Басты бет » Жаңалықтар » Мәжіліс депутаттары Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылға барды

Мәжіліс депутаттары Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылға барды

Қарғалылықтар өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарына мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігін көрсетті.

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясының мүшелері Әлия Сапарова, Сәкен Қаныбеков, Павел Казанцев және Петр Шарапаевтар Қарғалы ауданының Желтау селолық округіне қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылға барды.

Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев оларды өткен жылы пайдалануға берілген «АкТеп» ЖШС-ның көкөніс қоймасына апарды. 200 гектар жерге картоп егіп, одан 5 мың тоннаға жуық өнім жинаған шаруашылықта қазір 24 адам жұмыс жасайды. Депутаттар тау боп үйілген өнімді іріктеп, тазартып, арнайы қапқа салып сатуға дайындап жатқан ұжымның жұмысымен танысты.

Қойма басшысы  Боранбек Ақтайлақовтың айтуынша  қазір қоймада азық-түлік есебінде сатылатын 4577 тонна картоп бар, ал 276 тонна өнім тұқымдық қажеттілікке сақталып отыр.

Бірінші кезекте Ақтөбе қаласы мен облыс көлеміне шығарып, ірі сауда базарларына, супермаркеттерге жіберіп жатырмыз. Картоптың бағасы —

50-55 теңге. Күніне сатылымға 15-20 тонна картоп жөнелтіледі. Қоймадағы арнайы техника Голландиядан әкелінді. Басында арнайы мамандар келіп үйретті. Жұмысшылардың барлығы да жергілікті тұрғындар. Өткен жылы алғашқы өнім жиналды. Гектарынан орта есеппен 26 тонна өнім алынды. Бұл жақсы нәтиже, — деді «Актеп» ЖШС-ның атқарушы директоры Боранбек Ақтайлақов.

Жұмысшылармен кездескен депутаттар олардың өтініштеріне құлақ түрді. Ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғындар ауылішілік жолдарды асфальттауға қаржы бөлу, ауылдың кіреберісіндегі жолды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, тұрғын үй салуға берілген жерді игерудің мерзімін ұлғайта түсу жөнінде әңгімеледі.

Депутаттар әрбір мәселені аяқсыз қалдырмай, шешілу жолдарын қарастыратындарын айтты.

Біз өңірлерге жылына төрт рет шығамыз. Сапарымыздың мақсаты — тұрғындармен кездесе отырып, Елбасы тапсырмасының, қабылданған заңдардың іс жүзінде атқарылып жатқанын өз көзімізбен көру. Екінші мәселе — осы істерді атқару барысында туындайтын жаңа міндеттерді анықтау, ұсыныстарды зерделеу. Бүгінгі кездесу барысында айтылған жайларды тиісті орындарға міндетті түрде жеткізіп, кей мәселелер бойынша заңға сүйене отырып шешім қабылдайтын боламыз, — деген депутаттар ауылдағы орта мектепті, балабақшаны аралады.

Ұзын жолдың бойында орналасқан бұл ауылдың болашағы зор. Қалаға жақын. Тұрғындар үшін жұмыс көзі жеткілікті.

— Округте  төрт мыңнан аса тұрғын бар. 396 жер учаскесіне су, электр желісі, газ құбыры тартылып тұр. Тұрғындар үшін қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Ауыл күннен-күнге өсіп келеді, — дейді Ш.Қалдаяқов атындағы  ауылдың әкімі Азамат Рзағұлов.

Сол күні Мәжіліс депутаттары Қосестек ауылында орналасқан «Тас Арман Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қиыршық тас өндіретін зауытында болып, іс барысымен танысты, жұмысшылармен сұхбаттасты.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*