Басты бет » Ақтөбе — 150 » Туристік ақпараттық баған орнатылды

Туристік ақпараттық баған орнатылды

Ақтөбе қаласының туристік әлеуетін дамыту мақсатында нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр. Қаланың 150 жылдық мерейтойына дайындықтың бір бағыты — осы.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы әуежайының алаңында www.visitaktobe.kz туристік сайтпен біріктірілген туристік ақпараттық баған (терминал) орнатылды. Мұнда   турист үшін барлық қажетті ақпараттар, оның ішінде туристік бағыттар, қала мен облыстың көрікті жерлері, қонақүйлер, ойын-сауық орындары, туристік компаниялар т.б. туралы мәліметтер ұсынылған.

Мамандардың айтуынша, алдағы күндері қаланың теміржол вокзалы ғимаратына да осыған ұқсас ақпараттық баған орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, қаланың туристік әлеуетін дамыту мақсатында сауда, ойын-сауық үйлері, демалыс базалары, шипажайлар мен қонақүйлер, мейрамханалар, кафелер және басқа да нысандар кіретін қала кәсіпорындарының каталогы әзірленіпті.

Бүгінгі таңда «Qazaqtourism» компаниясы қаланың тарихи және ескерткіш орындарына ақылы негізде экскурсиялар өткізеді. «Ару қала — Ақтөбе» тақырыбында өтетін шолу 3 сағатқа созылады. Сондай-ақ, «Түнгі қала — Ақтөбе», «Батырлар — ел қорғаны» атты тақырыптық шолу да саяхатшылар үшін қолжетімді бағаға ұсынылады, — дейді Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Қуантайұлы.

Туристік бағыт ауқымын кеңейту мақсатында қалалық кәсіпкерлік бөлімі  «Ақтөбе қаласы бойынша саяхат және туристік маршруттарды құру» мәселесі бойынша қаланың туристік операторлары өкілдерінің басын қосып, кеңес өткізген болатын.

Ондағы мақсат — қалада туристік маршрутты қалыптастыру, оның ішінде қаланың 150 жылдық мерейтойына байланысты бірқатар іс-шараларды шаһарға экскурсиялық шолумен байланыстыру. Кеңес қорытындысы бойынша «Qazaqtourism» компаниясы аталмыш идеяға қызығушылық танытып, туристік маршруттар мен экскурсияларды бірлесіп әзірлеуге дайын екендіктерін білдіріпті.

А.НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*