Басты бет » Ақтөбе — 150 » Ақтөбенің алғашқы көліктері

Ақтөбенің алғашқы көліктері

Облыстық мемлекеттік архив деректерінде өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ақтөбе қаласында тасымал көлік ретінде ат арба, түйе арбалар пайдаланылған.

Архив қорында Ақтөбе қаласының тарихына қатысты мәліметтер аз сақталмаған. Деректерде 1920 жылдары Ақтөбе қаласында тасымал көлігі ретінде ат арба, түйе арбалардың пайдаланылғаны жазылған.

Нақтырақ айтар болсақ, 1921 жылы тамыз айында ұйымдастырылған губерниялық көлік бөлімі меңгерушісінің баяндамасында: «Жаңа ұйымдастырылған көлік бөліміне  1 қызметкер, 5 жұмысшы, 25 ат, 2 түйе және 6 арба бөлінген», — деген мәліметтер келтірілген. Осындай құжаттарда мұндай көлік түрі белгілі бір күтімді талап ететіні жазылады: шөп, жем, жылы орын. Сондықтан экономикалық қатынастың өсуіне байланысты көпшілік тұрғын орындарының теміржол торабынан алшақ орналасқандығынан басқа, көлік түрлерінің қажеттілігі, оның ішінде автокөлік туралы сөз губерниялық кеңестің атқару комитетінің отырыстарында жиі қозғалатын болған.

Деректер жиырмасыншы жылдың аяғында Ақтөбе көшелерінде бірен-саран автокөліктің болғанын растайды.

Құжаттарда 1938 жылдың 9 қаңтарында алғашқы таксидің жолаушылар тасымалдай бастағаны жазылған. «Актюбинская правда» газетінің 1938 жылдың 12 қаңтарындағы санында «Алматыдан арнайы 6 жүк таситын таксилер алынды», — деген мәлімет бар, — дейді облыстық мемлекеттік архивтің құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің қызметкері Сағыныш Төремұратова.

1938 жылдың 20 маусымында қалада алғаш рет автобустар адам тасу үшін пайдаланыла бастапты. Билет құны — 30-50 тиын. Әуелі қалада 3 автобус маршруты болған. Олар — бірінші қалалық садтан мәдениет паркіне дейін, екінші қалалық садтан жұмысшылар поселкесіне дейін және үшінші қалалық садтан 9-шы мектеп арқылы теміржол вокзалына дейін барған.

Архив деректерінде 1951 жылдың 16 наурызында Ақтөбе қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімімен тағы да 3 автобус маршруты ашылып, 3 жүк таситын, 5 адам таситын таксилер пайдалануға берілгені жазылған. Арада 18 жыл өткен соң, яғни 1969 жылдың 28 наурызында Ақтөбеде троллейбус қозғалысын жоспарлау жөнінде мәселе қойылады. Бұл жоспар тек 1982 жылы іске асырылған, — дейді С.Төремұратова.

Ақтөбеде 1982 жылдың 12 тамызында троллейбус желісінің бірінші кезегі пайдалануға берілген. Алғашқы  троллейбусты қала көшелерімен Ж.Жаймақов деген жүргізуші жүргізіп өткен. Бұл туралы «Путь к коммунизму» газетінде жазылады.

Міне, осындай деректер бүгінгі әсем қаламыз Ақтөбеде алғашқы автокөліктердің пайда болуы мен даму жолын растайды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

ҚАЛА ТАРИХЫНЫҢ ХРОНИКАСЫ

1869 жылы 14 мамырда Ақтөбе қаласының негізі алғашқыда әскери бекініс ретінде салынды. Бекініс құрылысын салуға Ақтөбе алқабының орталығындағы екі биік төбе ыңғайлы деп таңдап алынды.

1878 жылдан бастап Ақтөбеге алғаш қоныс аударушылар — орыс шаруалары келе бастады. Бастапқыда 28 отбасы келді. Ақтөбенің ең алғашқы көшелері — Крепостной, Гарнизон, Орынбор осы кезеңде пайда болды.

1880 жылы Ақтөбе бекінісі Торғай облысының уездік қаласы Актюбинск болып аталды.

1880 жылдан бастап Ақтөбеде бірінші шағын май шайқайтын, жүн жуатын, тері илейтін 7-8 жұмысшысы бар заводтар жұмыс жасай бастады.

1881 жылы 23 қаңтарда Ақтөбенің тұңғыш қалалық жоспарын Орынбор генерал-губернаторы бекітті. Жобаны архитектор Свиницкий жасады.

1883 жылы қыркүйекте Ақтөбеде екі кластық орыс-қазақ мектебі ашылды.

1888 жылы 17 қазанда қалада орыс-қазақ қыздар училищесі, қазақ қыздары үшін 20 орындық интернат ашылды.

1891 жылы 25 наурызда Ақтөбе бекінісі қала мәртебесін алып, Ақтөбе уезінің орталығы болып бекітілді.

1893 жылы қаладағы бүкіл жылжымайтын мүліктерге, үй-жайларға, өндіріс орындарына есеп жүргізілді.

1894 жылы қаланы басқару үшін тұрғындардың қоғамдық басқармасының алғашқы депутаттары сайланды.

1896 жылдан бастап қала құрылысына қаржы бөлініп, алғашқы болып қалалық қасапхана салынды.

(Жалғасы бар)
Мәліметтер

Қазақстан Республикасының

мәдениет қайраткері, өлкетанушы

Еркін Құрманбековтен алынды. 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*