Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Жол мен жылдың мүмкіндігін пайдалануымыз керек  

Бердібек САПАРБАЕВ: Жол мен жылдың мүмкіндігін пайдалануымыз керек  

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті жұмыс сапарымен Шалқар ауданына барды.

Мақсат — жалпақ өңірдің жағдайын көзбен көріп, әлеуметтің әл-ауқатымен танысып, тұрғындардың талабы бойынша  шешімін күткен шаруалардың іске асуын бақылау. 50 мың халқы бар, шекарасы үш облыспен шектесетін  іргелі ауданның өзекті мәселелері жыл санап шешіліп, экономикасы да ілгерілеп келеді.

Олай дейтініміз сапар барысында облыс басшысы бірнеше «біткен істің» басында болды.

Жаңа нысандарды аралады

Алғашқы кездесу Қауылжыр ауылдық округінен басталды. 50 орындық жаңа балабақшаның ашылуында болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарының қуанышты жаңалығын бөлісті. «Ақбота» атты жаңа балабақшаны жеке кәсіпкер Н.Сәдуов 110 миллион теңгеге салып берген.

Одан кейін Шалқар қаласының жұмысшылар қалашығындағы өткен жылдың аяғында пайдалануға берілген күндізгі емдеу бөліміне келген облыс басшысы ондағы емделушілермен жүздесіп, бөлім жұмысымен танысты.

Теміржолдың екінші бетіндегі қалашықта 13 мың тұрғын бар. Солардың сұранысы бойынша салынған нысан 20 адамға арналған.  Бас дәрігер Асқар Есмағамбетовтің айтуынша, күніне 50-ге жуық адам ем-домын алады. Жалпы қала бойынша медициналық қызмет көрсететін екі бригада бар. Жақында аса қауіпті емес созылмалы ауруларды қарайтын үшінші топ іске қосылды. Ауданның демографиялық өсімі тұрақты. Өткен жылы 949 бала дүниеге келген.

Жуырда ғана 70 бүлдіршінге есігін ашқан «Нұр-Дана» балабақшасы сол жердегі балабақша кезегін  едәуір азайтты.

Балабақшаға бас сұққан облыс әкімі ұжым жұмысына сәттілік тілеп, компьютер сыйлады.

Шалқар қаласында бұрынғы ескі ғимарат заманауи күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді. «Халықтық  кеңсе» үйі аудан халқына мінсіз қызмет көрсетіп тұр. Қызмет көрсету орталығы Елбасы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылған «Ақтөбе  — адалдық алаңы» аясында ашылды. Күніне 700 адам келеді. Бұған дейін жоғарыда аталған балабақша, стационар және қызмет көрсету орталығын салып, қызметін тұрғындардың қажетіне арнап жүрген — облыстық саясаткер әйелдер клубының Шалқар ауданы бойынша кураторы Сәуле Дәулеталина. Таңертеңгі тоғыздан кешкі сегізге дейін қызмет көрсететін үш қабатты ғимаратта асхана, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы көтерме лифті, электронды қызмет алатын орын мен күту залдары бар.

«Халықтық кеңсе» үйін аралаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ішкі-сыртқы құрылысы жаңа заман талабымен жабдықталған, барлық қызмет көрсетуі соңғы үлгімен ұсынылатын орталыққа оң баға берді.

Елбасымыздың Жолдауында айтылған маңызды мәселенің бірі — халыққа жасалатын қызмет көрсетудің сапасын арттыру. Шалқар — облыстағы ірі қалалардың бірі. Мұндай орталық жалғыз облыс орталығында ғана ашылған болатын. Енді, міне, сол тың бастаманы сіздер жалғап отырсыздар.

Елге балабақша, денсаулық сақтау және осындай қызмет көрсету нысандарының салынуына үлес қосып, қаланың дамуына жанашырлық жасап жүрген Сәуле Меңдіғұллақызына алғыс айтамын, — деді.

Төрт түліктің отаны

Аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің өткен жылды қорытындылап, жаңа жылдағы жүзеге асар істердің жоспарын баяндаған есептік кездесуі өтті.

Баяндама жасаған аудан басшысы шалқарлықтар үшін алдымен өткен жылдың табысты болғанын айтты.

Шалқар ауданы екі жыл қатарынан жылды 500 миллион теңге көлемінде таза табыспен аяқтады. Бұл — ауданның барлық 50 мың халқының еңбегінің жемісі. Сол табысымыздың арқасында халыққа пайдасы тиер игілікті істер атқарылды, оған жыл бойы өздеріңіз куә болдыңыздар.

Өткен жылдың ең маңызды оқиғасының бірі — мамыр айында өткен «Шұғылалы Шалқарым» атты республикалық жерлестер форумы. Сол күндері Серік Ақшолақов бастаған, республикамыздың әр түкпірінде еңбек етіп, ел мерейін көтеріп жүрген белгілі азаматтар жиналды. Форумда туған жерге бет бұрған кәсіпкерлерден миллиард теңгеге жуық атқарылатын жобаларға келісім-шарт жасалып, қол қойылды. Бүгінгі күні сол келісілген істердің бірқатары аяқталды, қалғаны жүзеге асып жатыр, — деді.

Былтырғы жылы ауданда көптеген маңызды мәселенің түйіні шешіліп, сәтті істер көп болса, биыл да ірі жұмыстар жоспарланды.

Ең бастысы денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер көңіл қуантады. Жақын күндері ауданда инсульттық орталық ашылмақ.

Тұрмысын төрт түліктің тұқымын көбейтумен түзеп алған ауданда 10 ауыл шаруашылығы кооперативі, 1 өндірістік кооперативі,  491 шаруа  қожалығы  бар.

Ауыл  шаруашылығы бағдарламаларының жүзеге асырылуы нәтижесінде мал басының барлық түрінен  де  өсімге  қол  жеткізілді.  Ауданда бүгінгі таңда 11408 түйе, 24302 жылқы, 38055 мүйізді ірі қара, 95706 қой-ешкі болса, әлі де көбейту жұмыстары жүреді. Биыл Шалқардың өрісі 100 мың асылтұқымды қоймен толмақ. Оған мүмкіндік те бар. Былтыр 6 686 центнер ет өндіріліп, Иран ислам республикасына 400 бас қой еті экспортталған.

Сауалдар мен ұсыныстар

Есептік жиында тұрғындардың сауалдары мен пікірлері тыңдалып, шешу жолдары қарастырылды. Бұған дейін жасалған жұмыстардың куәсі болып жүрген шалқарлықтар жеке бастың мәселесін алға тартпай, әр ауылдың ортақ проблемасын жеткізді. Ол — ендігі қалған жолдың жөнделуі.

Бозойлық Қаршыға Жанұзақов екі ортадағы жол құрылысының тезірек біткенін, сондай-ақ шалғайдағы Бозойға қатынасты жеңілдету үшін әуе көлігін шығаруды сұрады. Кішіқұм селолық округі тұрғындары атынан сөйлеген Аққайыр Оразбаев ондағы ауызсудың тапшылығын жеткізсе, мөңкебиліктер ауызсу құрылысының биыл басталғанын қалайды.

Баспана мәселесі ауылдық жерлерде де жоқ емес. Осыған байланысты  №8 мектептің жас ұстазы Артур Дүйсенов «7-20-25» жастар бағдарламасы бойынша тұрғын үй алу Шалқар ауданында да қолға алынуы қажеттігін айтты.

Жастар жылы аясында аудан жастарының ең басты мәселесіне қарай  жасалатын көмектер де қомақты болмақ.

Тұрғындар көтерген негізгі мәселе жолдың жайы болды.

Барлық сұрақтардың жауабын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытынды сөзінде  айтты:

Өткен есептік кездесулерде айтылған мәселелердің көбі жасалды. Бүгін біраз нысандарды араладық. Бұрын тоқтап қалған кәсіпорындар іске қосылуда. Сіздердің қалауларыңыз іске асып жатыр. Міне, қазіргі айтып жатқан мәселелеріңізді келесі жылға дейін орындауға тырысамыз. Әлі де болса олқылықтар, кемшіліктер жоқ емес. Бір шақырым жол бір миллион доллар тұрады. Шаруа бөлінген қаржыға байланысты жасалады. Шалқар —ауылшаруашылықты аудан. Қойдан бастап түйеге дейін төрт түлікті көбейту керек. Сонымен қатар көкөніс пен мал азығын көптеп егіңіздер. Ұзын жолдың бойында отырсыздар. Бозой жолы өнім шығаруға, әкелуге қолайлы. Табыс әкеледі. Жастар кәсіппен айналысқаны жөн. Біз Жастар жылында нақты  бір нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Ол — жұмыспен қамту, мамандық алуға көмектесу, материалдық көмек беру және кәсіппен айналысуға жағдай жасау. Бізге жол мен жылдың мүмкіндігін пайдалану керек, — деді.

Жиында жастар арасында болған  келеңсіз оқиғаларға байланысты тәртіп жөнінде сөз қозғалды.

Экономикадан, саясаттан табыссыз емеспіз. Біз рухани құндылығымызды сақтауымыз керек. Жастар саясаты жайдан-жай айтылып жүрген жоқ. Сіздерден сұрайтыным бір-ақ нәрсе — ауызбіршілік пен татулық. Бір-бірімізді кінәламай, билік пен қоғам бірігіп жұмыс жасаса, кез келген қылмыстың алдын алуға болады, — деп түйіндеді облыс басшысы.

 Тәрбие. Отбасы. Қоғам

 Шалқар ауданына облыс әкімімен бірге облыстық білім басқармасының басшысы Л.Оразбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ә.Қалиев барды. Есептік кездесуден кейін №8 орта мектепте жалпы орта білім беру мекемелерінің директорлары мен ұстаздары, ата-аналар қатысқан жиын болды.

Аудан әкімі ауданның қоғамдық ахуалы мен құқықбұзушылықтың жай-күйін айтқан өз баяндамасында өткен жылдармен салыстырғанда қылмыс азайғанымен, ауыр қылмыстың орын алып тұратынын жасырмады. Әсіресе, бұл жиынға арқау болған мектеп оқушылары арасындағы қайғылы жағдай.

Облыс басшысы өз сөзінде қылмыстың алдын алу шараларын күшейтіп, әр нәрсеге мән беру керектігін айтты. Балаға әсер ететін әрбір ортаның онымен қалай байланыс жасап жүргені бақылануы керек. Жастардың орынсыз әрекеттері, балалардың мезгілсіз рұқсат етілмеген жерлерде жүруі қылмысқа жол береді.

Баланың қоғам үшін алар орны қандай екенін білесіздер. Жасалып жатқан жұмыстар, өтіп жатқан шаралардың барлығы осы жастар үшін. Олар — біздің  болашағымыз. Ал мына балалар арасында болып жатқан оқиғалар бізге жат. Мұны қалай тоқтатамыз? Келешекте мұндай жағымсыз жайттарды болдырмау үшін әрбір ата-ана бала тәрбиесімен мықтап айналысуы керек. Ұрпақ тәрбиесі алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс.

Кінәлі тарапты іздеу емес, бірігіп нәтижелі жұмыс жасау маңызды. Жастардың әрбір қимыл-әрекетін жіті бақылап, ата-аналар, ұстаздар, мектеп инспекторлары бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек, — деген облыс әкімі аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Есбол Есмұқановтан полиция қызметкерлерінің мектеп ұжымы мен ата-аналармен қарым-қатынасы жөнінде сұрады. Ауданның бас полициясының айтуынша, барлық мектеп инспекторлармен қамтылған. Одан бөлек 21 учаскелік инспектор және бар.

Бала тәрбиесіне қатысты басқосуда ұзақ жыл ұстаздық етіп, бала тәрбиесімен айналысқан аудандық аналар кеңесінің төрайымы Гүлай Жұмағалиева  кінәні сырттан іздеудің қажеті жоқтығын, отбасылық тәрбиенің психологиялық тұрғыдан балаға әсері болатынын айтты. Ал аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы Әсемгүл Егімбаева бала тәрбиесімен тұрақты айналысып, көпшіліктің бірге көңіл бөлуі үшін үндеу жолдады. Отбасындағы әке тәрбиесінің орнын баса айтты. Отбасы тәрбиесіне, бала болашағына қатысты кездесуде әрбір ата-ана, ұстаз, жастар өздерінің ойларын ортаға салды. Қайткенде де бұзақылыққа жол бермеу керек.

Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жанна Әбденова  букмекерлік ойын кеңселерін жабу, түнгі мейрамханалардың тыныштығын бақылау туралы ұсыныстарын жеткізіп, облысқа келетін танымал тұлғаларды жастармен кездесуге аудандарға жіберіп тұруын сұрады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жастардың бұл өтінішін құптап, ескеретінін айтты.

— Жастар үшін спорт алаңдарын салып бердік. Тағы басқа көптеген орталықтар бар. Бірақ ол жерге баруға белсенділік танытпай отыр. Ата-аналар, ұстаздар осыған күш салайық. Адам бірден біреуге суық қару қолдана алмайды. Әуелі бейімделеді. Қылмысқа ойша дайындалады.  Сондықтан оның кімдермен бірге жүретінін, қандай ортамен байланысы барын біліп, бақылаусыз қалдырмау керек. Мен мұның бәрін текке айтып отырған жоқпын. Бір нәтиже шығару керек. Бұл кездесудің уақыты зая кетпесін. Ата-ана өздерінің жауапкершілігін сезінгені жөн. Қамқорлық кеңесінің  мүшелері мектепте жұмыс істеген, тәжірибелі, абыройлы ақсақалдар, балаға дұрыс бағыт бере алатын адамдар болғаны жақсы, — деп қорытты облыс басшысы сөзін.

Самат НАРЕГЕЕВ,

 Ақтөбе-Шалқар-Ақтөбе.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*