Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбенің алмасы. Оны жейтін күн қашан туады?

Ақтөбенің алмасы. Оны жейтін күн қашан туады?

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ

Спартак Төремұратов өзінің тұрғылықты жері — Ойыл ауданының Саралжын ауылында алма бағын өсіргелі отыр. Бұл мақсатта облысқа белгілі бағбан көктем айларында көшеттерді бірнеше агротехнология бойынша екпек. Шаруашылық иесі аталған бастамасымен тек жеміс алумен шектелмейтінін айтады… Елбасының өзі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында маңыз берген алма өсіру жайы, осылайша, біздің өңірде де қарқын алмақ.

«Ойылдың алмасы, күннің қызыл түсіндей…»

ЕлбасыНұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да алманың отаны — Қазақстан екенін, бұның ғылыми тұрғыда дәлелденгенін айрықша атап өткен болатын.Өткен жылдың соңында жарияланған материалда автор — Мемлекет басшысы төмендегідей тарихи дәйектерді келтіреді: «Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы — Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма — біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды».

Тарихқа көз жүгіртсек, атауы алма жемісінің құрметіне қойылған оңтүстік астана — Алматы қаласынан бөлек, Ақтөбеде де бақша өнімдері көптеп өсірілген. Мәселен, Ойыл өңірінде Қазан төңкерісіне дейін алыс-жақын жерлерден тұқым әкелініп, осы жеміс түрін егу жұмыстары мейлінше молынан қолға алынған деседі. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып бұл жақта тіптен апорттың дәмін татқандар кездесіпті. Кеңес Одағы тұсында жергілікті орман шаруашылығының ұйытқы болуымен жер-жерде алма ағаштары бүр жарды деген де дерек бар. Бұл сөзімізді «Спарта» шаруа қожалығының иесі Спартак Төремұратов та қуаттайды. 47 жастағы жігіт ағасы бала кезінде Саралжындағы жабайы алма бағынан талай дәм татқанын алға тартты.

— Алма бағы Ойыл ауданы үшін таңсық емес деп толық сеніммен айта аламын. Өйткені кішкентай кезімізден сол алмаларды талай жеп өстік. Көгі, қызылы бар, үлкенді-кішісі дегендей, Саралжында бұл жеміс түрінің өскенін тұрғындардың бәрі біледі. Өкінішке қарай, 1990 жылдарға дейін жайқалған алма бағы кейіннен мүлде қараусыз қалып, ақыры бүгінгідей халге жеттік, — дейді әңгімелесушіміз.

Аты ғана емес, айналысатын кәсіп түрі де Ойыл ауданы үшін ерекше бағбан — Спартак Төремұратовты көпшілік қауын-қарбыз өсіретін шаруа ретінде таниды. Былтыр бақша дақылдарынан 6,5 центнер өнім алған саралжындық азамат ендіөзінің ауылында алма бағын ашуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта көршілес Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстарынан алманың әртүрлі сұрыпынан тұқым әкеліп, оны шамамен мамыр айында екпек.

— Иелігімде 1500 гектар жер бар. Алдымен соның 2 гектарына алма ағашын егуді ойластырып отырмын. Ең әуелі біздің жаққа сіңісе ме, жоқ па, соны анықтауым керек қой. Сондай-ақ бақта алмұрт, шие көшеттері де болады. Бірақ бәрібір алмаға басымдық беріледі. Ол үшін алманың қолыма тиген барлық сұрыптарын аз-аздан егіп тастамақпын. Қайсысының шығымы жақсы болады, соған маңыз бере бастаймын.

Менің есептеуім бойынша, алма бағының әр гектарына 2 миллион теңге керек. Оны күтіп-баптау, суару жағы бар, барлығы бірталай қаржыны талап етеді. Сондықтан қазірден-ақ көршілес облыстардағы мамандармен кеңесіп, солардың тәжірибесімен танысып жатырмын. Ғаламтор арқылы да көп нәрсені білуге болады. Өкінішке қарай, ауылымыздағы үйлерге интернет тартылмаған. Осыдан барып аудан орталығына баруға, болмаса ауылдағы мектептің информатика пәнінің сыныбына кіруге рұқсат сұрауға тура келеді, — деп ағынан жарылды Спартак.

Алма ағашының бірден жемісін бере қоймайтыны белгілі. Бұны 3-4 жылға дейін күту мүмкін екендігі және бар. Ең бастысы — егер ондағы жердің аталған жеміс түрін өсіруге қолайлы болатынын-болмайтынын білудің өзіне уақыт қажет екенін ескерсек, бұның үлкен шаруа екені хақ. Осыны сезгенкәсіпкер бастаманың қай жағынан да тиімді болғанын қалайды…

«…Тал қалсын!»

Соңғы уақытта ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданылатын тамшылатып суару, бағзы заманнан келе жатқан қолмен суару, басқа да жаңа технологиялар арқылы алма бағын тура мағынасында гүлдендіргісі келіп отырған бағбан түпкі мақсат — пайда табу емес екенін тілге тиек етті. Екі өзеннің бойында орналасқан елді мекеннің іскер тұрғыны:

— Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Осыны қаперге алып, алма бағын ашу ісін бастадым. Мұнымен бірге, біздің Ойыл өлкесінің табиғатқа бай екені баршаға мәлім. Өзен-көлдеріміз, табиғатымыз қандай! Тиісінше қысы-жазы Саралжында балық аулап, тынығып қайтқысы келетіндердің саны көп. Соларға арналған демалыс орнын ашсақ деймін. Сырттан келген туристерге шағын үйлер салсақ, демалушылар алма ағашының саясында сейіл құрса, керемет емес пе?! Таза ауада, қаланың у-шуынан жырақта жасалған осындай қызмет түрі барлығына ұнайды деп ойлаймын. Әйтпесе, біздікіндей тұмса табиғаты жоқ болғанмен, сондай демалыс орталықтары арқылы қыруар қаржы тауып отырған Мысыр, Түркия елдерінің бізден несі артық? «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, солардың жасағаны біздің де қолымыздан келеді. Тек бел шеше кірісіп, бәрін жан-жақты қарастырсақ, сосын қажетті қаражат көзін тапсақ болғаны. Бұл — менің көптен бергі арманым. Бұйыртса, осы идеям сәтті жүзеге асады деген үміттемін, — деп алдағы ой-армандарымен бөлісті С.Төремұратов.

«Спарта» шаруа қожалығында бүгінде барлығы 6 адам қызмет етеді. Мал шаруашылығымен де айналысатын кейіпкеріміз жаңа ісін бастау үшін енді тек күннің жылынып, қолайлы ауа райының орнағанын күтіп отыр…

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ 

Облыста ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес салаларында 263 жоба іске асырылды, оның ішінде 2018 жылы 75 шаруашылық іске қосылды.

Бүгінгі таңда облыста дәстүрлі емес шаруашылық пен сүт бағытындағы ешкі өсірумен — 57, бал арасымен — 17, қоян өсірумен — 38, бөдене өсірумен — 58, марал өсірумен — 1, қаз өсірумен — 49және үйрек өсірумен 43 шаруашылықтар мен үй аулалары айналысып жатыр.

Ойылдағы кәсіпкерліктің ахуалы қандай?

Жыл басындағы ресми деректерге сүйенсек, Ойыл ауданында 48 заңды тұлға, 330 шаруа қожалығы, 440 жеке кәсіпкер тіркелген. Ал аудан аумағы 1 145686 гектар жерді құраса, оның 751 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылады.

Өлкеде дәстүрлі емес шаруашылық түрлері де біртіндеп дамып келеді. Оған дәлел ретінде Ойылдағы 72 асылтұқымды ешкі, 400 бөдене, сондай-ақ, гидропоника әдісімен өсірілетін құлпынайды айтуға болады.

Осы орайда Ойыл ауданына қарасты Саралжын ауылдық округінің әкімі Абат Мүбараковты сөзге тартқанымызда, одан жергілікті шаруа Спартак Төремұратовтың алма бағына қатысты жобасынан әкімшілік тарапы хабардар екенін білдік. Ауылшаруашылық саласының мамандары көп ұзамай Саралжындағы алма ағаштары егілетін топырақты алып, оны зертханаға жіберуді жоспарлап отыр екен.

— 10-15 күннің ішінде осы шаруаны реттесек дейміз. 2019-2021 жылдарға жоспарланған алма бағына қатысты жоба, біздің ойымызша оң нәтиже беруі тиіс. Неге десеңіз, ауылымыздағы Көктал деген жерде бұған дейін алма ағашы гүлдеген деген мәлімет бар. Әрине, біздің климатқа сәйкес келсе, аталған жеміс ағаштары өз өнімін беруі қажет, — дейді ауыл әкімі.

Айта кетейік, қазіргі таңда Саралжын ауылындағы тұрғындардың саны — 2278. Ал аудандағы халықтың саны 18 мыңнан асады.

P.S. Ойыл ауданында голландиялық қарбыздың тұқымын (!) егіп, одан мол өнім алған, сол арқылы алыс-жақын ауылдардағы тісқаққан «әріптестерінің» таңдайын қақтырған кейіпкеріміз — бағбан Спартак Төремұратовтыңбастамасы сәтті жүзеге асса, алдағы 3-4 жылда Саралжында өсірілген алмадан дәм татуымыз бек мүмкін. Шаруашылығын шалқытқан азаматтың бұл іске келгенде де айы оңынан туатынына сеніміміз зор.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Ақтөбе-Ойыл-Саралжын-Ақтөбе.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*