Басты бет » Әлеумет » Басты мақсат — пәтер алушыларға қолайлы жағдай туғызу

Басты мақсат — пәтер алушыларға қолайлы жағдай туғызу

Кеше Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімі Алмаз Әлімбаев облыс орталығындағы екінші деңгейлі банк өкілдерімен кездесіп, өңірде «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру жайын талқылады.

Аталған басқосуға «Форте Банк», «Сбербанк», «Еуразиялық банк», «БанкЦентрКредит», «Халық Банк», «АТФ Банк», «Цесна Банк» секілді банктер филиалдарының өкілдері қатысты.

Жиында аудан әкімі өңірде «7-20-25» бағдарламасы аясында алдағы уақытта жұмыстарды жандандыру және «Нұр Ақтөбе» ауданынан пәтер алушыларға қолайлы жағдай туғызу керектігін атап өтті.

Басқосуда «Баспана» ипотекалық ұйымының өңірлік директоры Гүлнар Дабылова бүгінгі күні Ақтөбе облысы аталған бағдарламаны жүзеге асыру бойынша республикада 6-орында тұрғанын, биылғы жылы бұл көрсеткішті 3-орынға дейін көтеру керектігін жеткізді.

Сондай-ақ ол аудан әкімінен алдағы уақытта «Нұр Ақтөбе» ауданындағы тұрғын үйлерді бағалайтын компаниялар мен техникалық құжаттарды дайындайтын мамандарды жұмылдыру жұмыстарына қолдау көрсетуді сұрады.

Аудан әкімі Алмаз Әлімбаевтың айтуынша, биыл 1 ақпанға дейін аталған бағдарлама шеңберінде баспана алу үшін тұрғындардан 364 өтініш келіп түсті. Оның 217-сі қолдау тапқан.

Қазіргі таңда «Нұр Ақтөбе» ауданында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан тұрғын үйлер бар. Олардың дені «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынса, «Тұрғынүйжинақбанкі» акционерлік қоғамы арқылы сатылуда. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, осы ауданда салынып жатқан үйлер «7-20-25» бағдарламасымен сатылу мүмкіндігіне ие болып отыр. Мәселен, «Нұр Ақтөбе» ауданындағы 15 тұрғын үйдегі 1500 пәтердің 50 пайызын «Тұрғынүйжинақбанкі» акционерлік қоғамы, ал 50 пайызын «7-20-25» бағдарламасы арқылы сату жоспарлануда. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты — аталған бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктермен тығыз қарым-қатынас орнату. Қазір тұрғындардан өтініштер түсуде. Біз оларды осы екінші деңгейлі банктерге тікелей жолдай аламыз немесе олардың өтініштерін қарау барысында банктер пәтерлерді көрсету үшін бағдарламаға қатысушыларды бізге жолдайды. Ең негізгісі, тұрғындарға оңтайлы болу үшін жаңа бастамаларды қолға алмақпыз, — дейді Алмаз Әлімбаев.

«Баспана» ипотекалық ұйымының өңірлік директоры Гүлнар Дабылова:

— Бүгінгі күні «Баспана» ипотекалық ұйымы өңірдегі 8 банкпен жұмыс жасап жатыр. Егер тұрғындар «7-20-25» бағдарламасымен баспана алғысы келсе, бізге келіп кеңес алуына болады. Қойылатын негізгі шарт: баспана алатын адамның өз атында үйі болмауы керек, сондай-ақ сатып алатын үйінің жалпы сомасының 20 пайызын алдын ала төлеуі керек. Одан кейін 25 жылға дейін аталған банктер арқылы бағдарламамен баспана алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ бағдарлама бойынша Ақтөбе қаласында сатылатын тұрғын үйдің жалпы сомасы 15 миллион теңгеден аспауы қажет. Егер алатын тұрғын үй бұл сомадан қымбат болса, онда тұрғындар бағдарламаға қатыса алмайды.

Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын тағы бір талап: қызмет жасайтын орнынан жалақысы туралы соңғы алты айдың анықтамасын әкелуі керек.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*