Басты бет » Әлеумет » Қолы қысқаларға қамқорлық

Қолы қысқаларға қамқорлық

Ақтөбе қаласында бірнеше көпбалалы ана, аз қамтылған отбасылардың үйіне ақысыз негізде көмір түсіріліп беріліп жатыр. Олар — жуырда өткен қоғамдық қабылдауларда мұң-мұқтажын айтып келген тұрғындар.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Вохр елді мекенінің маңындағы саяжайда тұратын Бәлима Байқазақова — көпбалалы ана, зейнеткер. 5 баланы өсірген жалғызбасты ана әлеуметтік жағдайының төмен екенін айтып, атқарушы билік өкілдерінен көмек сұраған еді. Ол, сондай-ақ, көктемгі су тасқынынан зардап шеккендердің бірі.

— 2017 жылы үйім суға кетті. Әлі күнге отбасымызбен соның зардабын тартып келеміз. Амалсыздан сол жерде тіршілік кешіп жатырмыз. Биліктегілер басқа үйге көшіреміз деп уәде беріп еді, онымен ешқандай өзгеріс болмады. Біз тұратын аумаққа газ келіп тұр, бірақ соны үйге тарта алмай отырмыз. Ол үшін 800 мың теңге керек. Ондай ақша менде жоқ. Сосын коммуналдық төлемдер, әсіресе, жарықтың тарифі саяжайдағылар үшін қатты қымбат. Әр айға электр энергиясының өзіне 12 мың теңге шығады. Оны төлеу біз сияқты қарапайым халыққа өте қиынға соғып тұр. Осы мәселелердің барлығын қалада Ашық есік күні ұйымдастырылғанда, басшыларға айтып барғанмын.

Бүгін, міне, азаматтар үйіме 1,5 тонна көмір түсіріп беріп жатыр. Алланың нұры жаусын. Енді баспанамның жай-күйін қарайтын комиссияны күтіп отырмын. Әкімшіліктен «жақында барады» деп хабарласқан. Бір көмегі тиер, — дейді кейуана.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаевбүгінге дейін қоғамдық қабылдауларға келген осындай 9 ананың баспанасына көмір жеткізілгенін айтады. Оның сөзінше, барлығы 18-19 отбасыға көмек көрсетілмек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*