Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылды «халықтың өмір сүру сапасын арттыру жылы» деп жарияладық

Бердібек САПАРБАЕВ: Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылды «халықтың өмір сүру сапасын арттыру жылы» деп жарияладық

Жұма күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Облыстың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2019 жылға арналған міндеттері туралы» тұрғындар алдында есеп берді. Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында өткен есепті кездесуге Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Асхат Қайнарбеков, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, ҚР Премьер-Министр кеңсесінің бас инспекторы Бекболат Әлмәдиев, сондай-ақ облыстық құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен мәслихат депутатары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар және облыс тұрғындары қатысты. Ал аудан тұрғындары жиынға жергілікті жерлерде бейнеконференция байланысы арқылы қосылды. Жалпы облыс әкімінің есепті кездесуін сол сәтте 5 мыңнан астам  адамға, сондай-ақ  әлеуметтік желілер арқылы тікелей көруге мүмкіндік туғызылды.

ОБЛЫС ЭКОНОМИКА ӨСІМІН ЕКІ ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН 5 ПАЙЫЗ ДЕҢГЕЙДЕ ҰСТАП КЕЛЕДІ

Облыс әкімінің есеп беру жиналысы ҚР Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Содан соң мінбеге көтерілген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев залдағы лық толы халықтың алдында «Облыстың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2019 жылға арналған міндеттері туралы» есепті баяндамасын оқыды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысы экономика өсімін екі жыл қатарынан бес пайыздық деңгейде ұстап келе жатқандығын айтты. Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді жүзеге асырудың арқасында жаңа кәсіпорындарды іске қосу, қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және цифрландыру есебінен барлық маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің қарқынды өсуін қамтамасыз ету мүмкін болғанын атап өтті. Атап айтқанда, өнеркәсіптің есептік кезеңдегі өсімі 5,6 пайызды құрады, жалпы өнеркәсіп өндірісінде рекордтық 1,9 триллион теңгенің өнімі өндірілді.

Өткен жылы өңірімізде қоғамдық-саяси жағдай тұрақты болды. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесінде сіздердің бірліктеріңіз бен қолдауларыңыздың арқасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасы өткен жылы толығымен орындалды. Барлық негізгі экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер былтырғыдан, республиканың көрсеткіштерінен жоғары болды. Біз үшін ең маңыздысы — өндірісті дамыту. Былтыр біздің кәсіпорындар 1 триллион 900 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Өңірдің экономикасына 516 миллиард теңге инвестиция тартылды.  Ауыл шаруашылығы саласында да 228 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ең үлкен көрсеткіштердің бірі — Ақтөбе тарихында біз бірінші рет 908 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың бірі — жұмыссыздар санын көбейтпеу. Бұл көрсеткіш республика көрсеткішінен төмен. Облыста тіркелген жұмыссыздар саны — 21 мың адам. Қазіргі таңда халықты жұмыспен қамтуда ешқандай мәселе жоқ, — деді облыс әкімі.

Облыс әкімі өз сөзінде Елбасы жүктеген тапсырмалардың бірі — бағаны заңсыз, негізсіз өсірмеу мәселесіне де тоқталды. 2017 жылмен салыстырғанда былтыр облыста инфляция 4,7 пайызды құраған. Өткен жылы аймақта салық жинау көлемі өсуінің нәтижесінде 537 миллиард теңге көлемінде бюджетке кіріс түскен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, қаржыны игеру көрсеткіші  — 100 пайыз.

Облыс әкімі суармалы егіншілікті дамытумен қатар, мал шаруашылығын, дәстүрлі емес салаларды, өңіраралық кооперацияны дамыту мен жаңа технологияларды енгізу де басымдыққа ие екенін атап өтті.

Елбасы тапсырмасымен барлық жерде Агроөнеркәсіп кешеніне инновацияларды енгізіп жатырмыз, егістіктерге спутниктік мониторинг енгізіліп, технологиялық карталар автоматтандырылуда, астықтың қозғалысын, сақталуы мен қайта өңделуін есепке алу бақылауға алынуда. Алдағы уақытта смарт-ферманы іске асырып, нүктелі егін шаруашылығын енгізу жоспарлануда, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

БИЫЛ ОБЛЫСҚА  600 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛАДЫ

2018 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының экономикасына

516 млрд теңге инвестиция тартылды. 2017 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 78,1 млрд теңгеге немесе 10,8 пайызға өскен. Бүкіл инвестицияның үштен бір бөлігі — шетелдікі, — деп жеткізген облыс әкімі халықпен есепті кездесу кезінде биыл облысқа кем дегенде 600 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылатынын атап өтті.

Жиында облыс экономикасын көтеруде өндіріс көлемін ұлғайту, оның ішінде қайта өңдеу саласын жетілдіру жайы сөз болды.

— Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес экономиканың түрлі салаларына шетелдік инвестицияларды тартудың белсенді жұмыстары жалғасуда. Өңірге трансұлттық корпорациялар мен өзге де ірі шетелдік компаниялардың келуінің арқасында бізде оң қарқын байқалады. Бүгінде облыс аумағында жеті трансұлттық компания жұмыс істейді. Олардың қатарына былтыр Қарғалы ауданында құны 33 миллиард теңге болатын жел электр стансасын салып жатқан «Eni» және «General Electric» әлемдік алпауыттар кірді, — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев өңдеуші саланың кейбір ірі инвестициялық жобаларына да тоқталды.

Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  Жолдауына сәйкес, 2017 жылдан бастап Ақтөбе облысында кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру жұмыстары жандандырылды. Екі жылдың қорытындысы бойынша, облыста жалпы сомасы 105 млрд.теңгеге шамамен 75 кәсіпорын жаңғыртылған.

Цифрландыруды дамыту және жаңа технологияларды енгізу еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді. Биыл тек өнеркәсіптің өзінде кемінде 50 кәсіпорынды жаңғыртып, цифрландыру жоспарлануда. Нәтижесінде олардың еңбек өнімділігі 7 пайызға, ал өнеркәсіп көлемі 14 пайызға артуы тиіс, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сол сияқты есепті кездесуде облыс әкімі Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуы турасында айтты.

— Бізде тұрғын үй секторын дамытуда берік іргетас қаланды. 2018 жылы 908 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы басымдықта қалып отыр,  одан әрі «көп және қолжетімді» қағидаты бойынша салатын боламыз. «Көп» деп ағымдағы жылдың 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді іске қосу жөніндегі міндеті, ал «қолжетімді» деп қазіргі заманғы технологияларды енгізу және жергілікті өндірушілердің құрылыс материалдарын пайдалану есебінен тұрғын үй құнын арзандату деп түсіндіріледі. Өңір үшін рекордтық тұрғын үй құрылысының көлеміне «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асырудың арқасында қол жеткізіледі. Бастапқы жарна 20-дан 10 пайызға дейін төмендетілген, —  деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Төртінші бастаманың аясында мыңдаған ақтөбелік шағын несие беру қызметін пайдалана отырып, өз ісін бастай алады. Бұл мақсатқа биыл  5 миллиард теңге бөлінеді, ол қосымша 2000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға және экономика құрылымындағы шағын және орта бизнес үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

2019-2020 жылдары 7 мың адам тұрып жатқан 13 елді мекен газдандырылатын болады. Облыс басшысының айтуынша, өңірдің газдандыру деңгейі — 89 пайыз.

Облыс әкімі  есепті кездесуде Мемлекет басшысының коммуналдық қызмет тарифтерін төмендету туралы тапсырмасының облыс аумағында орындалу барысына тоқталып өтті. Сол сияқты ол денсаулық сақтау, білім беру, халықты шағын несиемен қамтамасыз ету сияқты өзге де әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәлім болғандай, биыл облыста қосымша 29 медициналық ұйымның құрылысы жүргізіліп, 16 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтпек. Былтыр облыста 1123 бала тегін емделген. Оның ішінде 7 бала шетелде ем қабылдаған. Облыс әкімінің айтуынша, бұл жұмыс биыл да өз жалғасын таппақ.

Биыл облыста 15 мектеп іске қосылмақ. Соның нәтижесінде үш ауысымдық, апатты жағдайдағы мектептер саны азайтылмақ.

Жиында өңір басшысы жол салу ісіне де тоқталды. Биыл облыста 500 шақырым көлік  жолдары қайта салынып, күрделі және орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар облыс әкімі Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көлік автопаркіне тұтастай жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін айтты. Биыл облыс орталығына қоғамдық тасымал үшін 120 жаңа автобус сатып алынбақ.

70 МЫҢ АҚТӨБЕЛІКТІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСТІ

Біз өткен жылды «Экономиканың даму жылы» деп жариялаған болатынбыз. Биылғы жылды Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Халықтың өмір сүру сапасын арттыру жылы» деп жарияладық. Негізінен барлық жасалатын шаралар, жұмыстар халықты әлеуметтік қорғауға арналады. Ең бірінші кезекте халықтың әл-ахуалын өсіруіміз қажет. Ол үшін экономика мен бизнес дамып, халық үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Сол сияқты, жастарға да тиісті жағдайлар жасалуы керек, — деді есепті жиында Б.Сапарбаев.

Облыс басшысының айтуынша, биылғы жылғы ең маңызды міндеттердің бірі — халықтың кіріс көзін көбейту.  Былтыр облыста орташа жалақының көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 109 пайызға көбейіп, республикада жоғары нәтижеге ие болған. Өткен жылы орташа жалақының мөлшері 137 мың теңгені құрады.

Былтыр ең төменгі жалақыны көбейту жөнінде Елбасы алдымызға міндет жүктеді. Соның нәтижесінде 70 мың ақтөбеліктің жалақысы орта есеппен

1,5 есеге өсті. Осыған қосымша біз барлық кәсіпорын, бизнес құрылымдар басшыларына 42 мың теңге төңірегіндегі  жалақыны да көбейту жөнінде өтініш жасадық. Олар біздің ұсынысымызды қабылдап, нәтижесінде 176 мекемеде

32 мың адамның жалақысы орташа есеппен 10 пайызға көбейді. Оның үстіне мерекелерге қарсы осындай құрылымдардың басшыларына еңбеккерлерге қосымша сыйақы беру жөнінде  тағы да өтініш жасаған едік. Былтыр 36 мың жерлесімізге 3,5 миллиард теңгенің қосымша сыйақысы берілді, — деді Бердібек Сапарбаев.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУҒА КЕЛГЕН БІРДЕ-БІР АЗАМАТТЫҢ АРЫЗЫ ҚАРАУСЫЗ, ҚОЛДАУСЫЗ, КӨМЕКСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Есепті кездесу барысында Бердібек Сапарбаев облыста көпбалалы отбасыларға қалай көмек көрсетілетіні жайында айтты. Елбасының халықтың әл-ауқатын көтеру туралы тапсырмасын орындау аясында облыста биыл көпбалалы, табысы төмен отбасылар мен аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік жағынан қолдаудың қосымша шаралары енгізілетін болады.

Көпбалалы отбасыларға баспана сатып алу үшін бастапқы жарнаны субсидиялауды енгізуді, аз қамтылған отбасыларға берілетін бір жолғы жәрдемақыны 70 мыңнан 140 мыңға дейін көбейтуді, әлеуметтік топтағы  отбасылардың балаларына мектепке дейінгі мекемелердегі тамақтану төлемін  70 пайызға төмендетуді жоспарлап отырмыз. Сол сияқты, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар мектепте ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілетін болады. Халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарын оқытуға, қайта оқытуға қосымша қаржы бөлінеді. Жалпы, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының ішінен 3 мың ақтөбелік қайта оқытылады, тағы бес мың адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылады. Көпбалалы аналарды жұмысқа орналастыруда ешқандай қиындық туындамайтын болады. Аталған шараларды жүзеге асыру үшін қосымша кемінде 1 миллиард теңге бөлінеді, — деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі жалпы әлеуметтік салаға кететін шығын облыс бюджетінің 50 пайызын құрайтынын айтты.

Былтыр көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 20 мыңнан аса адам атаулы әлеуметтік жәрдемақы алып, 22,2 мыңнан астам бала «Мектепке жол» және «Қамқор» акциялары аясында қолдауға ие болыпты, 14,6 мың оқушы тегін тамақпен қамтылып, 120 мың бала ел аймақтары мен шетелдерде жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалған. Сол сияқты жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған 136 бала баспаналы болды. Түрлі акциялар аясында 265 мың ақтөбелікке 3,4 млрд теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетіліпті.

Биыл 8 ақпаннан бастап облыста «Ашық есік күндері» ауқымды акциясы аясында Ақтөбе қаласында төрт жерде, барлық аудандарда жұмыс топтары жұмыс жасады. Кешелі-бүгінгі мәліметті есептейтін болсақ, барлығы 4200 адам қоғамдық қабылдауда болып, олар 4700-ге жуық мәселе көтерген. Негізгі проблемалар — жәрдемақы, пәтер және жер алу мәселелері. Бұл мәселелердің барлығы Заңға сәйкес, өз ретімен шешіледі. Қоғамдық қабылдауға келген бірде-бір азаматтың арызы қараусыз, қолдаусыз, көмексіз қалмайды. Біз ең бірінші кезекте қолдауды, көмекті нағыз қажет ететін азаматтарға көрсетеміз. Ол көмек те біздегі кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің есебінен жүзеге асырылады, — деген облыс әкімі былтыр 33 мыңға жуық көпбалалы, тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне қолдау көрсетілгенін атап өтті.

208 МЫҢ ЖАС ЖАСТАР ЖЫЛЫНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРЕДІ

Халықпен кездесу кезінде облыс басшысы Жастар жылының өңірде қалай өтетінін де баяндады. «Ақтөбе облысында өтетін Жастар жылының іс-шаралар жоспарының негізі былтыр қараша айында болған «Жас барыс» алғашқы өңірлік форумында жастардың өздері айтқан ұсыныстар мен идеялар негізінде құрылды. Жоспарға сай облыста 300-ден аса іс-шара өтеді. Оның ішінде 14-29 жас аралығындағы 200 мыңнан аса ақтөбелікті қамтитын халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шаралар да бар. Олардың барлығы да Елбасының жастарды баспанамен, жұмыспен, қолжетімді кәсіби біліммен қамтамасыз ету, жастардың кәсібін қолдау, еріктілер қызметін жандандыру, патриоттық ұйымдарды күшейту бойынша қойған міндеттерін шешуге бағытталған»,— деді Б.Сапарбаев.

Айта кетейік, Жастар жылындағы іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру ендігі белсенді кезеңге енді. Мәселен, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бірегей бағдарлама іске қосылды, оған сәйкес облыстың 29 жасқа дейінгі тұрғындары алдын ала жарнасы 350 мың теңге және ай сайынғы төлемі 35 мың теңге болатын бір бөлмелі пәтерді ипотекамен сатып ала алады. Осы бағдарламаның алғашқы пәтерлеріне елу ақтөбелік жас ие болды.

Өңір басшысы кездесу барысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жұмысшы жастарға,  еріктілер ұйымына, сонымен қатар спорттық инфрақұрылымды дамытуға көп көңіл бөлінетінін мәлімдеді.

Мәселен, Ақтөбеде құны 2 млрд теңге болатын Ақпараттық технологиялар орталығының, жеңіл атлетикалық манеж, бокс орталығы құрылысы басталды. Ал аудан орталықтарында тоғыз заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады деп жоспарланып отыр. Жастардың кәсіпкерлік бастамасы бұлардан басқа стартаптарды қаржыландыруға 40 млн теңге бөлу арқылы қолдау таппақ.

Ақтөбе облысы халқының төрттен бір бөлігі немесе 208 мыңы — 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Облыс әкімі олардың ешқайсысы Жастар жылының артықшылықтарынан кенде қалмайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, ол есепті кезең ішінде Елбасы бастамалық еткен «Ауыл — ел бесігі» ауқымды жобасы Ақтөбе облысында да кең қолдау тапқанын айтты.

Б.Сапарбаев облыс орталығының барлық тұрғынын Ақтөбе қаласының 150 жылдығын атап өтуде  белсенділік танытуға шақырды. «Біздің облыс үшін Ақтөбе қаласының құрылғанына 150 жыл толу мерекесі 2019 жылдың басты оқиғасы саналады. Қазіргі уақытта аталмыш күнді мерекелеуге кең көлемде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала күніне арналған барлық іс-шаралар шаһардың дамуы мен инвестициялық және туристік тартымдылығының артуына септігін тигізеді. Ақтөбеліктердің туған жерінің  дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосатындарына сенімдімін, — деп сөзін қорытындылаған облыс әкімінің есепті кездесуі тұрғындардың жеке және әлеуметтік мәселелер жайында қойған сауалдарына жауап беруімен жалғасты.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*