Басты бет » Тарих » Тағы да Бөкенбай батыр туралы

Тағы да Бөкенбай батыр туралы

Қазақ жұртының іргелі ел, қабырғалы халық болып қалуына, ұлан-байтақ далаға қызыққан жауға тойтарыс беріп, бүгінгі ұрпағына мұра етіп қалдыруға ұлтымыздың батырлары мен бағландары, ақылгөй даналары өлшеусіз үлес қосқанын тарихтан білеміз. Сондай қазақ халқының ірі батырларының бірі Табын Бөкенбай Қарабатырұлы елінің бірлігі мен болашақ тірлігін ойлаған терең саясаткер, екі дүркін үш жүздің қолын бастаған батыр, ақылы асқан алаш арысы екені айқын.  Бөкенбай батыр туралы дерек бергендердің бірі облысымызға танымал, Есет Көкіұлының 325 жылдығына арнап жыр-дастан жазған Мәртөк жерінің тумасы, ұстаз, ақын Сейітқали Жанғалиев болатын. Әнші Тәңірберген Молдабайдың да аты халыққа танымал болып, Алтын қызбен айтысының бүгінгі ортаға жетуіне де себепкер болған осы ақсақал еді.

Содан кейінгі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2007 жылы Мәртөк селосында республика көлемінде бірінші рет Бөкенбай батырдың 340 жылдығына арналған  ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Конференцияға ақтөбелік ғалымдар мен қаламгерлер шақырылып, іргелес қоныстанған елдерден Ресей делегациясы қатысқан болатын. Негізгі баяндаманы Бөкенбай батырды зерттеуші профессор Закратдин Байдосов жасап, зерттеу негізінде Бөкенбай Қарабатырұлының туған жылы 1667 жылдың шамасы деген келісімге келген болатынбыз. Қуантатыны — конференция делегаттарының қолдауымен «Бөкенбай батыр» атындағы қордың құрылуы. Екінші қуанышымыз — Ақтөбе қаласында облыс және қала әкімшілігінің түсіністікпен қолдауының арқасында қала ортасынан жаңа және үлкен даңғылға Бөкенбай батыр атының берілуі.

Бөкенбай Қарабатырұлының 350 жылдығын атауда жерлестерінің қолдауымен жақын арада  батыр бабаның Қазақ халқының тәуелсіздік туын көтерген мәңгілік қола бейнесі тұғырына қонбақшы. Осы жолда ұйымдастыру жұмыстарында алдыңғы қатарда жүрген азаматтар Мәлік Жекеевке, Серік Әбілжановқа, Жақсылық Айжановқа, Исламғали Бітікке және басқа да патриот азаматтарға шын көңілден халық ризашылығын білдіреді.

Бөкенбай батыр туралы жазушы Ә.Кекілбаев «Үркер» романында баян етсе, профессор З.Байдосов, ғалым Н.Жетпісбай, ел ақсақалы А.Қожанов газет беттерінде көптеген мақалалар жазған болатын. Бөкенбай Қарабатырұлының тарихта айтылатын аңыз емес, тарих төрінде жасаған ерлігіне сай орны бар тұлға  екенін дәлелдейтін құжаттардың жеткілікті екені даусыз.

Дегенмен Бөкенбай бабамызға қатысты көптің ортасында әлі күнге дейін шешімін таппай жүрген  үш мағлұмат қосымша анықтауды қажет етеді деген оймен өзімнің түсінігімді ұсынамын.

Біріншіден, Бөкенбай батырдың нақты туған жылын анықтау қажет. Ғалым

З.Байдосов Орынбордағы ақсақалдың өлең шумағындағы «алты мүшел толтырып» деген жолды негіздеп, Бөкенбай батыр 1669 жылы туған деп көрсетеді, ал мүшелден қанша асқаны бізге белгісіз болып қала береді. А.Құнтөлеуұлы «Әбілқайыр хан» деген кітабында: «Бөкенбай 1693 жылы туған, Әбілқайырмен құрдас, қанжығалы Бөкенбайдан 10-12 жас, ал күйеу баласы Есеттен 15-17 жастай кіші және 49 жыл өмір сүрген» деген болжам айтады. Ал, Е.Тұрабаев 2010 жылы «Ақтөбе» газетінде шыққан «Тағы да Бөкенбай батыр жөнінде» атты мақаласында «Бөкенбай батырдың туған және қаза болған жылдары жөнінде нақты мәлімет кездеспейді» деп жазады. Бұл талас тудыратын анықтама.

Біз Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романы әдеби-көркем туынды болғанымен, тарихи құжаттардың негізінде жазылған шындық екендігін мойындап және А.Тевкелевтің Кіші жүз хандығында болған уақытта жазған күнделігінің негізінде Бөкенбай батырдың туған жылы 1667 жыл  деп  есептейміз. Жазушы «Үркер» романының 512-бетінде: «Июльдің  он бірі күні Тевкелевті Бөкенбай батыр қонақасыға шақырды», — деп көрсетеді. Бұл ойдан шығарылған емес. Осы қонақасыны Тевкелев өзінің күнделігінде 65 жастағы Бөкенбай батырдың баласының шілдеханасында 1732 жылдың шілде айында болғандығын жазады. Егер Жайық казагі Харкиннің 1742 жылдың 7 маусымында Орынбордың экстракт комиссиясына жазған хатында Бөкенбай батыр мамыр айында түрікпендердің қолынан қайтыс болды дегенін ескерсек, бастауыш мектептердің есептеу амалдарын пайдалана отырып, сол мезгілде Бөкенбай батырдың жасының 75-те екенін анықтауға болады. Тарих ғылымының кандидаты Сәкен Уталиев «Букенбай или Богембай» деген  мақаласында «В дневниках известного российского посла к Абулхайыр хану Тевкелева есть запись о том, что он и видные казахи Младшего жуза были гостями у 65-летнего Букенбай батыра по поводу рождения его сына в 1732 году. Значить, табынец родился в 1667 году», — деп жазған. Тағы да бір ескеретін жағдай, қолымызға түскен құжаттарда, Е.Тұрабаевтің мақаласында, Сейітқали ақсақалдың айтуында Есет Бөкенбай батырды аса құрметпен қадірлеп, ылғи да кішілік көрсетіп отырған. Есет — біреуден қорқатын батыр емес, 17 рет жекпе-жекке шығып, ерліктің шыңына шыққан адам. Сол кездегі этикет бойынша қазақта әуелі ханды емес, дәреже төрінде отырған адамды емес, жасы үлкенді сыйлаған. Сондықтан Есет Бөкенбайға жол беріп, жағаласпай, жасын алға тартып отырған. Жоғарыда көрсетілген деректер осы айтылғандардың айғағы ретінде Бөкенбайдың жасы Есеттен үлкен болмаса, кіші емес екендігін көрсетеді.

Екіншіден, конференция барысында Бөкенбай батырдың әкесінің аты Қара деп көрсетуі талас тудырып тұр. Бұл сәтте де шындықтың негізінде жазылған тарихи роман болғандықтан және Бөкенбай батыр туралы кеңес дәуірінде жазылған алғашқы әдеби туынды деген оймен тағы да  «Үркер» романына жүгінеміз. Романның 314-бетінде «әкесі Абдолла сұлтан қара найза Қарабатырға қарындасы Құттыбикені беріп қолын ұзартса, бұл одан туған Бөкенбайға нағашылығын бұлдап қолын ұзартып отыр», — деп көрсетсе, ал 315-бетте «Анадайдан ауылға жалпылдап қағыта сөйлеп, бұны көрсе, төбесі көкке бір жетіп қалатын қара атандай талтаң да тарпаң жездесі Қарабатырдың дүние салып, бір айғыр төбенің басын иемденіп жатып алғанына біраз болған» деген жолдар бар. 409-беттегі «Әбілқайыр Мырзатайды Қарабатырдың ауылына шаптырды» деген сілтеулерді Әбіш аға білмей жазды деуге болмайтын шығар.

Профессор Т.Қаратаев «Бөкенбай аттас батырлар» деген мақаласында тайға таңба басқандай Бөкенбай Қарабатырұлы деп көрсетеді. Ұзақ жылдар бойы талмай Бөкенбай батырды зерттеп жүрген профессор З.Байдосов та  өзінің жазған мақалаларында Бөкенбайдың әкесі Қарабатыр деп жазып, Қарабатырдың шынында болғандығын меңзейді. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясова да өзінің «Бөкенбай шоқысы» деген мақаласында  қазіргі Ресей жеріндегі «Қарабатыр шыңы» осы Бөкенбай батырдың әкесінің атымен байланысты екендігіне күмән келтіруге болмайтындығын атап өткен. Е.Тұрабаев «Ашып алар бір ақиқат» деген мақаласында «Ырғыз жерінің «Қарабатыр алабында» белгісіз күйде батырдың әкесі  Қарабатырдың да қорымы жатыр» деген жолдарды жазған.

Қарабатыр лақап аты екені  ақиқат. Біреулер шын аты Бисен немесе Бисенбай деп көрсетеді. Біздегі деректі берген Бөкенбай батырдың Тіленшіден тараған Жайсаң стансасында тұратын жетінші ұрпағы Қапият Ғалымгереев деген ақсақал болатын. Қарттың айтуынша, Бөкенбайдың әкесінің азан шақырып қойған аты Алдасүгір. Ел Әбіш ағамыз суреттегендей қараторы алып адам болғандықтан, әрі ерлігімен көзге түскендіктен Қара батыр деген атпен атап кеткен деп Қапият ақсақалға Сақыпкерей деген атасы айтып, шежірелерін жазып кеткен. Сол шежіре бойынша Бөкенбай тарақты табынның ішінде Амандәулет – Жиенбеттен тараған.  Қазақ дәстүрінде лақап аттарымен тарихқа кіргендер көп. Қабанбай батырдың шын аты Ерасыл болған. Халық тек қана түсіне ғана емес, соның ішінде сүйсініп көңіл толатын аса бір ерекшелігін бағалап, батырлығына риза болып, өнеріне тамсанғанда немесе көңілі толмай, налып кемсіткенде лақап ат жапсырып, дәріптеп немесе кемсітіп отырған. Ат бергенде ерекшелігінің қасына анықтауыш сөздер тіркесіп отырған дейтін болсақ, Бөкенбайдың әкесінің тарихқа енген аты Қара емес, Қарабатыр болғаны дұрыс деп есептейміз.

Үшіншіден, тарих бетінде Әбілқайыр мен Бөкенбайдың бірлескен қазақ қолын басқарып, жоңғарлармен Бұланты, Аңырақай өңірінде болған шайқаста алғаш рет жоңғарларға  күйрете берген соққысының маңызы осы күнге дейін дұрыс бағаланбай келеді. Осы соғыста қуатты жоңғар тұмсығы тасқа тиіп, бір мәртеге тоқыраған болатын. Жазушы М.Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» деген деректі толғамында: «Бұланты мен Аңырақай шешуші шайқас емес-ті, бірақ алаш ұлының ғұмырын ұзартқан, оған ең қажет кезінде тыныс берген аса елеулі оқиға болды. Егер осы жеңістер болмаса, Қазақ ордасы осыдан жүз жыл бұрын мүлде тозып құрып біткен Ноғай Ордасының кебін киері анық-ты. Тоқтау көрмеген Жоңғар қалмағы енді бірер серпіннен соң Еділ қалмағымен тоғысар еді. Сары Арқадан айырылған соң қазақтың барар жері, басар тауы қалмас еді. Хандық садаға, халқының өзі құрып кетер еді», — деп көрсетеді. Бұл — ақиқат, оның маңызы — қазақ халқының халық болып сақталып қалғандығында.

Бұл шайқас жөнінде 1998 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ақтөбе облысына келген сапарында: «Орыс ұлты мен мемлекетінің тағдыры үшін Полтава, Куликово, Бородино түбіндегі орыс жасақтарының жеңісі қандай маңызды болса, қазақ халқы үшін де Бұланты-Білеуті және Аңырақай бойындағы даңқты ұлы жеңістеріміз сондай қымбат», — деп атап көрсеткен болатын. Егер жазушы, драматург Смағұл Елубайдың сөзімен айтатын болсақ, қазақ геосаясатында, қазақ стратегиясында Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батырдың тарихи орнын қазақ халқын мәңгілік құлдықтан құтқарушылар деп түсінген жөн сияқты.

Келесі бір көп бұрмалауға түсіп, талас тудырып жүрген жай — Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батырдың Ресей патшалығының құрамына қосылу саясаты. Тарихи деректерде қазақ халқының басына түскен саяси-экономикалық күйзеліске байланысты Ресей патшалығымен одақтасу туралы ойлар «Ақтабан шұбырынды» уақиғасынан да бұрын хан мен билердің орталарында айтыла бастаған.

Жоңғарларға Бұланты мен Аңырақай бойында күйрете соққы бергеннен кейін, елін, жерін сақтау саясатында Ресей патшалығымен бірігу қажеттілігі айқындалды. Бұл жерде Әбілқайыр ханды даңққұмарлығын айтып, үш жүздің ханы болмағасын өкпелеп кетіп қалды деп күстаналаудың орны жоқ. Әбілқайырдың хан ордасы болған Түркістанды тастап, Кіші жүздің жері Ырғыз аймағындағы Маңтөбеге  келу себебі сол кездегі көптеген тарихи жағдайларға байланысты болды.

«Әбілқайыр бастаған, кейінгі уақытта  Әбілмәмбет пен Жолбарыс қостап, қазақтың басқа да шонжарлары үміт артқан бодандық мәселесі — бостандықтан айырылу емес, әскери одақ дәл осы кезеңде қауіп-қатері кемірек, күш-қуаты мол, үлкен жұрттың саяси демесін, ұзын арқау қорғанышына сүйене отырып, өзінің елдігін, тәуелсіздігін сақтап қалу тәсілі ғана», — деп көрсеткен аталған кітабында М.Мағауин. Осыны шындық деп есептеуге болады.

Әбілқайыр ханның сол кезеңдегі жағдайға лайықты  орыс патшалығының құрамына тәуелсіздігін сақтай отырып кіру стратегиялық талпынысын іске асырауда Бөкенбай батырдың атқарған ролі өте зор. Оны сол кезде келген орыс елшісі  М.Тевкелевтің 1732 жылдың 5 қаңтарында  сыртқы істер коллегиясына жазған хабарламасынан көруге болады. Ол «…понеже три месяца был я почти под саблею, и на каждой день объвляли мне смерть. Однако з божескою помощию насила их успокаел и привел в подданство всероссиское, ибо господь бог дал мне одного доброго человека – помощника из киргис-кайсацких и знатных старшин называемого Букенбай батыром, через которого я себе получил от смерти спасения и ево старанием киргис-кайсаков в подданство российское привел…» -деп көрсетеді. Келесі бір хатында қорғаныш болған Бөкенбай батырға 500 сом ақшалай сыйлық ұсынғанында «… и Букенбай батыр сказал, что он таких товаров не возьмет, а будет услуги показывать без того…» — деп көрсетеді. Осы көрсетілген дәлелдер Бөкенбай Қарабатырұлының антына берік, қайсар, бірбеткей адам болғандығын көрсетеді.

«Әбілқайыр ханның жасаған іс-әрекеті қазақ халқының мүддесін қорғау ниетінен туындағанына тәуелсіздігімізді алғаннан кейін сол кезде орыс патшасына  жазылған тарихи құжаттың дұрыс аудармасын көріп барып қана көзімізді жеткіздік. Осыдан түсінуге болатыны — Әбілқайыр башқұрттармен достық қатынасты қалпына келтіруге аса ынталы болған. Бодандық туралы ештеңе айтылмаған. Әбілқайыр өмір бойы Ресейге қарсы күрескен себепті ата жауы болды», — деп көрсетеді С.Өтениязов пен С.Қуатов «Бөкенбай» батыр атты мақаласында.

Соңғы жылдары республика көлемінде жүргізіліп жатқан ғылыми-теориялық конференциялардың негізгі мақсаты — Бөкенбай батыр туралы ой-пікірі бар адамдардың басын қосып, жасалынып жатқан жұмысты жүйелеп, жандандыруына мүмкіншілік қарап, негізгі жүргізілетін шаралардың бағытын анықтау. Басталған жұмыс көпшіліктің қатысуымен бітеді.

                                                                                                          Жақсат ҚАРЫЛҒАШОВ,

                                                                      Астана қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*