Басты бет » Басты жаңалықтар » Қарапайым тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

Қарапайым тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

Ақтөбе қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен облыс орталығында кең көлемді «Ашық есік күндері» акциясы өтіп жатыр. 11-13 ақпан аралығында қала бойынша төрт жерде тұрғындарды облыстық басқармалар мен қалалық әкімдіктің, құқық қорғау орындарының, сондай-ақ коммуналдық мекемелердің басшылары мен мамандары, қалалық мәслихат депутаттары қабылдайды.

11 ақпан күні Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимаратына мамандардан кеңес алып, жәрдем сұрау, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді жеткізу үшін келгендер саны өте көп болды. Олардың дені — көп балалы аналар. Жиі айтылған басты мәселелер — баспана мен әлеуметтік жәрдемақы жайы. Көпшілікті нақ осы екі мәселе бойынша қабылдаған қалалық тұрғын үй қатынастары мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларбөлімдерінің мамандарына бұл күні түскі үзіліссіз жұмыс істеуге тура келді.

Лида Шүртенова жолдасы екеуі 6 бала бағып-өсіріп отыр. Олар ауылдан көшіп келіп, біраз уақыт пәтер жалдап тұрыпты да, кейіннен жиған-тергендеріне жатақханадан бір бөлме сатып алған. Ауданы14 шаршы метр болатын бөлмеде 8 адам тұрып жатыр екен.

— Мемлекеттен 33 мың теңге шамасында жәрдемақы аламыз. Жұмыс та істеп жүрмін. Мені ең қинайтыны — баспана мәселесі. Жатақханаға газ кіргізілмеген. Басқа амалымыз жоқ, газды баллонмен алып, пайдаланып отырмыз.Отбасының атында жатақхана болғандықтан үй кезегіне тұруға хақымыз жоқ екенін есіттім. Сонда да болса, баспананы кеңейту мәселесінің бір шешімі бар ма? Осыны білу үшін келдім, — деді ол бізге.

Байқағанымыз, қабылдауға келгендер арасында саяжайлардың, қаланың шеткері аудандарының тұрғындары көбірек. «Геолог-1» саяжай аумағынан келген аналар қалалық білім бөлімі мамандарына балаларды мектепке таситын автобустың тоқтап қалғанын айтып,шағымданды.

— Балаларымыз 31-мектепке барады. Қыс мезгілінде автобуссыз қиын-ақ… Негізі, автобус қатынап тұрған. Желтоқсан айының ортасында, ең қараңғы уақытта тоқтады. Саяжайда үй-үйдің арасында қаңғып жүрген ит көп, ішіп алған, мас адамдар да кезігеді. Балаларды өзіміз күтіп ала алмаймыз, өйткені жұмыстамыз ғой. Балаларымызды көршілерге тапсырып, жанымызды шүберекке түйіп жүргеніміз, — деді ата-аналар атынан сөйлегенГүлжан есімді келіншек.

Жоғарыда айтқанымыздай, көптеген аналардың көкейіндегі ортақ мәселе — жәрдемақы мәселесі. Қалалықжұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, облыс орталығында

7 мыңнан астам көп балалы ана тұрады. Олардың жартысынан астамы — «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері.

— Тіркелген көп балалы аналардың бәрі де мемлекеттен 16 160 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Ал атаулы әлеуметтік көмекті беру үшін, жан басына шаққандағы табыс есепке алынады. Яғни, әр адамға шаққандағы табыс 14 800 теңгеден аспауы керек. Көптеген аналар қазір осы атаулы әлеуметтік көмек мәселесін көтеріп отыр. Олар студенттердің шәкіртақысы мен мүгедек балалар үшін төленетін жәрдемақы табыс көзі ретінде есептелмесе екен дейді. Біз осы мәселені жоғары жаққа жеткіземіз және алдағы уақытта ол оң шешімін табады деп үміттенеміз. Ал қазіргі күні қала бойынша 795 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Былтыр бұл мақсатқа бюджеттен 168 миллион теңге бөлінді, — дейді Мақпал Тұрмағамбетова.

Өткен жылы Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 8 миллион теңге көлемінде көмек ұйымдастырған. Сондай-ақ, қалалық әкімдікке түрлі ауыр жағдайларға ұшыраған 364 адамнан арыз түсіп, оларға да жәрдем көрсетіліпті.

Қабылдауға кәсіп ашу мақсатында ақыл-кеңес алу үшін келген аналар да болды.

— Кәсіп ашу үшін, неден бастау керектігін сұрап келген аналарға қандай құжаттар жинау қажет екенін, қандай мемлекеттік бағдарламалар арқылы көмек ала алатындарын көрсетіп, өз тарапымыздан кеңестер бердік. Бүгін келгендер арасында жылыжай, жеке балабақша ашуға тілек білдіргендер болды, — дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің маманы Жамбыл Салиев.

Қабылдау өткізген мамандар тұрғындарды тыңдап, жөн сілтеп, кеңес беріп қана қоймай, әр адамды тіркеп, арыз-шағымдарын жаздырып алып қалды. Ал кейбір арыз-шағымдар сол жерде қаралып, дереу арада шешіліп те жатты.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*