Басты бет » Басты жаңалықтар » Еңбекақы бойынша қарыздарды өтеу — облыс басшылығы бақылауында

Еңбекақы бойынша қарыздарды өтеу — облыс басшылығы бақылауында

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбекақы бойынша қарыздарды өтеу мәселесі бойынша жиын өтті.

12 ақпанға есептегенде еңбекақы бойынша мерзімі өткен қарыздарлық (үш айдан жоғары) — «Жаңатас-Ақтөбе» ЖШС, «Аска Экспо Центр» ЖШС және «Ақтөбе жиһаз компаниясы» ЖШС өндірістік кәсіпорындарында орын алып отыр. Жұмысшылардың алдындағы қарыздың жалпы сомасы 66,4 миллион теңге құрайды.

Бұдан басқа, банкроттық және оңалту процедураларынан өтіп жатқан тағы да төрт кәсіпорында еңбекақы бойынша бұрыннан жинақталған қарыз сомасы 71,1 миллион теңге болып отыр.

Қарыздарды өтеу шаралары туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов баяндап берді.

Облыс әкімі баяндаманы тыңдағаннан кейін Қайрат Бекенов басқаратын арнайы құрылған жұмыс тобынан еңбекақы бойынша борышкерлермен жұмысты күшейтуді талап етті.

«Сіздер бастамашыл топқа кіретін жұмысшылармен тығыз байланыста еңбек етулеріңіз керек. Мемлекеттік кірістер департаменті еңбекақы бойынша қарыздарды өтеу мақсатында кәсіпорындардың мүлкін өткізуді жеделдетуі тиіс. Банкрот-кәсіпорындардың еңбекақы бойынша 2017-2018 жылдан қарыздары бар, олардың барлығының дерлік мүліктері миллиардтаған сомамен бағаланады, ал еңбекақы бойынша қарыздары 40-60 миллион теңге құрайды. Егер жауапты органдар сапалы жұмыс істеген болса, осы екі-үш жылда сол мүліктің бір бөлігін өткізіп, жұмысшылармен есептесуге болар еді» — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы жауапты мекемелерге еңбекақы бойынша қарыздарды өтеудің нақты кестесін жасап, оның толық жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұдан басқа, облыс әкімі әлеуметтік сала ұйымдарында еңбекақы бойынша қарыздың туындауына жол бермеу қажеттігін айрықша атап көрсетті. Бұған дейін бірқатар жеке балабақшалар мен медициналық ұйымдарда осындай проблема туындағаны белгілі болып отыр.

Айта кетер жай, 2018 жылы облыс бойынша мемлекеттік органдардың араласуымен жалпы сомасы 456,1 миллион теңге, ал биылғы жыл басынан бері 6,7 миллион теңге еңбекақы қарызы өтелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*