойларыңызбен құттықтаймыз!

Нәтижелі еңбекке қол жеткізу үшін сіздермен жұмыс жасау біз үшін маңызды. Әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуде қаржылық тұрақтылықты сақтау — сіздердің қолдарыңызда!

Сіздердің бірлесіп еткен еңбектеріңізге алғыс айта отырып, алдағы уақытта өзара қарым-қатынастардың нығаюы мен көрсеткіштердің артуына сенім білдіреміз. Сіздердің кәсіби біліктілігіңіз бен жалпыға ортақ сүйіспеншілігіңіз — тұрақты дамудың кілті!

Еліміздің және қаламызды өркендету жолында сіздердің ұжымдарыңызға толағай табыстар мен жаңа белестер, жеңістер тілейміз! Мерейтойларыңыз құтты болсын!

Ақтөбе қаласының әкімі                                         Ілияс ИСПАНОВ.

 

Құрметті Қазынашылық ЖҮЙЕСІНІҢ қызметкерлері!

Сіздерді қазынашылық жүйесінің 25 жылдығымен құттықтаймыз!

Сіздердің мол тәжірибелеріңізді, жұмысқа деген жауапкершіліктеріңізді, алға қойған  міндеттерді тиімді атқарудағы еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз.

Бүгінгі күні қиыншылығы мен жауапкершілігі мол қызметтеріңізге табыс, деңдеріңізге саулық тілейміз!

ҚР Мемлекеттік қызмет істері

                 және сыбайлас жемқорлыққа қарсы

                                              іс-қимыл агенттігінің

                       Ақтөбе облысы бойынша департаменті.

Құрметті Қазынашылық ЖҮЙЕСІНІҢ қызметкерлері!

Сіздерді ведомствоның құрылғанына 25 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Қазынашылық жүйесі өзінің қызметінде барлық деңгейде тиімді мемлекеттік қаржыны басқарудың ақпараттық негізі екенін, сондай-ақ бюджеттің орындалуын қатаң бақылауға ала отырып, дамыған қаржы институты екенін көрсете білді. Мұның бәрі қазынашылық қызметкерлерінің сауатты және білікті жұмысының арқасында жүзеге асырылып отыр.

Сіздерге экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуге ықпал еткен адал еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Ұжым мамандары өз міндеттерін табысты орындап, бюджет қаржысының уақтылы өтуін қамтамасыз етеді. Қазақстан қазынашылығы алдында тұрған міндеттерді сіздердің жоғары кәсіби қасиеттеріңіз, тәжірибелеріңіз, ең озық технологияларды енгізу мен дәстүрге адалдықтарыңыз табысты түрде шешуге мүмкіндік береді және Ақтөбе облысының игілігі үшін адал еңбек етуге деген ықыластарыңыз сіздің жұмысыңызда басты бағыт болып қала береді.

Қазақстанның қазынашылық жүйесіне қызмет ету жолында сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат және еңбектеріңізге жеміс тілейміз!

Облыстық қаржы басқармасының ұжымы.

 

Құрметті қазынашылық департаментінің қызметкерлері!

Сіздерді Қазақстан Республикасы қазынашылығының құрылғанына 25 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймыз.

Қазақстан қазынашылығы еліміздің бюджет жүйесінің буыны ретінде мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінде лайықты орнын ала отырып, қалыптасу мен дамудың даңғыл жолынан өтті.

Қазынашылық органдары өздерін мемлекет мүддесінің сенімді қорғаушылары ретінде танытты және бүгінде еліміздің бюджет саясатының басты тірегі. Бюджет қаражатының  ашықтығы, тұрақтылығы және сақталуының жоғары дәрежесін қамтамасыз ету бойынша төтенше маңызды мемлекеттік міндеттерді орындай отырып, сіздер ең жоғары бағаға  лайықсыздар. Бюджет табыстары мен шығыстарын басқарудағы мақсатқа талпынушылық, табандылық және жоғары кәсібилік сіздерге деген қоғамдағы шынайы құрмет пен беделді қалыптастырды.

Қазынашылық жүйесінің барлық қызметкерлеріне жемісті еңбегі үшін алғыс білдіреміз.  Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаментін құруға өздерінің күш-жігері мен білімін жұмсаған, кәсіби ұжымын құруға үлес қосқан қызметкерлер мен   ардагерлерге ризашылығымызды айтқымыз келеді.

Мерейтой қарсаңында қазынашылық жүйесі қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, елімізге тыныштық пен бейбітшілік, ең батыл міндеттерді іске асыруда табыстар мен сәттіліктер тілейміз.

Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік

аудит департаменті.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*