Басты бет » Денсаулық » Эпилепсия — емделетін ауру

Эпилепсия — емделетін ауру

Ашық есік күні

Ақпан айының екінші дүйсенбісі —   Дүниежүзі бойынша эпилепсияға қарсы күрес күні. Осыған орай «Дару» оңалту орталығында эпилепсияның ауыр түріне шалдыққан балаларға арналып Ашық есік күні өткізілді. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті мен оңалту орталығының дәрігерлері қабылдау жүргізді.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Алтынай Әбдікәрімова 17 жастағы қызын ерітіп келіпті. Жеті баласы бар ана үшінші қызының осындай дертке шалдыққанын уайымдайды.

Қызым 2014 жылдан бері дәрігердің есебінде тұр. Операция жасатқымыз келеді. Бірақ бір жылдан бері портал кезегі жылжыр емес. Бүгін осы жерде дәрігерлерге қызымды қаратып, мәселені шешіп беруін өтіндім. Астанаға баратын болдық, — дейді Алтынай Әбдікәрімова.

Университеттің неврология, наркология, психиатрия кафедрасының жетекшісі Дінмұхаммед Аяғанов эпилепсияның 70 пайызы балалық шақта дамитынын айтады.

—  Оның жартысынан көбі алғашқы бес жылда білінеді. Ал аурудың 85 пайызы ананың денсаулығына байланысты, яғни құрсақішілік асқынулардан пайда болады. Жалпы әлемде бұл ауру үшінші орында тұр. Республикада соңғы жылдары аурушаңдық көрсеткіші артып отыр. Себебі ілгеріге қарағанда қазір диагностика жақсарды. Ауруды алғашқы сатысында анықтауға болады. Егер бұл аурудан емделмесе, адам мүгедек болып қалуы мүмкін. Сондықтан салғырт қарамаған дұрыс. Сырқат адам жүйелі ем алса, айығуға болады, — дейді.

Орталыққа түске дейін жиырмаға жуық ата-ана келді. Олар балаларын дәрігерлерге көрсетіп, кеңес алды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*