Басты бет » Әлеумет » Мобильді топтар жұмыс істеп жатыр

Мобильді топтар жұмыс істеп жатыр

Қалыптасқан жағдайға байланысты Ақтөбе облысында арнайы мобильді жұмыс топтары құрылды. Құрамында жергілікті билік өкілдері мен облыстық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері бар жұмыс тобы сейсенбі күні көпбалалы ана Сәнімгүл Сүйінбаеваның отбасында болып, көптен толғандырып жүрген мәселелерін тыңдады. Көпбалалы отбасының тілегі бойынша азық-түліктер мен киім-кешек апарды.

Мобильді топ өкілдері барған Сәнімгүл Сүйінбаева жолдасы екеуі 4 бала бағып-өсіріп отыр. Жаңа баспана салып алған отбасы мүшелері жергілікті биліктен үйіне газ кіргізіп, үйдің құжаттарын реттеп беруді сұрады.

Жолдасым базарда жұмыс жасайды. Айына шамамен 42 мың теңге көлемінде ғана айлық алады. Өзім бала күтімімен үйде отырмын. Бұрынғы тұрып жатқан үйіміз ескі, төбесі құлайын деп тұрған соң жаңадан үй салып бастағанбыз. Ескі үй қауіпті жағдайда болғандықтан қыстың көзі қырауда жылуы жүргізілмеген үйімізге кіруге тура келді. Бүгін қоғамдық қабылдауға осы өтінішімді айтуға барғанмын. Ұсынысымды тыңдап, үйіме арнайы келіп жатқан билік өкілдеріне рақмет айтамын, — дейді көпбалалы ана.

Сәнімгүлдің тұңғышы мектепке барса, кенжесі жасқа енді толған. Аталған отбасына

азық-түлікпен қатар, балаларына түрлі керек- жарақтар апарды.

Бүгінгі күні облыс орталығында кең көлемді қоғамдық қабылдау өтіп жатыр. Екі күнгі жоспар бойынша 800-ден астам адам келіп, өз ұсыныс-тілектерін білдірді. Өтініш білдіруші тараптан қойылған сұрақтар мен тілектерді саралай келе, 7 бағытқа бөлдік. Көпбалалы аналарды алдымен толғандыратын мәселе ол, әрине, баспана жайы. Ал екінші мәселе — төленетін жәрдемақы мөлшерін көбейту. Сонымен қатар жер телімдерін алу, медициналық көмек көрсету, балаларын балабақшаға орналастыру және коммуналдық қызметтер бойынша тілегін айтқан аналар аз болмады. Бұл мәселелердің барлығы жергілікті билікке таныс. Барлығы бақылауда. Дегенмен арасында кезек күттірмей өз шешімін табуы тиіс мәселелер де бар. Осы мақсатта арнайы мобильді топ құрылды. Барлық аналардан түскен өтініш-тілектер назардан тыс қалмайды. Тек олар түсіністікпен қараулары тиіс, — деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

— Облыс әкімдігі тарапынан құрылған мобильді топ өкілдері көмекке шынымен мұқтаж отбасылардың жағдайымен танысып,  оларға көмек көрсету мақсатында құрылды. Өзім зейнеткер болсам да облыс тұрғындарының жағдайына үнемі алаңдаушылығымды білдіріп отырамын. Сондықтан мобильді топтың мүшесі ретінде өңірдегі бірде-бір көмекке шын зәру көпбалалы аналардың назардан тыс қалмайтындығын айтқым келеді. Өйткені бұл жағдай облыс басшысының да тікелей бақылауында, — дейді мобильді топ мүшесі Мәрия Сейдахметқызы.

Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова мен облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Вишняк бастаған мобильді жұмыс топ өкілдері дәл осы күні көпбалалы ана Гүлжайнар Шәмшинаның да отбасында болып, өтініш-тілегін тыңдады. Аталған отбасына да қайырымдылық көмек көрсетіліп, отын мен азық-түлік апарылды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*