Басты бет » Жаңалықтар » «Front office» жобасы іске қосылды

«Front office» жобасы іске қосылды

Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданы әкімдігінің ғимаратында «Front office» жобасы іске қосылды.

Аталған жоба аудан тұрғындарының мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылып отыр.

Алматы ауданы әкімдігінің ғимаратының 1-қабатында Халыққа қызмет көрсету орталығы, «Қазпошта», «Ақбұлақ» акционерлік қоғамдары, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, т.б. мекемелердің мамандары тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Сонымен қатар «Front office» жобасы аясында Ақтөбе қаласы әкіміне және құзырлы мекеме өкілдеріне өтініштер мен ұсыныстарын қала әкімдігіне немесе мемлекеттік органдарға бармай-ақ дәл осы жерден жолдауға мүмкіндік бар.

Шара барысында Алматы ауданының әкімі Алмаз Әлімбаев аудан тұрғындарын жеке қабылдады.

— Мен Ақжар-2 ауылының тұрғынымын. Бізде балаларға арналған демалыс орталығы жоқ. Ауылдың ішінде екі гектардай жер бос тұр. Енді заң жүзінде рұқсат сұрап, осы жерден саябақ ашу туралы ұсынысымды білдірейін деп келдім. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» демекші, өскелең ұрпаққа өнегелі іс болсын деген ниетім бар. Алдағы уақытта саябақта жеміс ағаштары егіліп, балаларға арналған ойын-алаңдары мен хоккей корты салынса, балаларымызға да тиімді болмақ . Бұл ұсынысыма аудан әкімі қолдау білдіретінін айтты, — дейді қабылдауға келген тұрғындардың бірі Еділ Нұрпейіс.  

«Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі басшысының орынбасары Ақансері Сұлтанбековтің айтуынша, аталған жоба бұдан әрі жалғасын табатын болады.

— Бұл жоба Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында және «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы аясында тұрғындарға қолжетімділікті қамтамасыз ету, қала, аудан басшылығына алдын ала кезекке тіркеусіз сауалдарын жолдауға мүмкіндік туғызу мақсатында ашылып отыр. 

Мұндай кеңсе бұған дейін Алға ауданында ашылды. Алдағы уақытта білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде де ашуды жоспарлап отырмыз, — дейді А.Сұлтанбеков.                                                                                      

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*