Басты бет » Жастар » «Мансап» кезекті оқу маусымын бастады

«Мансап» кезекті оқу маусымын бастады

Ақтөбеде «Мансап» студенттік мемлекеттік қызмет мектебінің төртінші маусымы өз жұмысын бастады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен қолға алынған жобаның кезекті маусымының ашылуы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің базасында орналасқан арнайы аудиторияда өтті.

Болашақ мемлекеттік қызметшілерді жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, сәттілік тілеуге ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов келді.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ «ІРГЕТАСЫ»

«Мансап» студенттік мемлекеттік қызмет мектебі АқтөбедеҚазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бұрынғы басшысы Қайыржан Тоқышевтың бастамасымен 2016 жылы ашылған болатын. Дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту, білікті көшбасшыларды тәрбиелеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті толыққанды қалыптасқан студенттер легін абыройлы қызметке жіберу мақсатында ашылған мектеп бүгінгі күнге дейін үш маусымды аяқтады.

2016 жылы Ақтөбеде пилоттық жоба ретінде ашылған мектеп Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан қолдау тауып, өткен жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын тапты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисеновтің айтуынша, мемлекеттік қызметтің басты қағидасы болып табылатын меритократия ұғымына жастар назарын тарту, оның жұмыс жасайтындығына көздерін жеткізу және бүгінгі күнгі мемлекеттік қызметтің беделін арттыруда  «Мансап» Ақтөбе студенттік мемлекеттік қызмет мектебінің  рөлі айрықша.

— Ақтөбе өңірінде жастарға арналған мүмкіндіктер мен жобалар өте көп. Бірақ, мемлекеттік қызмет жүйесінің жүрегі болып табылатын агенттіктің облыстық департаменті жүзеге асырып келе жатқан бұл мектеп — бірегей жоба.2016 жылы мектептің алғашқы маусымына 25 студент қабылданып, олардың 19-ы тәмамдау жөніндегі сертификаттарға ие болды. Ал 2017 жылы «Мансап» жобасы студенттердің арасында кең тарап, екінші маусымның қатысушысы атануға ниет білдірген жастардың саны  252 -ге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 есеге артты. Заңнаманы білуге арналған тестілеуден 102 студент сүрінбей өтіп, уәкілетті орган өкілдерімен әңгімелесу кезеңі бойынша 22 студент мектеп табалдырығын аттаған еді. 2018 жылы 18 студент арнайы сертификат алып шықса, биыл әңгімелесу қорытындысы өз қасиеттерімен ерекшеленген 15 студент «Мансап» мектебіне қабылданды, — дейді Рафхат Бисенов.

Айтуынша әңгімелесу желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облыстық филиалында өткен.

Оқу маусым айына дейін жалғасады. Сабақ аптасына 2-3 рет, сабақтан тыс уақытта өтеді. Оқу қорытындысы бойынша олар тағы тест тапсырып, екі сертификат алады. Бірі — мемлекеттік қызметшілер мектебін аяқтағандығы туралы сертификат болса, екіншісі — мемлекеттік қызметші ретінде тесттен өткендігі жөніндегі сертификат.

— Бұл ретте сертификаттар үлкен рөл атқарады. Мемлекеттік қызметке орналасу үшін жастар қайтадан тест тапсырмайды. Сондай-ақ мектеп түлектері мемлекеттік қызметші жасайтын жұмыстардың барлығын дерлік меңгеріп барады. Биыл жобаға сәл өзгерістер енгізіп, жастардың бойында мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыру мақсатында командаларға бөліп, түрлі номинация бойынша аталымдар табыстау жоспарланып отыр, — дейді департамент басшысының орынбасары.

Мектеп қабырғасында студенттер тәжірибелік дағдыларды иеленеді. Өйткені, тек теориялық көзқарасқа бар студенттер үшін, мемлекеттік қызметтің тәжірибелік тұсы айрықша жаңалық болады. Құжаттармен тиянақты жұмыс жасауды, азаматтардың құқықтары мен өмірін қозғайтын заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерді білуді, жұмыс барысындағы тәртіп пен өзін-өзі ұстау ережелерін, басшы мен бағыныстының арасындағы қарым-қатынас үлгісін, қызметтік әдепті үйренеді.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ — МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ

Бүгінге дейін «Мансап» студенттік мемлекеттік қызмет мектебін 59 студент аяқтады. Оның 25-і мемлекеттік қызметте қызмет етуде.

Мектептің алғашқы түлектерінің бірі Мақсат Әбекенов пен Медет Камилов  бүгінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен облыстық дін істері басқармасында бас маман болып қызмет етіп жүр.

— «Мансап» мектебі мен үшін өмірімнің жаңа парағы іспеттес. Бұл ертең қай жерде жұмыс жасаймын, мемлекеттік қызметке орналаса аламын ба деген сан түрлі сұрақтың жауабы секілді. Осындай игі бастаманы қолға алған бүгінгі таңда өзім қызмет етіп жатқан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшылығына үлкен алғысымды білдіремін. Жастар мен  мемлекеттік қызметтің болашағы үшін осындай бастама көтеріп, тың жобаны қолға алу бізді жұмыла еңбек етуге жетелейді, — дейді Мақсат.

Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің экономика факультетін аяқтаған Медет Камилов «Мансап» мектебінің мемлекеттік қызметке келем деген жастар үшін таптырмас алаң екендігін айтады.

— Еліміздің кез келген саласында жүрген жастар үшін түрлі мүмкіндіктер жасалып жатыр. «Мансап» студенттік мемлекеттік қызмет мектебі де мемлекеттік қызметке келем деген жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Аталған мектепте теориялық біліммен қатар, мол тәжірибеге де ие болдым. Мемлекеттік қызметші дегеннің кім екенін білдім. Заңдарды оқып, олардың тәжірибедегі қолданылуын көрдім. Тәртіпті үйрендім, әдеп пен қызметтік қырым-қатынасқа қажетті моральдық құндылықтарды бойыма сіңірдім, — дейді бас маман.

Кезінде облыстық дін істері басқармасында өндірістік тәжірибеден өткен Медет бүгінде аталған басқармада бас маман болып жұмысқа орналасқан.

Мектептің тағы бір ерекшелегі – мемлекеттік органдарда өндірістік тәжірибеден өту. Бұл, міндетті түрде студенттің мамандығына, өзі қызыққан мемлекеттік қызметтің саласына байланысты болмақ.

Білім алу процесі студенттің оқу бағдарламасына еш кедергісіз, тегін жүзеге асырылады. Барлығы жастар үшін. Студенттерден талап етілетін негізгі нәрсе – белсенділік, адал ниет, жақсы ынта және «халық пен мемлекет мүддесіне қызмет етемін» деген жүректегі ыстық ықылас.

Биыл «Мансапқа» арнайы мақсатпен келген студенттердің бірі — Әлішер Ділмағамбетов. Қазақ-Орыс халықаралық университетінің соңғы курсында оқып жатқан Әлішер мемлекеттік қызметші болуды алдына мақсат етіп қойған.

— Қызметімді облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасында бастағым келеді. Осы мақсатта мемлекеттік қызметтің қыр-сырын түсініп, үйрену үшін «Мансап» мектебіне келдім. Бұған дейін достарымнан аталған мектепте мемлекеттік қызмет түрлері, қаулы, бұйрықтар мен басқа да құжаттармен жұмыс жасау жан-жақты үйретілетіндігін естігенмін. Бұл мемлекеттік қызметке келем дейтін  жастар үшін үлкен мүмкіндік. Мектепке қабылданар алдында заңдар бойынша тест тапсырдық. Кейін әңгімелесу қорытындысы бойынша іріктеуден өттім, — дейді Әлішер.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*