Басты бет » Басты жаңалықтар » «Қолғанат-Ақтөбе» көмек көрсетіп жатыр

«Қолғанат-Ақтөбе» көмек көрсетіп жатыр

 Ақтөбедегі «Қолғанат-Ақтөбе» қорының құрылғанына екі жылдан асты. Осы уақыт ішінде қор қаншама мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті. Оның ішінде көпбалалы, әлеуметтік жағдайы  нашар отбасылар мен науқас балалар бар. Жыл басталғалы екі айдың ішінде үш отбасыға көмек көрсетіліпті.

Әлемдік тәжірибе негізінде жұмыс жасайтын қордың жұмысы көпшілікке ашық әрі жариялы түрде жүргізіледі. Жалпы қор құру туралы бастаманы осыдан екі жыл бұрын қала әкімі Ілияс Испанов көтерген болатын. Себебі, әкімдікке көмек сұрап келетін адамдар көп. Үкіметтің көмекке зәру жандардың бәрін бірдей қамтуы мүмкін емес, себебі мемлекет тарапынан бұл мақсатқа бөлінетін қаражат шектеулі. Қала әкімінің бұл ұсынысын  іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қолдады, жауапты адамдар бекітілді.

Жалпы әлемде осындай қорлар бар. Олар тұрақты әрі жүйелі жұмыс жасайды. Қорға қаржы  демеушілердің, ұйымдардың  көмегімен жиналады. Бұл қаражат — халықтыкі.

Сондықтан әрбір атқарған жұмыс жария түрде жүргізіледі. Бір тиын да мақсатсыз жұмсалмайды. Қор қалалық әкімдікпен бірлесе жұмыс жасайды. Мәселен, қалалық әкімдікке көмек сұрап барған мұқтаж отбасы мүшесінің арызын тыңдаған тиісті мамандар оны қорға жібереді. Осыдан кейін барып ол жағдайын айтып, арыз жазады. Қор өкілдігінің мәліметінше, түскен арыз жан-жақты тексеріледі, комиссияның жіті қарауынан өтеді. Көмек сұраған отбасының үйіне барады. Содан кейін шешім қабылданады. Қаңтардан бастап үш отбасыға көмек көрсетіліпті. Мүмкіндігі шектеулі Нұрислам есімді баланың анасы қалалық әкімдікке хабарласып, емге ақша сұраған болатын. Көмек «Қолғанат-Ақтөбе» қоры арқылы көрсетілді. Баланың еміне 200 мың теңге бөлінді. Үйі өртеніп, пәтер жалдауға мәжбүр болған көпбалалы ана Ә.Омарова да әкімдікке мұңын шағып келіпті. Қор бір айлық пәтер ақысын, яғни 60 мың теңге төлеп берген. Ал үш баланың әкесі Мейрамбек Төлеуов көмек сұрап қала әкімінің орынбасары Ибраим Көзбаевқа барады.

— Үш балам бар. Екі ұлым мүгедек, қызым үш айлық. Балаларым жиі ауыратын болғандықтан өз еркіммен жұмысымнан шықтым. «Көлігім болса, балаларымды емханаға апарар едім» деп,  жағдайымды айтып, әкімнің орынбасарына кіргенімде маған көмектесетінін айтты. «Қолғанат-Ақтөбе» қоры арқылы 500 мың теңге ақша берді. Оған «ВАЗ» көлігін сатып алдым. Қазір балаларымды емге осы көлік арқылы апарып, әкеліп жүрмін. Менің жағдайымды түсініп, көмек көрсеткен барлық азаматтарға, оның ішінде қор басшыларына алғысым шексіз, — дейді Мейрамбек.

P.S. 2017 жылы Ақтөбеде су тасқыны болып, тұрғындардың баспанасынан айырылып қалғанын көпшілік жақсы біледі. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Осы кезде «Қолғанат-Ақтөбе» қоры алғашқы жұмысын бастады. Қор есепшотына көмек көрсету үшін заңды және жеке тұлғалардан қаржы аударылды. Түскен қаржының барлығы зардап шеккендерге жұмсалды. Осылайша қазір қор тұрғындарға тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*