Басты бет » Әкімдер есебі » Ақтөбеліктерді толғандыратын мәселелер

Ақтөбеліктерді толғандыратын мәселелер

Облыс әкімінің баяндамасы аяқталғаннан кейін жиналғандар залға қойылған микрофондар арқылы  өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды.  Арасында аудандарға, әлеуметтік желі арқылы қойылған сұрақтарға  кезек берілді.

 Ж.Әбдіразақова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Жолдасым 11 жыл бұрын қайтыс болды. Үш балам бар, кенжесі ерекше бала. Үй мәселесіне байланысты келіп тұрмын. Мемлекеттік үй кезегінде тұрғаныма 10 жыл болды.

 

Бердібек Сапарбаев:

— Үй заңға сәйкес беріледі. Үй алғысы келетін мұқтаж азаматтар кезекте тұруы керек және оларға үй кезек бойынша берілуі тиіс. Екіншіден, бірнеше күннен бері мобильді топтар жұмыс істеп жатыр. Мобильді топ арыз берген азаматтардың үйлерін аралап, жағдайларымен танысуда. Егер осы азаматтар тұрғын үйге шын мәнінде мұқтаж болатын болса, онда оларға үйге қатысты бірінші кезекте көмек көрсетіледі. Сіз 10 жылдан бері кезекте тұрмын дедіңіз, кішкене шыдаңыз, кезегіңіз бойынша пәтер аласыз.

 

Б.Айтқұлов, ардагер:

— Былтыр Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев коммуналдық қызмет көрсетушілерге бағаны реттеуге қатысты тапсырма берген болатын. Бірақ облыстың монополистері бұл тапсырманы дұрыс орындамай отыр. Осыған байланысты облыстық әкімдіктің  тарифтерді төмендетуге қатысты қандай іс-шаралар жүргізіп жатқанын білгім келеді?

 

Бердібек Сапарбаев:

— Бағаны заңсыз, негізсіз көтермеу жөнінде өз есебімде айттым. Барлық монополистер 1 қаңтардан бастап бағаны төмендетті. Қазір осы мәселеге қатысты құрылған жұмыс тобы бар. Біз оларды ай сайын тексеріп отырамыз: негізсіз, заңсыз бағаның, тарифтің көтерілуіне жол берілмейді.

 

Бауыржан Ердауылұлы, қала тұрғыны:

—Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы халықтың көңілінен шыққан маңызды мақала болды. Ақтөбе облысы — тарихы бай өңір. Десек те, зерттелмеген тың тақырыптар әлі де баршылық. Облыста осы мақала аясында қандай жұмыстар жүзеге асырылады?

 

Бердібек Сапарбаев:

— Өте орынды сұрақ. Біз осы мақала жарияланған күннен бастап жұмыс істеп жатырмыз. Арнайы құрылған жұмыс тобы, бекітілген іс-шаралар жоспары бар. Осы іс-шаралар жоспарына сәйкес Ақтөбе төңірегіндегі ескерткіштер, тарихи орындар зерттеледі. Содан кейін олар туралы кітаптар, жинақтар шығарылады, деректі фильмдер түсіріледі, түрлі ғылыми конференциялар, кездесулер өткізіледі. Жалпы, жұмыс қыркүйек айында қорытындыланады.

 

Гүлжан Дулатбай, зейнеткер:

 

— Мен ардагер ұстаз ретінде, әсіресе білім саласында, бала тәрбиесіне қатысты істелген жұмыстарға, балалар баратын әлеуметтік нысандардың, тәрбие ошақтарының салынып жатқанына ризашылығымды білдіргім келеді.  Әсіресе, мектептерге қазақтың көрнекті  тұлғаларының атын беру үрдісінің қолға алынғанына ризамын. Мысалы, Ақтөбеде мектептерге Абайдың, Міржақып Дулатовтың, жақында ғана ашылған тағы бір мектепке Әбіш Кекілбаевтың атын бергені көңілге жылылық ұялатады. Менің немерем Абай атындағы мектепте оқиды. Немеремнен: «Қай мектепте оқисың?» деп сұраса: «Абай атаның мектебінде оқимын», — деп жауап береді. Мұның өзі баланың бойында патриоттық сезім ұялатады. Ана ретінде, әже ретінде, ардагер ұстаз ретінде алғысымды білдіремін.

 

Бердібек Сапарбаев:

— Білім мен тәрбие — ұрпақ үшін ең қажетті нәрселер. Еліміздің дамуы үшін де біздің балаларымыз  білімді және тәрбиелі болуы керек. Сондықтан бұл мәселеге ұдайы көңіл бөліп келеміз. Мектептердің атауына қатысты да дұрыс айттыңыз, бұл жұмыс әрі қарай жалғасатын болады. Біздің ұрпағымыз қазақтың көрнекті  тұлғалары туралы, олардың елге сіңірген еңбегі туралы білуі керек.

 

 

Райхан, «Нұр Ақтөбе» ауданының тұрғыны:

— Біздің ауданға автокөлік тұрағы қажет. Білгім келгені: біздің ауданға автотұрақ салына ма? Қашан салынады?

 

Бердібек Сапарбаев:

— Сұрағыңыз орынды. Біз бұл мәселе туралы білеміз. Қазір «Нұр Ақтөбеде» бір автотұрақ бар. Қазіргі уақытта қала әкіміне жеңіл көліктер үшін автотұрақ салуға қатысты тапсырма берілді.

 

 

Мырзабай Бердібаев, зейнеткер, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1667-1756 жылдары өмір сүрген Тама Есет батырмен үзеңгілес Қырықмылтық Шоғы батырға ескерткіш орнатып, атына көше беруді сұраймыз.

 

Бердібек Сапарбаев:

— Шоғы батырға ескерткіш орнату жөнінде Байғанин ауданының әкіміне тапсырма берілді. Ол үшін батырдың ұрпақтары қаржы жинауы керек, содан кейін біз жер бөлу, ескерткіштің жан-жағын абаттандыруға қатысты көмек көрсетеміз.

 

Азамат Қалмағамбетов, Қобда ауданындағы Қарақыпшақ Қобыланды мемориалды кешенінің қызметкері:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары аясында былтыр көптеген іс-шаралар атқарылды. Қаламызда облыстық өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынды. Осы ғимаратта Президент кітапханасының жылжымалы көрмесі өткізілді. Осы дәстүрді жалғастыра отырып, Жастар жылы аясында біздің шежірелі өлкеміздің әр ауданының музейлеріндегі жәдігерлерден жылжымалы көрме өткізсек деген ұсынысым бар.

 

Бердібек Сапарбаев:

— Бұл жұмысты бастап кеттік. Әрбір аудандық музейлердің жылжымалы көрме өткізуге қатысты кестелері жасалған. Соған сәйкес, олар, өздерінің экспонаттарын облыстық мұражайға алып келіп, халыққа көрсетеді.

 

Любовь Жанкина, зейнеткер, Қарғалы ауылының тұрғыны:

— Қарғалы ауылындағы Ақтөбе-Орск жоғарғы трассасы тұсында Қарғалы ауруханасы тұр. Бұл жерден автокөлік көп жүреді. Сол себепті жолдан өту қиын. Біздің ауылдың тұрғындары атынан осы жерге бағдаршам орнатуыңызды сұраймын.

 

Бердібек Сапарбаев:

— Аудан әкіміне, ішкі істер департаменті басшысына сол жерге бағдаршам қою туралы тапсырма беремін.

 

Дәуренбек Тәкенов, Байғанин аудандық орталықтандырылған ауруханасының заңгері:

— Мен бюджет саласында жұмыс істеймін. Біраздан бері тұрғын үй кезегінде тұрмын. Ауданда қазір тұрғын үйлер салынып жатыр. Ол кезекте тұрған азаматтарға беріліп жатыр.  Былтыр 28 пәтер берілді. Сондай жұмыс биыл да жалғасын тапса екен, қаражат бөліп, көмектессеңіз екен деген тілегім бар.

 

Бердібек Сапарбаев:

— Тұрғын үй тек Байғанин ауданында ғана емес, басқа аудандарда да салынып жатыр. Бұл жұмыс биыл да жалғасатын болады.

 

Күләнда, зейнеткер:

— Қалада бірқатар нысандар салынып жатыр. Жастар баратын жерлер көп. Спортпен айналысатын жастардың көп екендігін көріп, риза боламын. Менің мынадай ұсынысым бар:   зейнеткерлер де спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанғымыз келеді. Алайда, зейнеткерлерді шақырған жарнамаларды еш жерден көре алмаймыз…

 

Бердібек Сапарбаев:

— Салауатты өмір салтын ұстанамыз, спортпен айланысамыз деген азаматтардың барлығына қолдау көрсетеміз. Алдағы аптада зейнеткерлердің қай жерлерде, қай уақытта спортпен айналысуларына болатыны жөнінде хабарламалар берілетін болады, мен бұл туралы тиісті адамдарға тапсырма беремін.

 

Жазира, Мәскеу ауданының тұрғыны:

— Біздің ауданда ашық құдықтар жиі кездеседі. Бұл мәселеге қатысты «Ақбұлаққа» да хабарластық. Олар жағдайды реттегенімен, құдықтардың қақпақтарын ұрлау жағдайлары әлі де бар. Қақпақтарды басқа түрлі қақпақтармен ауыстыруға бола ма?

 

Бердібек Сапарбаев:

— Бұл мәселе бақылауда. Тиісті тұлғалар сіздің мекенжайыңызды жазып алып, нақты қандай құдықтар екенін анықтап, жағдайды реттейтін болады.

 

Әлеуметтік желілерден түскен сұрақ:

— Медицина саласында жасалып жатқан жұмыстарды көріп, біліп жүрміз. Алайда медицина саласында әлі де болса кемшіліктер бар. Соның ішінде жедел жәрдемнің кешігіп келуінен, дәрігерлердің салғырт қарауынан қанша адам зардап шегіп жатыр.  Осы жедел жәрдемнің жұмысын қалай жүйелеуге болады?

 

Бердібек Сапарбаев:

— Біз Қазақстанда бірінші болып мемлекеттік жекеменшік серіктестік негізінде жедел жәрдем стансасын салдық. Ол жерде барлығы автоматтандырылған. Оған қоса Ақтөбеге жаңадан 32 жедел жәрдем көлігі әкелінген болатын, олар қазір жұмыс жасап жатыр.

Осыдан 2-3 ай бұрын жедел жәрдем стансасында осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін арнайы мәжіліс өткіздім. Стансаның басшысы орнынан босатылған болатын. Қазір кемшіліктерді болдырмау үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.

 

Болат Қамысбаев, Семей полигонының ардагерлері облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

— 1949-1989 жылдар аралығында ядролық полигонның сынақ аймағында Ақтөбе облысынан 11 мың адам әскери міндетін атқарған. Қазір диспансерлік тізімде 1800 адам тұр. Оның 317-сі — мүгедек. Жақында біздің бірлестіктің жиыны өткізілді, сонда Семей ядролық полигонында қайтыс болған боздақтарымызға арнап ескерткіш ашу туралы мәселе көтердік. Аталары, әкелері қайтыс болған азаматтар Семей полигонының жабылған күні, яғни 29 тамызда, сондай-ақ 9 мамырда сол  ескерткішке барып тұрсақ деген ұсынысымыз бар. Бұл мәселе 2008 жылдан бері айтылып келе жатыр, бірақ әлі күнге дейін қанағаттанарлық жауап ала алмадық.

 

Бердібек Сапарбаев:

— Бұл жөнінде  орынбасарым Марат Тоқжанов пен қала әкімі Ілияс Испановқа тапсырма беремін.

 

Ақтөбе қаласы Мәскеу ауданының тұрғыны:

— Көп уақыттан бері ел аузынан «Мәскеу ауданы бұзылады» дегенді жиі естиміз. Осы ауданның болашағы туралы айтып өтсеңіз. Және осы ауданда балаларға арналған ойын алаңдары жоқ. Мәселен, 12-шағын ауданы мен Мәскеу ауданының шет жағында қазір қоқыс төгетін үлкен алаң бар. Сол жерді тегістеп, ойын алаңын салса қалай болады екен?

Бердібек Сапарбаев:

— Мәскеу ауданы орнында қалады. Ал ойын алаңы туралы айтқаныңыз дұрыс. Биыл Ақтөбенің 150 жылдығына орай облыс орталығында саябақтар мен спорт, ойын алаңдары салынады. Осы орайда біз Мәскеу ауданын ескереміз.

 

Амангүл, 2-топ мүгедегі, жалғызбасты ана:

— Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі және жалғызбасты ана ретінде облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алып, үлкен қуанышқа бөлендік. Сол үшін Бердібек Машбекұлына өз алғысымды білдіргім келеді.

Гүлжан Алматова, Батыс-2 ауданының тұрғыны:

— Қазіргі таңда Батыс-2 ауданы қарқынды дамуда. Соңғы екі жыл ішінде ауданымызда Теннис орталығы, Мұз айдыны, Жекпе-жек сарайы, т.б. үлкен ғимараттар салынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта осы ауданда әкімшілік орталығы ашылады екен. Сол жерде Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылса деген тілегіміз бар.

Бердібек Сапарбаев:

— Батыс-2 ауданында алдағы уақытта жұмыстар жалғасады, мектептер, балабақшалар салынады. Ал Халыққа қызмет көрсету орталығын салуды болашақта қарастырамыз. Тұрғындарға ыңғайлы болсын деген ниетпен Сәңкібай батыр көшесінде «Халықтық кеңсе» ашылды. Сол орталықта бүгінде күніне 600 түрлі қызмет көрсетіледі, жылына кем дегенде 300 мың адам қызмет алады. Ол жерге автобустар жүреді, тұрған жері де ыңғайлы. Сондықтан біз ұсынысыңызды зерттеп көрейік, жауабын кейін айтамыз.

Көшкінбай Ахметов, зейнеткер:

  • Бүгінгі кездесуде 2018 жылы атқарған жұмыстарыңызды көріп, білдік, біз ризамыз. Сіздің жасаған қызметіңізді оң бағалаймыз. Дегенмен менің айтарым бар: қала тұрғыны ретінде менің қоғамдық көліктердің жұмысына көңілім толмайды. Себебі автобустардағы жүргізушілер мен кондукторлар аялдамалардың атауын дұрыс айтпайды. Мысалы, қаланың орталығында Шәмші Қалдаяқов аялдамасы бар. Өздеріңіз білесіздер, Шәмші Қалдаяқов — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің авторы. Композитордың атағына аялдама берілгеніне көп жыл болды. Алайда әлі күнге дейін автобус кондукторлары аялдаманың атауын ескі атаулармен атайды. Бұл қатарда қаладағы Мәншүк Мәметова, Ғиззат Ибатов, Қарасай батыр, тағы басқа аялдамалар бар. Осыған орай жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелердің жұмысы бір тәртіпке келсе деген ұсынысым бар.

 

Бердібек Сапарбаев:

— Ұсынысыңыз дұрыс. Бұл — жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың кемшілігі. Біз оларға қосымша тапсырма береміз. Аялдамалардың  атауы өз атауымен хабарлануы керек. Халыққа сол аялдама туралы мәлімет беру үшін оның атауы насихатталуы керек. Біз сізді қолдаймыз,  ұсынысыңызды ескереміз.

Есмағанбет Төлеуов, Темір ауданының тұрғыны (онлайн түрде):

— Бүгінгі күні ауданымызда шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі — дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Қазіргі таңда аудандағы спорт мектебінің жағдайы сын көтермейді. Қазір жаңа нысанның құжаттары дайын, сараптамадан өткізілген. Сондықтан биылғы жылы осы орталықтың салынуына қолдау көрсетуіңізді сұраймын.

Бердібек Сапарбаев:

— Жақында ауданда болғанда мен бұл сұраққа жауап берген болатынмын. Тағы да айтамын, алдымен құрылысты саларда оның барлық құжаттарын реттеп, тексеру керек. Екіншіден, салынатын орталықтың құнының қанша екенін айтқанмын. Қазір құрылыс басқармасына тапсырма беріліп, бұл мәселе қолға алынып жатыр. Ал Шұбарқұдықтағы мектептің құрылысы былтыр басталды, биыл оны бітіреміз.

Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Өткен жылы қар уақтылы  шығарылып тұрды. Ал биыл техника жеткілікті болғанымен, қар шығарылмаған бірқатар көшелер бар. Осы мәселе қашан шешіледі?

Осы жерде облыс әкімі қарсы сұрақ қойды:

— Нақты қай жерде, қай көшеде? Сірә, сұрақ иесі бұлай болады деп ойламаса керек, абдырап қалды. «Мысалы, орталық көшелерде…» — деді  сосын сәл тұтығып.

— Күн сайын қаланы аралап жүрген адам ретінде айтайын, көшелердің барлығында қар уақтылы шығарылып жатыр. Жалпы бір мәселені қозғағанда,  нақты дерекке сүйенген дұрыс. «Тисе — терекке, тимесе — бұтаққа»  деп бірдеңені айта салуға болмайды. Сұрақ нақты болуы керек.

Төлеген Жүгінісов, зейнеткер:

— Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» — демекші, Бердібек Машбекұлының жасап жатқан жұмыстарына алғысымды білдіргім келеді. Бұл кісі барлық жерді өзі аралап, көріп жүреді. Бүгінгі күні қаламызда жолдардың жайы жақсарып, асфальт төселуде, үйіміздің қасына балабақша, ойын алаңдары салынды. Күн сайын қаламыз гүлденіп, көркейіп келеді. Сондықтан қала тұрғыны ретінде облыс әкімі Бердібек Машбекұлына және Ақтөбенің дамуына өзінің еңбегін сіңіріп жүрген облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Мұсақызына ерекше алғыс айтамын. Еңбектеріңіз еленіп, ел алдында абыройларыңыз арта берсін!

Татьяна, Қарғалы ауданының тұрғыны (онлайн түрде):

— Біздің ауданда тұрғындарды газбен, сумен қамту, жолдарды жөндеу бойынша көптеген жұмыстар іске асырылуда. Ауыл тұрғындарының жағдайын, әл-ауқатын жақсарту үшін жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде халықтың спортпен айналысуына да жағдай жасалуда. Осы мақсатта өткен жылы Бадамшада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Менің білгім келгені: осы кешеннің құрылысы қашан аяқталады?

Бердібек Сапарбаев:

— Қарғалы ауданындағы спорт кешенінің құрылысы биыл аяқталады. Біз аудан орталықтарында осындай кешендерді салуды қолға алғанбыз. Бұл жұмыстар 2020 жылға дейін аяқталуы керек. Бүгінде 4 ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды. Осы жылы бұл құрылыстардың барлығы пайдалануға беріледі.

41-разъезд тұрғыны:

— Біз №14 автобустың жүру бағытына байланысты қала әкімінің орынбасарынан бастап бірқатар жауапты мамандарға барып, екі жылдан бері арызданып келеміз. Алайда әлі күнге дейін нақты шаралар қабылданған жоқ. Біз шет аймақта тұрамыз. Ауылдың шетінен балалар мектепке  дейін екі шақырым жаяу жүреді. Осы мәселе қашан шешіледі екен?

Бердібек Сапарбаев:

— №14 автобустың жүру бағытын қарау керек, шынымен де балалар екі шақырым жаяу жүрсе, бұл мәселе тез арада шешімін табуы тиіс. Әрине, мұндай олқылықтар бар, біз бұл мәселені  ескереміз.

Гүлмирам Сражова, «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

— Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың атынан шығып тұрмын. Бізге бүгінгі күні еліміздің тыныштығы қымбат. Қазіргі таңда кейбір адамдар ел арасына іріткі салып, айқай-шу шығарып жатыр. Егер біздің елімізде толқулар болса, ең алдымен зардап шегетін —  мүгедек адамдар. Біз денсаулығымызды қайтарып ала алмаймыз… Сондықтан аяқ-қолы сау адамдар оның зор байлық екенін білсе екен.   Біз сонау 90-жылдардағы қиын кезеңдерде тамақты талонмен алған шақтарды  әлі ұмытқан жоқпыз. Бүгінгідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда біздің тыныштығымыз бұзылмаса екен дейміз. Екіншіден, биылғы Жастар жылында Димаш сияқты дарынды жасымызды атаққа ұсынсақ деген тілегіміз бар.

Бердібек Сапарбаев:

Біз былтырғы жетістіктерге сіздердің қолдауларыңыздың арқасында қол жеткіздік. Сондықтан барлық облыс тұрғындарына, осында отырған ардагерлерімізге көп рақмет!

Ең негізгісі, біздің елімізге тыныштық, бейбітшілік, татулық керек. Сондықтан біз ата-бабамыздан келе жатқан салтымызды, әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды сақтайық! Сіздерге бүгінгі кездесуге арнайы уақыт бөліп келгендеріңізге рақмет айтамын!

Р.S. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың есеп беру кездесуінің 1 сағат 30 минуты тұрғындардың сауалына жауап беруге арналды. Дегенмен кездесуде облыс басшысына тұрғындардан көп сауал түсті. Олар жазбаша түрде және әлеуметтік желілер арқылы да жолданып жатты. Бердібек Сапарбаев қорытынды сөзінде тұрғындардың барлық сауалдары жауапсыз қалмайтынын жеткізді.

Мейрамгүл САТАЕВА

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*