Басты бет » Басты жаңалықтар » Премьер-министрдің орынбасары жұмыс сапарымен Ақтөбеде болды

Премьер-министрдің орынбасары жұмыс сапарымен Ақтөбеде болды

«Облысқа жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев келді. Астанадан келген делегация құрамында, сондай-ақ, бірқатар министрліктердің де өкілдері бар. Сапардың мақсаты Елбасының биыл 30 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында  берген тапсырмасын жүзеге асыру мәселелерін талқылау», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ресми делегация Ақтөбедегі бірқатар өндіріс нысандарына, сонымен қатар білім беру және денсаулық сақтау нысандарына барды.

Атап айтқанда, делегаттар физика-математика бағытындағы «Сымбат» жекеменшік мектебінің жұмысымен танысты. Айта кетейік, «Сымбат» мектебінде ауылдық жерлерден келіп, тегін оқып жатқан дарынды балаларға арналған интернат бар. Мектептегі оқу бағдарламасы үш тілде өтеді.

Сондай-ақ, делегация «Ақтөбе» индустриалды аймағында болды. Ол жерде Ерболат Досаевқа индустриалды аймақ аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат берілді. Олардың қатарында керамикалық магнит пен керамикалық плиткалар шығаратын «Зерде-Керамика» ЖШС зауыты да бар. Жобаның жалпы құны — 7 млрд теңге. Қуаттылығы — жылына 5 млн м3. 150 ақтөбелік тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.

Бұдан басқа, Премьер-министрдің орынбасары кеуек автоклав бетон өндіретін «ТД «Фотон» ЖШС зауытын қайта қалпына келтіру барысымен танысты. Кәсіпорынның жұмысы 2009 жылдан бері тоқтап тұр. 2018 жылдың басында зауытты ресейлік инвесторлар сатып алған. Жобаны жүзеге асыруға 4,5 млрд теңге салу жоспарда бар. Биылғы ақпан айының соңына қарай алғашқы өнімін шығармақ.

Құрылысы осы жылдың соңында аяқталатын перинаталды орталық та Ерболат Досаевтың назарына ұсынылды. Перинаталды орталық жанынан медицинаның акушерлік және неонтология салаларындағы соңғы үлгідегі барлық жетістіктері шоғырландырылатын болады.

Кейін облыс әкімдігінде вице-премьердің төрағалығымен экономиканы, шағын және орта бизнесті дамыту сұрақтары бойынша жиналыс өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өнеркәсіп пен шағын және орта бизнестің 2018 жыл ішіндегі даму қорытындысы туралы жеткізді. Есептік кезеңде облыста рекордтық 1,9 трлн теңгеге  өнеркәсіп өнімі өндірілген. Өнеркәсіп өндірісі құрылымындағы өңдеу саласының үлесі 24%-дан 33%-ға дейін өсті. Бұған тиімді диверсификация дәлел.

2018 жылы қолданыстағы ШОБ субъектілерінің саны 8,4%-ға көбейді. Облыс бойынша 54 мыңнан астам ШОБ субъектілері жұмыс жасайды. Айта кету керек, шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 20,5%-ға дейін өскен.

Жалпы, Премьер-министрдің орынбасары облыс басшылығының экономиканы дамыту жұмысына оң бағасын берді.

«Бүгін біз индустриалды аймақты, жаңа кәсіпорындарды қарап шықтық. Осының бәрі дұрыс, диверсификациялауға бағытталған. Облыстың салып жатқан күш-жігерін қолдаймыз»,— деді Е.Досаев.

Вице-премьер, сондай-ақ, облыс басшылығы алдына Елбасының экономиканы арттыру, кірісті және халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында бизнесті дамытуға қатысты тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты бірқатар нақты міндеттерді қойды.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*