Бұқара

 Қаһарман

ЕРЛІКТІҢ ЕРЕКШЕ ҮЛГІСІ

Кеңес ОдағыныңБатыры атағын алған ақтөбеліктер — М.Бөкенбаев (1924-2002), В.Синельников (1924-1980), Н.Терещенко (1924-1944), Л.Шиловский (1919-1943), А.Гришин (1914-1980),  Ф.Шатров (1914-1990) және  үш  дәрежелі  «Даңқ» орденінің иегерлері – И.Стариков (1924-1991), Ш.Рафиков(1904-1972), Ш.Еркінов (1924-1949), С.Ешбаевтың (1924-1996) ерлік жолдарын насихаттау үшін Ақтөбе қаласының мектептерінде танымдық шаралар өткізуді бастадық.

Ұлы Отан соғысында ақтөбелік 35 жауынгер Кеңес Одағының Батыры, 9 жауынгер «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің толық иегерлері атанды. Сондай қаһармандарымыздың бірі — үш дәрежелі  «Даңқ» орденінің иегері Сәрсенғали Ешбаевтың туғанына биыл 95 жыл толады.

1924 жылы 5 сәуірде  Байғанин ауданында  шаруа отбасында туған орта білімді жігіт 1942 жылы әскерге алынды. Ол Калинин, Ленинград және  Бірінші Белорус майданында 17-инженерлік-саперлік Гатчина бригадасының саперлік батальонының сапері болды. 1944 жылдың ақпан айында Ленинград майданы жауынгерлері блокаданы бұзып, қаланы азат етіп, жауды қуып, Луг өзенінен өткенде, қатардағы жауынгер Ешбаев ерекше көзге түсті. Қоршауды бұзудағы жанқиярлығы үшін батальон командирі капитан Котов Сәрсенғали Ешбаевты 3-дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынды.

Нарва мен Тарту қалаларын азат ету кезінде Сәрсенғали Ешбаев бастаған бір топ жауынгер  жау шебіне «тіл» әкелуге жіберілді. Олар немістің  миномет орнатылған жеңіл машинасын, қару-жарақ тиеген алты тіркемелі жүк машинасын командирімен қолға түсіріп,бөлімшенің қалаға кіруіне жол ашады. Осы жерде С.Ешбаевқа екі қабатты үйдің астыңғы қабатына мықтап бекінген жаудың атыс нүктесін жою тапсырылды. Тапсырманы мүлтіксіз орындаған ефрейтор С.Ешбаев 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

1945 жылдың 14 қаңтарында І Белорус майданы жауынгерлерінің Польшаның Пилица өзені бойында болған шайқасы кезінде, саперлерге мина алаңдарын тазалау мен тікенек сымдардан өтетін жерлерді белгілеуге бұйрық түсті. Сәрсенғали ағамыздың тобы Пшилет Остроленка  селосы маңындағы миналарды  зарарсыздандыру кезінде жау пулемет пен минометтерден атса да, саперлер кідірген жоқ. Сәрсенғали Ешбев тобы осы жерде танкіге қарсы және жаяу әскерге қарсы құрылған 16 минаны зарарсыздандырды. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылдың 6 сәуіріндегі Жарлығымен Сәрсенғали  Ешбаев І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Байғанин топырағында туып-өскен қарапайым қазақ баласының сұрапыл соғыста үш бірдей «Даңқ» орденімен марапатталуы — нағыз ерліктің үлгісі.

С.Ешбаев 1947 жылы елге оралып, халық шаруашылығының әртүрлі саласында еңбек етті. Еңбек майданындағы жақсы жұмысы үшін 1975 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен наградталды. Батыр 1996 жылдың 3 сәуірінде  дүниеден өтті.

Сәрсенғали  Ешбаев пен жары  Шынкүміс апа 8 бала тәрбиелеп өсіріп, одан  15 немере, 6 шөбере  өрбіді. С.Ешбаевтың суреті мен әскери  билеті, әскери кителі,  «Ленинградты қорғағаны үшін»,«Германияны жеңгені үшін» медальдары,  Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің  Құрмет Грамотасы музей экспозициясында орналасқан.

Айсұлу ТҰРАЛИЕВА,

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың мемориалдық музейінің бас қор сақтаушысы.

 Ұсыныс

ЕСКЕРТКІШ ЕЛГЕ ӘКЕЛІНСЕ…

«Өз ағамыз» — өзбектің еңбексүйгіш ұлт екендігін жиі айтамыз. Алайда, Өзбекстанда екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, көрші елдің Ғылым академиясының академигі болып, үш мәрте Ленин орденімен марапатталған қазақ туралы естіп пе едіңіз?

1893-1966 жылдары өмір сүрген Жабай Балиманов — сол атақтарға таза еңбегімен қол жеткізген адам. Ол Ақтөбе облысының Темір ауданында дүниеге келіп, жиырма жасында көрші мемлекетке қоныс аударған. Әуелгіде теміржолда қызмет атқарып, кейіннен мал шаруашылығымен айналысқан. Қаракөл қойын өсіріп, 1951 және 1958 жылдары  екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Өзбек ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің төртінші, бесінші шақырылымдарының депутаты, үш мәрте Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталып, Мәскеудегі бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алты медалінің (үшеуі алтын) иегері атанған.

Атамыз 1966 жылы дүниеден өткен соң, Өзбек ССР Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен Ташкент пен Бұхарада көше атаулары, өзі еңбек еткен Ақтау колхозындағы мектепке есімі берілген.

Еңбек ерінің баласы Жұбатқан Жабайұлы бүгінде Теміртау қаласында тұрады. Ұрпағының бүгінгі басты арманы — иесіз қалған батыр ескерткішін туған жері Темірге әкеліп орнату.

«Жабай Балимановтың қоладан жасалған ескерткіші бүгінде алынып тасталған, бір үйдің ауласында жатыр деседі. Соны алу туралы оның ұлы Өзбекстан президентіне хат жолдаған. Бұл екі мемлекет арасындағы мәселе болғандықтан, аудандық деңгейде шешілмейді. Егер бұл іске мемлекет араласып, оң шешімін тапса, Жабай Балимановтың ескерткішін Темірге қоюға болар еді деп есептеймін», — дейді Темір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмұхан Исаұлы.

Батырдың ұрпақтары аталарының ескерткіші кіндік қаны тамған жерге көп ұзамай орнатылар деген үмітте…

Әбділәлі ДӘУЛЕТБАЕВ,

Темір ауданы.

 Мақтаныш

ЖҮРГІЗУШІ ТАЛҒАТТЫҢ ТАЛҒАМЫ

Қазақ «Ерте тұр да, еншіңді ал!» деген сөзді керемет айтқан. Ерте тұрып, ырысына қол созатын ойылдық жігіттердің бірі — Талғат Маханов. Ол ауылдастарына такси қызметін көрсетеді.

Нағыз «тісқаққан» такси жүргізушісі 15 жылдан бері Ойыл мен Ақтөбенің екі ортасына қатынап жүр. Сонау қиын-қыстау кездерде жолдың ауырлығына қарамастан 12 орындық «Уаз» көлігімен тұрғындарды облыс орталығына тасыды. Кейін облыс орталығымен шалғай ауданды жалғайтын тас жол төселгеннен кейін көліктерін жаңартып, уақыт көшіне ілесіп отырды. Оның жолақысы да қымбат емес. Оған қоса өтініш білдірген адамдардың аманатын арқалап жүреді. Ол көлігіне отырған әр жолаушыны үйіне келген қонағындай қарсы алады. Қазіргі таңда жолаушы тасып жүрген «Тайота Хайс» көлігінің қыста жылыту пешін қамдап, жазда жолаушыларға жайлы етіп салқындатқышын қосып отырады. Бұл жолаушы үшін өте маңызды.

Талғат Маханов алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама арқылы несиеге тағы бір автокөлік алуды жоспарлап отыр. Егер бұл ойы орындалса, жолақысын әлі де төмендетуге болатынын айтады. Әрине, бұл бізге, яғни жолаушылар үшін өте қолайлы болмақ.

Біздің ауданда Талғаттан басқа әккі таксистер жетерлік. Олар жолақысын шарықтатпай, бір қалыпты ұстауға ниет біріктіргенмен, кейбір заңсыз тасымалдаушылар оларға кедергісін тигізіп жатқанын көз көріп отыр. Тіпті олардың арасында 2-3 жасар балаға да екі мың теңгеден ақша алу, аманатқа ақша сұраушылар тағы бар. Әрі ақшаға құныққандар сенің қауіпсіздігіңді қайдан ойласын, жылдамдықты арттырып, межелі жерге тез жетуге асығады. Шыбын жаныңды шүберекке түйіп, ажалдың арбасына мінгендей боласың. Осындайда барлық такси жүргізушілері Талғаттай болса ғой дейсің…

 Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Ұрпақ

КІМ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ?

Мен қазір 11-сыныпта оқимын, алдыма қойған мақсаттарым да, аңсаған армандарым да көп.

Жақын арада өмірімнің бірінші сынағы —  ҰБТ тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеу… Бар-жоғы үш сөз, бірақ ол қуаныштан гөрі қорқыныш, үрейге бөлейді. Сынақты тапсыруыңа байланысты сенің болашақта қай оқу орнына түсетініңді де, қандай маман иесі болатыныңды да шешетін осы ҰБТ.

Әр мамандық өзінше қызық, өзінше мәртебелі. Мен мамандықты таңдау — өз болашағымды таңдау екенін жақсы түсінемін.

Алдымен қай пәнді таңдаймын, қай мамандықты қалаймын деп көп ойландым. Мамандық таңдау өте қиын екен.Мен әуелде науқастарға мейірімін төге білетін дәрігер болғым келді. Бірақ әкем ұзақ оқығанымды қаламағандықтан, бұл мамандықты қарастыруды қойдым. Кейін заңгер болуды ойластырдым. Шыны керек, бұл мамандық мені тек интернет желісінен көрген сериалдар мен кинолардағы кейіпкерлердің іс-әрекетімен ғана қызықтырды. Бірақ ойлана келе бұл ойымнан да айныдым. Себебі заңгерлік мамандыққа грант бөлінбейтін болды, ал мен ата-анама жүк артқым келмейді.

Ұзақ толғандым, ұнататын қай істерімнің барын ойша тізбектедім. Мен кішкене кезімнен қазақ тілі және әдебиеті пәнін сүйіп оқыдым, түрлі ғылыми жобаларға қатыстым, әр ақынның шығармашылығына терең бойлап, өлең оқығанды жаным сүйеді. Теледидарда болып жатқан түрлі бағдарламаларды қарап, сараптап, жүргізушінің өзін ұстауына, сөз саптауына, ойландыратын сұрақтар қоюына, қитұрқы мәселелерден оңай шыға білу қабілетіне қызығатынмын. Өзімді сол жүргізушіге теңеп, камера алдында сөйлеп тұрғанымдай көп қиялдайтынмын. Осылайша біраз ойланып, өзіммен өзім сұхбаттасып, бір шешімге келдім. Сол шешімімді ойлағанда жүрегім жарылардай ерекше қуандым. Мен журналист болғым келеді. Мен өтірікке, әділетсіздікке қарсы шығатын, халқымның «көзі, құлағы һәм тілі» (А.Байтұрсынов) болғым келеді. Әрине, бұл оңай емес. Алдымда талай асулар, талай белестер тұр. Міне,мен өзімнің болашақ мамандығымды шын жүрегіммен таңдадым және бұл мамандығымның қыр-сырын білгенше еңбек етуге дайынмын.

 Әсем КӘДІРБАЕВА, 

М.Құрманғалиева атындағы  №32 мектеп-гимназияның

11-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 Қайырымдылық

АБАЙДЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Жастар — кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші.

Сондықтан жастардың білімді, жігерлі, ақылды, қайратты, бәсекеге қабілетті болып өсуіне елімізде бар жағдай жасалып отыр. Елбасы Н.Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, «жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдау қажеттігін» айтқан болатын.

Мектебіміздегі белсенді жастардың бірі Абай Қайратұлы — география пәнінің мұғалімі. Жас маман аз уақытта өзінің жаңашылдығымен, ізденімпаздығымен қоса қайырымды екендігін де көрсетіп отыр.

Абай Қайратұлы жастарға үндеу жолдап, республика көлемінде өтіп жатқан «Қамқорлық» қайырымдылық акциясына өз үлесін қосты. Ол өзі білім беретін мектепте тәрбиеленіп отырған 8-сынып оқушысы Жансая Сәрсенбаеваға жеке қаражаты есебінен мүгедектік арбасын сыйға тартты. Бала кезінен сал ауруына шалдыққан Жансая өте қайсар қыз, өзі сабағын жақсы оқиды әрі сахнада ән шырқап, түрлі жарыстарға қатысып жүр.

Абай Қайратұлы қатарластарын республикалық «Қамқорлық» қайырымдылық акциясына өз қал-қадерінше қатысуға шақырады.

 Анар ҒАСЫРҚЫЗЫ,

Бестамақ орта мектебінің директоры.

Алға ауданы

 Ақтөбе-150

ЫСТЫҚ ШАЙ МЕН ТӘТТІ БАУЫРСАҚ

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына байланысты қалалық әкімдіктің қолдауымен жастар ресурстық орталығы «150 игі іс» атты акцияны қолға алған болатын.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы қатарындағы «жас жауынгерлер» —кеңесшілер де бұл акциядан қалыс қалған жоқ.

Жас кеңесшілер аязға тоңып, сыртта жүрген ақтөбеліктерге жақсы көңіл күймен бірге ыстық шай мен бауырсағын таратып, тұрғындарға баспаналы болуға қатысты мемлекеттік бағдарламалар туралы айтты. Мәселен, «Матадор» сауда үйінің ғимаратында орналасқан Кеңес беру орталығының қаржы кеңесшілері «Космос» аялдамасы алаңында қоғамдық көлік күтіп тұрған адамдарға тосын сый жасаса, Ш.Уәлиханов көшесі, 14-үйде орналасқан Кеңес беру орталығының қаржы кеңесшілері — Орталық базар алаңында, ал «Мега Шығыс» сауда үйі орналасқан орталық кеңесшілері — Шығыс базары алаңында, Темір жолшылар көшесі, 77-үйде орналасқан орталық кеңесшілері теміржол вокзалы алаңында аялдамада көлік күтіп тұрған азаматтарға, такси жүргізушілеріне, саудагерлерге, сауда жасаушыларға, жай жүргіншілерге, жұмысшыларға — жолда кездескен әрбір адамға ыстық шайы мен тәтті бауырсақ таратты. Екі-үш күннен бері сыртта аяз көтеріліп, күн суытқаны белгілі. Әлбетте, бір кесе ыстық шай мен бауырсақ қарын тойдырмауы мүмкін, алайда жүректерге жылылық сеуіп, көңілдерге бір сәттік қуаныш сыйлағаны айқын.

М.ЗАИТОВ,

Ақтөбе қаласы.

Сағыныш

ӨТКЕН КҮНДЕРДІҢ ӨНЕГЕСІ

Елдің жақсы ағаларының бірі болған Зейнолла Ермағанбетов туралы бірер ауыз сөз айтқымыз келеді.

Асылы, адам мінезінің  қалыптасуы, біріншіден, тегінен, екіншіден, өскен ортасынан, үшіншіден, ізденуі мен еңбекқорлығынан туындаса, осы үш ақиқат Зекең болмысын анықтаған тәмсіл болар. Оның әкесі Абдол атамыз Алашорданың мүшесі болған Ақбайұлы  Жүсіп молдамен  қатар жүрген, намазы қаза болмаған, шаруа баққан, ұл өсіріп, қыз тәрбиелеген  өнегелі отбасының, елінің қадірлі ақсақалы болған адам.

Зейнолла бала кезінен-ақ ашаршылық, соғыс жылдарының ауыртпалықтарын көз алдынан өткізіп, елдің запыран жұтып, әкелері соғыста қаза тауып, ана сүті таңдайларына татығандай болған замандастарымен қатар ерте ержеткен. Соғыстан кейінгі тұста мұғалімдер институтын бітіріп, әскери борышын Қиыр Шығыс әскері округінде атқарып, командирлік сапта қызмет еткен.

Сонау алпысыншы жылдары жаңадан құрылған «Нұра» кеңшары партия ұйымы хатшылығына Зейнолла Ермағанбетовтің сайлануы бұл салаға тың серпіліс, жаңаша леп әкелгендей болды. Сондағы кеңшар директоры Құлмырза Тілеуов, бас инженер Рахмет Әбдіраманов, бас есепші Хусейн Айтбаев, барлығы да «Ырыс ынталыға үйіріледі» дегендей, Нұраның игілігіне жұмыс жасаған білікті мамандар еді.

Ескікөз Әбдінатып Ұзақовтың еске алуынша, 1964 жылдың қысы қатты болып, тракторлар әрең жүріп, қоғамдық малды қыстан аман  алып шығу  екіталай болған уақытта, партия ұйымының жиналысын өткізіп, Зекең өзі бас болып мал қыстақтарына адамдарды бөліп, өзі де малшылар ортасынан табылған. Сол жылдарда ауданда жұмыс жасаған азаматтар Нұраның шаруашылық, мәдениет, білім беру салаларының озық болғанын, көп кадрлар аудан орталығына Нұрадан алдырылғанын ризашылықпен еске алып отырады.

1964 жылы аудан жабылып, 1965 жылы қайта ашылғанда Зейнолла Ермағанбетовтің аудандық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімі басшылығына шақырылуы оның рухани тәжірибесі ерте толысқанын, уақыт ерекшеліктеріне сай икемділігін, орта толтырар істерге бейімділігі байқалғаннан болар.

Арада үш-төрт жыл өткенде ол аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып, қайнаған шаруа иіріміне түскен. Төраға Нұралы Қаниев адам танитын іскер азамат, мемлекеттік қызметте лауазымдық дәрежелерін сақтаса, тұрмыста Зекеңмен ағалы-інілі болып сыйластықта болғандарын көз көрген.

Ырғызды дамыту туралы мемлекет тарапынан арнайы қаулы қабылданған соң, көп істерді атқару Зекеңе міндеттелді. Оның басшылығымен ауданнан қайратты отыз шақты адам ағаш дайындау жұмысына жұмылдырылған.  Орыс тіліне жүйріктігі, адамдармен сөйлесу мәдениеті, жұмыс ұйымдастыру шеберлігі алыстағы Амур «Леспром» басшыларымен тіл табысуда кәдеге жараған.

Орталықтан не қажеттілік бар дегенде, Ырғызда телехабар көретіндей жағдай болса деген қоғамдық ұсыныс айтылған.  Зейнолла Ермағанбетов  пен байланыс басшысы Атыбар Есімбаевтар Бұхараға барып 1 телемұнара, 2 хабар тасымалдағыш әкеліп, содан 1975 жылдан елде телехабар көрсетілген. Төраға Н.Қаниев бірде «қасаң ойлылардың қаперіне де келмейтін шешімдер біздің Зекеңнің алдынан жүгенделген асаудай жайбарақат қана шешіледі ғой», — деген екен. Қандай керемет баға!

Сондай азаматтар бүгін де қажет-ақ. Зекең ағаның тұлғалық тәрбиесін көрген, адамдармен арақатынас мәдениетінен үлгі-өнеге алғандар кейін биіктерге көтерілгенін көзіміз көрді.

 Болат АЙМАНОВ,

зейнеткер ұстаз. 

Ырғыз селосы.

 

 Кәсіп

ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮГЕНДЕГЕН ШАРУА

Қобда ауданының Қызылжар ауылында тұратын Ғабидола Бекбосынов — өз кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлердің бірі. Құрылғанына небәрі бес-алты жыл болса да, бұғанасы бекіп, қанат жайып үлгірген «Ажар» шаруа қожалығы — бүгінде аудандағы басқа кәсіпкерлерге үлгі етіп көрсетуге болатын қожалық.

Қожалық меншігінде 3600 гектар жер бар. Қазір Ғабидола Бекбосынов тоғыз жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Қожалық ауданға ауқымды инвестиция тартып, оның экономикасының ілгерілеуіне де біршама үлес қосып келеді. Бүгінгі күнге шаруашылыққа қарасты жайылымдарда 400 ірі қара, 200 қой-ешкі, 30 жылқы өріп жүр.

— Шаруамды бастаған кезде «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 30 миллион теңге тиімді несие алғанмын. Несие шарттары өте қолайлы — жылдық алты пайызбен алдым, оған қоса екі жыл каникулы тағы бар. Бұл да шаруаға кәсібін дамытуға мол мүмкіндік екен.  Мал басын көбейттім, ірі қаралар негізінен қызыл далалық сиыр. Алайда асылдандыру бағдарламасы аясында жыл сайын тек асылтұқымды бұқа қосып, малды асылдандыруға да күш салып отырмын. Соның арқасында бүгінде бұзаулар көз алдымызда іріленіп жатыр, — дейді кәсіпкер.

Шаруаның ретін білетін кәсіпкер мемлекеттің жерден несібесін емген шаруаға деген көмегінің ұшан-теңіз екенін айтады. «Тиімді шарттармен несие беріледі, оған қоса алған несиеңді субсидиялайды.  Оның өзі біз секілді ауылдағы кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік», — дейді ол.

Ғабидола Бекбосынов сонау 90-жылдары Ақтөбе қаласында жүк тасымалы кәсібімен айналысқан. Кейін шаруасын ауылдық жерде жалғастыруды ұйғарған. Ауыл шаруашылығына қатысты кәсібін өзінің туған жері Қобдадан бастаған ол төрт түлік өсіруді қолға алғанын айтады. Бүгінде шаруасы дөңгеленген кәсіпкердің айтуынша, ауыл шаруашылығын дамытудың басты шарты — мал тұрағының жайлы болуы. «Мал — баққандікі» демекші, мал басы артқан сайын, оған жайлы тұраққа да сұраныс ұлғаятыны белгілі. Сол үшін тағы бір еңселі, аумағы үлкен мал базының құрылысын биыл аяқтаған.  Қазір шаруашылықта үлкен екі мал базы бар. Оған қоса төрт түлікті суару үшін үш бірдей су скважинасын қазған.

— Мал шаруашылығына қоса егіншілікпен де айналысқан дұрыс. 100 гектардан астам алқапқа күзгі бидай, арпа егемін. Мемлекеттің қазір су сорғыштар үшін электр желісін тартып беретін бағдарламасы арқылы бау-бақша егуді қолға алмақшымын, — дейді шаруа.

«Ажар» шаруа қожалығында өндірілген ет Алға ауданындағы «АкТеп» шаруашылығына өткізіледі.  Әрбір келі етке 200 теңге қосымша төлейтін арнайы жобаға ілігіпті. Бұл да мемлекеттің шаруаларға деген қамқорлығының бір көрінісі.

«Ажар» шаруа қожалығы Елбасы айтқан отбасылық бизнесті дамыту қағидатына да саяды. Ғабидолланың екі ұлы шаруаға қолғабыс етіп, техника жүргізсе, зайыбы бухгалтерия, есеп-қисап, салық, жалақы сынды мәселелермен шұғылданады екен. Ал қызы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірті.

Шаруаға мығым азамат ауыл-елге де жанашыр. Қоғамдық істерден қағыс қалмайды Ауылдастары оның игі істердің басынан табылатынын, қолынан келген көмегін аямайтынын айтады.

 Талғат БАҒЫБЕРГЕНҰЛЫ,

Қобда ауданы.

 Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*