Басты бет » Басты жаңалықтар » Сенімгерлік басқарудың септігі

Сенімгерлік басқарудың септігі

Пресс-тур

Ақтөбеде тоғыз балабақша сенімді басқаруға берілді. Қазір бұл балабақшаларда 2551 бала тәрбиеленіп жатыр.  ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы №17 бұйрығына сай, 2016 жылы — 2, 2017 жылы — 2 және былтыр 5 балабақша сенімгерлік басқаруға берілген. Бүгінде жеке кәсіпкерлер — құрылтайшылар өз қаражаты есебінен балабақшалардың материалдық-техникалық базаларын жаңартып, күрделі жөндеу жүргізіп, толықтай жабдықтауды өз мойындарына алған. Соның нәтижесінде бюджеттің 560 709 787 теңге көлеміндегі қаржысы үнемделген.

Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовтің айтуынша, балабақшаларды сенімді басқаруға беру — балаларды мектепке дейінгі біліммен, тәрбиемен көбірек қамтуға мүмкіндік береді және балабақша кезегінде тұрғандарды азайтуға септігін тигізеді.

Кеше өңірлік коммуникация өкілдері журналистер үшін арнайы пресс-тур өткізді. Шара барысында тілшілер қаладағы сенімді басқаруға берілген бірнеше балабақшаны аралады.

«Бұлбұл» балабақшасы былтыр шілде айында «Разида» жеке кәсіпкерлігіне сенімді басқаруға берілген. Сыртқы қабырғалары жарылып, шатырынан су кетіп тұрған ескі ғимаратты бүгін «сондай болдыға» қимайсың: шатыры түгел ауыстырылып, есік-терезелері жаңартылған, сыртқы қасбеті де өзгертілген.

— Сенімді басқаруға алғаннан кейін 40 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсап, түгелдей күрделі жөндеу жүргіздік. Шатырынан су ағып, бөлмелер сыз тартып тұрған ғимарат еді. Қазір барлығы жаңарды: 36 терезені ауыстырып, бірнеше темір, ағаш есіктер орнаттық, еденді дұрыстадық. Ауладағы балалар ойнайтын алаң да жаңартылып, беседкалар жасақталды, — дейді балабақша құрылтайшысы Разида Тайшиева.

Осы жерде 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан балабақша меңгерушісі Динара Ұзақбаеваның айтуынша, ұжым бұрынғысынша жұмыс істеп жатыр. Сенімді басқаруға берілген кезде бірқатар тәрбиеші өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Қазір ұжым қатары қайта толыққан.

Қаланың Шанхай бағытындағы Рысқұлов көшесіндегі «Райгүл» балабақшасы бұрын «Күзет» мекемесінің ғимараты болған еді. 2016 жылы жергілікті әкімдіктен сенімгерлік басқаруға алған «Райгүл» ЖШС басшылығы мұнда түгелдей күрделі жөндеу жүргізген.

— Бұл ғимараттың жаңартылып, балабақша ретінде қайта ашылатынын естігенде осы жерде тұратын ата-аналар қатты қуанды. Себебі бұл ауданда балабақшалар көп емес. Әрі, кеңестік кезеңде бұл жерде балабақша болған, кейбір ата-әжелер бұрын осы жерге балаларын алып келген, енді немерелерін тасып жүр. Құрылтайшылар 195 миллион теңге инвестиция салып, күрделі жөндеу жүргізді: іші-сырты түгел жаңартылды, жиһаз, төсек-орындар барлығы жаңадан алынды. Бөлмелер жарық, кең. Тамақтанатын, сабақ өткізілетін, ұйықтайтын бөлмелері бөлек, музыкалық зал, спорт залдары бар. Қазір мұнда 244 бала келеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша және коммерциялық топтар бар. Барлық балалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренеді, хореография, музыка сабақтары жүргізіледі. Бізде білімді, білікті мамандар жұмыс істейді. Елбасының сөзімен айтсақ, білімнің негізі балабақшадан бастап қалыптасады, сондықтан, балаларға саналы тәрбиемен қатар сапалы білім беруге тырысамыз, — дейді балабақша меңгерушісі Тоғжан Мәжитқызы.

8-шағын ауданда орналасқан бұрынғы жұмыспен қамту орталығының ғимаратында бүгінде «Бәйтерек» балабақшасы жұмыс істейді. 2017 жылы тамыз айында сенімді басқаруға берілген. Балабақша құрылтайшысы әрі директоры Әсемгүл Балтабаеваның айтуынша, ғимаратқа күделі жөндеу жүргізу үшін 92 миллион теңге қаржы бөлінген. Ғимарат автономды жылыту жүйесіне қосылған.

— Балабақша жанындағы автотұрақты қайта жасақтап, балалардың ойын алаңы ретінде жабдықтаймыз. Қажетті ойын-сауық құралдарына тапсырыс беріп те қойдық. Елбасының тапсырмасы аясында тұрмыс жағдайы ауыр отбасылардың балаларына көмек ретінде былтыр «Үміт» тобын аштық. Қазір бұл топта 20 шақты бала бар. Бұл балалар бір тиын да ақша төлемейді. Оған қоса қызметкерлердің балалары да осы балабақшаға тегін келеді. Тәрбиешілердің көбі жоғары білімді, балалардың жасына сай сапалы білім беруін, әр балаға өз баласындай қамқорлықпен қарауын қатаң қадағалаймын. Бүгінде барлық қызметкерлердің жалақысы өсті. Қазір 22 тәрбиеші, 11 тәрбиеші көмекшісі, үш аспаз бен күзетшілер жұмыс істейді, — дейді Ә.Балтабаева.

Ә.Балтабаева бұл салада 2009 жылдан бастап жұмыс істейтінін айтады. Қалада алғашқылардың бірі болып жеке балабақша бизнесін бастаған кәсіпкер.

— Бұдан басқа коттедждерді жалға алып, 50 шақты балаға арналып ашылған жеке балабақшаларымыз да бар. Алайда, коттедждерді жалға алғаның үшін ақша төлейсің. Сондықтан әкімдік тарапынан сенімгерлік басқаруға алу арқылы балабақша ісін жүргізу тәжірибесін енгізіп отырғаны — кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Бұл кәсіпкер үшін де, ата-ана үшін де, мемлекет үшін де тиімді тәжірибе, — дейді құрылтайшы.

12-шағын ауданда орналасқан «Димаш» балабақшасына да күрделі жөндеу жүргізілген. Қалалық білім бөлімі берген дерек бойынша, сенімді басқаруға берілгеннен кейін 80 млн теңге көлемінде жеке инвестиция салынған. Балабақша құрылтайшысы Злата Маратқызының айтуынша, ғимарат күрделі жөндеуден өткізілген, терезелер, жылыту жүйесі, радиаторлар, сантехника, кәріз жүйелері, электр желілері, кафель, линолеум, есіктер, өртке қарсы жүйе, асүй бөлмесі тұтастай жаңартылып, жаңа жиһаз, ыдыс-аяқ, төсек-орын, ойыншықтарға дейін жаңасы сатып алынған, бейнебақылау орнатылған.

Сенімгерлік басқаруға берілген балабақшалардың екеуі — «Димаш» және «Бәйтерек» балабақшасы кейін сатып алу құқығымен берілген, қалғаны сатылмайды.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовтің айтуынша, бұл балабақшаларға баратын балаларға мемлекеттік тапсырыс негізінде ақша төленеді.

— Мектепке дейінгі және орта білім беретін ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс орналастыруға жалпы 2 миллиард теңгедей қаржы бөлініп отыр. Бүгінде 82 балабақшаға және 3 жеке мектепке мемлекеттік тапсырыс беріліп отыр. Алдағы уақытта жаңадан салынған аудандардағы мектепке дейінгі және орта білім беретін ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс орналастыру жұмыстары жалғасатын болады. Сонымен бірге балабақшаларда кіші топтарды көбейтуге күш саламыз. Бүгінде балабақша кезегінде 3-6 жастағы 2950 бала тұр. Балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтуға күш салып жатырмыз. Жоспар көп. Бүгінгі күні қаланың әр жерінде көпбалалы аналарды қабылдау жүргізіліп жатқанын білесіздер. Олардың дені балабақшаларға төлейтін ақшаны азайтуды, жеңілдік жасауды сұрап отыр. Себебі бір үйде бірнеше бала балабақшаға баруы мүмкін. Бүгінде осы мәселе бойынша 20 шақты ана ұсыныс айтып келді. Біз бұл ұсыныстарды жинақтап, тиісті органдарға көпбалалы аналардың, мұқтаж отбасылардың өтніштерін жеткіземіз, — дейді С.Сүлейменов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*