Басты бет » Жаңалықтар » Оқушылар неге қылмыс жасайды?

Оқушылар неге қылмыс жасайды?

Кеше Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектептің мәжіліс залында «Оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары» тақырыбында қалалық жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Оған Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Жиында Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, есепте тұрған оқушылар жөнінде айтып берді.

2018 жылдың қорытындысы бойынша мектепішілік есепте — 179, тәуекел тобында — 197, ішкі істер бөлімінде 29 оқушы есепте тұр. Ал 71 сәтсіз отбасында бүгінде 98 бала тәрбиеленуде. Қалалық білім бөлімінің жүргізген талдауында көрсетілгендей, бұл оқушылар негізінен төбелес, дөрекілік, балағаттау, мектепте қоғамдық тәртіпті бұзу, өз бетімен сабақтан кетіп қалу сынды жағымсыз әрекеттерімен тіркелген.

Мәселен, 2017 жылдың 12 айы ішінде қала мектептері бойынша 14 қылмыстық іс тіркелсе, былтыр 16 қылмыс тіркелген. Атап айтсақ, №5, №16, №37, №38, №40, №42, №44, №48, №53, сондай-ақ Қызылжар, Ақтөбе және Қарғалы орта мектептерінде құқықбұзушылық деректері анықталған. Бұрын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басты факторы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларында болса, қазіргі уақытта бұл жасөспірімдер сәтті отбасыларынан шыққан оқушылар болып отыр. Сонымен қатар қылмыс жасаған балаларға мектеп әкімшілігі жақсы мінездеме берген. Құқықбұзушылық деректеріне үңілсек, бұл келеңсіздіктер тікелей ата-ана мен мектеп әкімшілігі бақылауының жеткіліксіздігінен, балаға көңіл бөлушіліктің аздығынан болып отыр, — деді С.Сүлейменов.

Оның айтуынша, соңғы кезде 14-17 жас аралығындағы қыз балалардың үйінен қашу жағдайлары жиілеп кеткен. Қазіргі уақытта ішкі істер органдары мен қалалық білім бөлімі, сондай-ақ мектеп басшылары жан-жақты жұмыстар жүргізіп, оқушылардың сабақ кезінде, сондай-ақ сабақтан тыс уақытта бейберекет жүруіне тыйым салуда.

Аталған мәселеге байланысты қала әкімі Ілияс Испанов былай деді:

— Болған келеңсіздіктерге ата-аналар арасындағы отбасылық мәселелердің ықпал етуі мүмкін. Балаға, ең алдымен, ата-анасы жауапты. Сондай-ақ мектеп басшылары да оқушылардың жүріс-тұрысын, оқу үлгерімін, мектептегі ішкі жағдайды үнемі назарында ұстауы керек. Мектепте көп нәрсе басшыға байланысты. Егер мектеп директорлары дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, оқушылардың тәртібін қадағалауға алса, мұндай келеңсіздіктер болмайды. Өздеріңіз көргендей, міне, жыл басынан бері 3-4 қылмыстық іс қозғалып отыр.

Жиында Ілияс Испанов қалалық білім бөлімінің басшысынан қала мектептерінің арасында оқушыларының оқу үлгерімі мен тәртібі жақсы мектептер және көп сынға ұшырайтын мектептерге талдау жасау керектігін, ең алдымен, мектеп директорлары оқу орнында болған келеңсіздіктерді жасырмай, құзырлы органдарға уақытында хабарлау керектігін жеткізді.

Қала әкімінің: «Оқушылар арасында болған топтық төбелеске қатысты мектептерде қандай шаралар жасалып жатыр?» — деген сауалына жауап берген Саян Сүлейменов:

  • Оқиға болғаннан кейін білім бөлімінің қызметкерлері арнайы топ құрып, №13, 15, 22, 42 мектептерді барып тексерді. Топтық жұмыстың нәтижесі бойынша №22 орта мектептің жұмысында бірқатар олқылықтар бар екендігі байқалды. Аталған мектепте мектепішілік тізімде тұрған 21 оқушымен мектеп басшылығы тиісті деңгейде жұмыс жасамай отыр, — деді.

Қала әкімі жиналысқа қатысқан №22 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын орнынан тұрғызып, не себепті құқықбұзушылықтарға жол берілгенін, алдағы уақытта тізімде тұрған оқушылармен тиісті жұмыстар жасалу керектігін ескертті.

Сондай-ақ жиында шаһар басшысы аты аталған мектептердің басшыларына тіркеуде тұрған оқушылардың тәртібін бақылауға алып, ата-аналармен, мектеп инспекторларымен бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.

Жиналыста Ақтөбе қаласы ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Орналы Әбдіғали жыл басынан бері қала аумағында болған қылмыстық істерге тоқталып, алдағы уақытта құқықбұзушылықтың алдын алу үшін полиция қызметкерлері мен мектеп басшылары өзара бірлесіп жұмыс жасауы керектігін, түнгі клубтарға баратын оқушыларға тікелей ата-аналары жауапты екенін, сондай-ақ заңға сәйкес баласын қарамайтын, жауапкершілігі жоқ ата-аналарға ескерту жасалып, айыппұл салынатынын атап өтті.

Шара соңында ата-аналар атынан үндеу қабылданып, онда бала тәрбиесіндегі басты жауапкершілік ата-аналарда екендігі, сондықтан кез келген ата-ана баласының мектептен тыс уақытта қайда жүргенін, достары кім екенін, қандай үйірмелерге қатысатынын басты назарда ұстау керектігі айтылды.

Д.ТАУАНОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*