Басты бет » Жаңалықтар » Тұрғындар жаңа құрылыстарды аралады

Тұрғындар жаңа құрылыстарды аралады

Баспана алуға ниеттеніп жүрген ақтөбеліктер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Өз үйім» бағдарламасы бойынша сатылатын үйлерді аралады. Аталған банк филиалының қызметкерлері тұрғындарды құрылыс компаниялары салып жатқан үйлерге апарып, пәтерлердің аумағы, әрлеу жағдайын көрсетіп, бұл пәтерлердің бағасы, «Өз үйім» бағдарламасы бойынша баспаналы болудың шарттары мен талаптарын түсіндірді. 

Банктің облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің 1-санатты маманы Мақсат Заитовтың айтуынша, «Өз үйім» осыдан төрт жыл бұрын  мемлекеттік бағдарламаларға қолдау ретінде іске қосылған еді. Бұл салымшыларға бастапқы нарықтағы жаңа үйлерді төмен пайызбен алуға мүмкіндік береді.

— Бастапқыда салымшыларға «Өз үйім» бағдарламасы бойынша үй құнының

30 пайызын жинақтау қажет болатын. Былтырдан бастап ол 20 пайызға төмендетілді. Сондай-ақ, несиенің жылдық пайызы салымшының депозиттегі қаражатына байланысты болатын еді. Былтырдан бастап үй құнының 20 пайызын жинағандарға жылдық жеті пайызбен несие рәсімдеуге мүмкіндік беріліп отыр. Оған қоса белгілі бір мерзімнен кейін, несиенің жылдық пайыздық үстемесі 3,5-5 пайызға төмендетіледі. Сондықтан бұл бағдарлама бойынша бүгінде салымшыларға баспана алу өте ыңғайлы. Бұл тек салымшылар үшін ғана емес, елдің құрылыс секторына да үлкен қолдау, — дейді ол.

Бүгінде Ақтөбеде үй құрылысын жүргізіп отырған «Гранд комплекс», «Сконур», «Нектар», «Актобестрой-Инвест», «СПМ Групп», «СК Актобе 2010», «Мизам», «Застройщик», «Бир Групп», «ИнвестСтрой ЛТД» секілді компаниялар салып жатқан үйлерді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен «Өз үйім» бағдарламасы бойынша алуға болады. Банк өкілдерінің айтуынша, бұл тізім одан әрі көбейетін болады. Қазір басқа да құрылысшы компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл үйлер негізінен Батыс-2 ауданында орналасқан. «Болашақ» ауданында, 12- шағын ауданында салынып жатқан үйлер де бар. Пәтерлер таза және жартылай әрлеуде тапсырылады. Соған сай бағалары да әртүрлі: 140 000-174 000 теңгенің аралығында.

— Елбасының былтырғы халыққа Жолдауында ел алдындағы 10 негізгі міндет айтылған болатын, соның бірі — халықты баспанамен қамтамасыз ету. «Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде.Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда

30 пайызға өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы

30 шаршы метрге дейін жеткізу керек», — деген еді Мемлекет басшысы. «Өз үйім» осы межеге жету жолында қолға алынған бағдарламалардың бірі, — дейді М.Заитов.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*