Басты бет » Жаңалықтар » Кәсіпкерлер салық туралы не білуі тиіс?

Кәсіпкерлер салық туралы не білуі тиіс?

Конференция

Ақтөбеде «Салық туралы қарапайым түсінік: Салық-2019» атты конференция өткізілді. «Атамекен» ҚР ҰКП қолдауымен республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығы ұйымдастырған шара барысында ақтөбелік кәсіпкерлерге салық заңнамаларындағы жаңа өзгерістер туралы ақпарат берілді. Жиынға 600-ге жуық кәсіпкер қатысты.

— Облыста жұмыс істеп тұрған 54 000 шағын және орта бизнес субъектісінің 36 мыңға жуығы — жеке кәсіпкерлер. Осы санаттағы кәсіпкерлердің көбінде арнайы есепші мамандар жоқ және олар Салық кодексін өз деңгейінде біле бермейді. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау және қателіктердің алдын алу мақсатында осындай шара ұйымдастырып отырмыз,  — дейді облыстық«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Былтыр  Қазақстан Республикасының салық туралы заңы үшінші рет жаңартылды. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың бірқатары былтыр жүзеге асырылды, қалған бөлігі 2019-2020 жылдары іске асырыла бастайды. Осы өзгерістер және интернет саудасы, ҚҚС, ЭШФ, ЕАЭО, салық салу мен еңбек тәртібі туралы мәселелерге қатысты республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығының басшысы Дмитрий Казанцев талдау жүргізді.

«Салық заңнамаларына енгізілген өзгерістерді мемлекеттің бизнеске қарай тағы бір қадамы деуге болады. Өзгерістер сөзсіз бизнеске оң әсерін тигізеді. Көптеген бизнес өкілдерінің «көлеңкеден» шығуына септігін тигізеді. Айталық, биыл жыл басынан бастап еш жерде тіркелмеген, бірақ тұрақты табысы бар жандарға бірыңғай жиынтық төлем төлеу қарастырылған. Бұл төлем арқылы бейресми жұмыспен қамтылғандарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға, зейнетақыға жинақ жасауға, жүктілікке және бала күтіміне байланысты төлемдер алуына мүмкіндік беріледі», — дейді Д.Казанцев.

Шара барысында патент арқылы, оңайлатылған декларация арқылы жұмыс істейтін кәсіпкерлердің салық төлеуіне қатысты өзгерістер туралы да айтылды.

Тағы бір айта кететін мәселе — кәсіпкерлер көне кассалық аппараттарды деректерді онлайн жіберуге болатын жаңасына ауыстырулары керек. Арнайы қызмет түрлерінің тізіміне онлайн кассалық аппараттар орнату талабы 2015 жылдан бастапбіртіндеп жүзеге асырылып келеді. Осыған орай, «Қазақстанның әрбір кәсіпкеріне арналған абоненттік төлемсіз POS-терминал» жобасы қолға алынбақ. Бұл онлайн кассалық аппарат кез келген мобильді қосымшада жұмыс істейді.

Кәсіпкерлер үшін өзекті өзгеріс  — 2020 жылға дейін жеке кәсіпкер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘСҚ)жарна төлеуден босатылады, ол тек өз қызметкерлерінің еңбекақыларынан 1,5%-ға МӘСҚ төлем жасауы тиіс. Әлеуметтік аударым мөлшерлемесі 5%-дан 3,5% төмендетілді. Ал жалпы бекітілген тәртіпте жұмыс істейтін заңды тұлғаларға әлеуметтік салық  9,5%-ға дейін азайды.

Салық кодексінде интернетте электронды сауда жасаумен айналысатын салық төлеушілер үшін белгілі бір шарттарға сай корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығынан босату  сынды жеңілдіктер қарастырылған.

Семинар барысында кәсіпкерлерге «Атамекен» ҰКП Сауда департаментінің сарапшысы Ғалымжан Дуамбеков «Атамекен сервисес» порталымен жұмыс істеудің артықшылықтары туралы да ақпарат берді. Оның айтуынша, мобильді қосымша банктен несие алу үшін тапсырыс беруден бастап, қашықтықтан оқытуға дейінгі 60-тан аса қызмет түрін онлайн алуға мүмкіндік береді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*