Басты бет » Басты жаңалықтар » Аудан рейтингі неге төмен?

Аудан рейтингі неге төмен?

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Әйтеке би ауданын аралады. Ауданның Аралтөбе, Қияқты ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Комсомол селосында аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмыстарының  есебін тыңдауға қатысты.  

Аралтөбеліктердің алғысы

Облыс әкімі алдымен Қияқты ауылы маңындағы «Әділ» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

2013  жылы құрылған қожалықта негізінен асылтұқымды мал өсіріледі. Қожалық басшысы Берік Аяпов «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша  несие алып, мал санын көбейткен. Қазіргі күні қожалықта 325 асылтұқымды ақбас сиыр, 1235 еділбай қойы, 389 мұғалжар тұқымды жылқы бар. Облыс басшысы малдың жайын сұрап, шаруалардың жұмысына сәттілік тіледі.  Қияқтыда облыс басшысы тұрғындармен кездесті. Ауыл мектебін көрді. Тоқсаныншы жылдары салынған білім ордасының есік, терезесі әбден көнерген.

Салынғанына жиырма бес жыл болыпты. Бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Мектеп директоры осы мәселені үнемі айтуы керек еді ғой. Сонда ғана проблема шешіледі. Мен аудан әкіміне тапсырма беремін, құжаттарын дайындайды. Жазда мектеп жөнделеді. Алдағы оқу жылында балалар жаңарған мектепте білім алатын болады, — деді облыс басшысы.

Қияқтыда мектептен өзге айтарлықтай мәселе жоқ. Ауыл жұртшылығы білім ордасының жаңаратынын естіп, облыс басшысына алғыстарын білдірді.

Бұдан кейінгі сапар Аралтөбе ауылында жалғасты. Бердібек Сапарбаев тұрғындармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімі келгенде газ, су, жол  мәселесін көтерген едік. Бүгінде ол проблемалардың барлығы шешілді. Ендігі  мәселе  — мәдениет үйінің жоқтығы. Бұл да шешімін табады деген үміттеміз, — деген ауыл тұрғыны Жеткерген Оразбаев облыс әкіміне ризашылығын білдірді. Жасы сексеннен асқан  Ләтипа Сегізбаева ауылды шалғай демей, халықтың жағдайын білгені үшін Бердібек Сапарбаевқа батасын берді.

Облыс әкімі жиналған жұртшылыққа көтерілген мәселелердің барлығы біртіндеп шешілетінін, ауданның аумағындағы ауылдарға көгілдір отын кіретінін айтты. Мектеп мұғалімдеріне, ата-аналарға  оқушылардың тәрбиесіне көңіл бөлу керектігін ескертті. Мектеп директоры әр баланың аты-жөнін жатқа біліп, оның отбасы жағдайынан хабардар болуы тиіс. Жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың көбеюіне  тәрибе жұмысының нашарлығы себеп болуда. Осы мәселелерге тоқталған облыс әкімі ең бірінші тәрбиеге көңіл бөлу керектігін айтып,  жастарды еңбек етуге шақырды.

Көнерген оқу жүйесі, тозығы жеткен үй

Ауданға жасаған сапарының екінші күні облыс әкімі Комсомолдағы әлеуметтік ғимараттарды аралады.

Алдымен көпсалалы колледждің жұмысымен танысты. 1974 жылы салынған ғимаратқа әр жылдары жөндеу жұмысы жүрген. Алайда ғимараттың айналасы тазартылмаған, кіреберіс қасбеті сырланбапты.

Бұған айтарлықтай қомақты қаржы қажет емес. Сырлап, айналаны таза ұстауға болады ғой. Әр іске жауапкершілікпен қарау керек. Он жыл басқарғанда түк жұмыс жасамағансың, — деген әкім колледж директоры Асылбек Қанымбаевқа ескерту жасады.

Оқу ғимараты мен жатақхананы аралап көрді. Техникалық мамандықтарды даярлайтын білім ордасының материалдық жағдайы нашар. Соңғы үлгідегі  оқу құралдары жоқтың қасы. Балаларға кеңес дәуірінен қалған көліктердің құрылысы оқытылады. Облыс әкімі қазір механизатор, комбайншылар қажет екенін, бірақ мынандай оқу жүйесімен сұранысты қанағаттандыра алмайтынын айтып, директорға қатаң ескерту берді.

Бұдан кейін облыс басшысы аудандық аурухананың жұмысын көрді. Медициналық қызметтің сапасын тексерді. «Даму мед» медициналық ақпараттық жүйесін, тұрғындардың электронды денсаулық төлқұжатын тексеріп, қарады.  Дәрігерлермен сөйлесіп, қабылдауға келген тұрғындардың денсаулығын сұрады. Аудан әкімі Мәлімбет Ибрашев аурухана жанындағы бос тұрған ескі ғимаратты жөндеп, жас мамандарға пәтер қылып беру туралы ұсынысын айтты. Облыс басшысы бұған қатысты құжаттарды дайындау керектігін, мәселе сосын қаралатынын айтты.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Бұл жерде балалар қазақ күресі, дзюдо, волейбол, футбол, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен жаттығады. Жеткіншектердің жетістіктері көп. Халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жүлделі орындар алып жүр. Бірақ ескі ғимарат балалардың спортпен еркін айналысуына мүмкіндік бермейді. Облыс басшысы  жас спортшылардың өнерін тамашалап, спортта жетістікке жетулеріне тілектестігін білдірді. Биыл жылдың соңына дейін салынып жатқан спорт кешенінің құрылысы аяқталатынын айтып, оқушыларды қуантып тастады.

Комсомол жалпы орта білім беретін мектебіне барған облыс әкімі білім сапасын тексерді. Мұғалімдерден оқу бағдарламасы, ал  оқушылардан сабақ үлгерімдері туралы сұрады. Жас мамандармен тілдесті. 1962  жылы салынған ғимарат ескіріп тұр. Спорт залының  әбден тозығы жеткен. Күрделі жөндеу жүргізілмесе, ескіні жамағаннан пайда жоқ. Қазір 225 оқушы білім алады. Он үйірме жұмыс жасайды. Оқушылар түрлі байқаулардан орын алып жүр. Мектептің хоккей командасы аудан бойынша бірінші орында тұр. Аула сыртындағы мұз алаңында балалар еркін жаттығады. Жыл сайын оқушылардың саны өсіп келеді. Алдағы жылдары ғимарат тарлық етуі мүмкін. Облыс әкімі мәселені  шешуді қарастыратынын айтты.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев тұрғындардың шағымы бойынша апатты жағдайдағы  тұрғын үйге барды. 1953 жылы салынған екі қабатты үйде сегіз отбасы тұрады. Үйдің әбден тозығы жеткен. Сыртын қаптаған кірпіштер құлап, бір қабырғасы қисайып тұр. Су, газ жоқ. Тұрғындар от жағады. Осы үйде екі мыңыншы жылдан бері тұратын Тотан Төлеуов үйде түнеуге  қорқатынын айтады.

Үй құлайын деп тұр. Әсіресе, қыста қорқынышымыз үдей түседі. Құласа, аязда қайда барамыз. Үш балам бар. Айына отыз бес мың теңге еңбекақы аламын. Тіпті қазір от жағуға да қорқамыз. Қате болса, ескі ағаштар бірден жанып кетеді, — дейді. Есік, терезесі жоқ, адам тұрғысыз үйді облыс әкімі қарап шықты.

Бұл мәселені бірінші рет естіп отырмын.  Бұл үйде тұруға болмайды. Сәл шыдаңыздар, жылдың соңына дейін мәселе шешімін табады, — деді.

Арыз айтып, шулаған жұртшылық облыс әкімінің сөзінен кейін қуанып қалды.

Асфальтсыз көшелер. Көңілсіз көрсеткіштер

Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиында аудан әкімі Мәлімбет Ибрашев былтыр атқарған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерге тоқталды.

Экономиканың негізгі тірегі — өнеркәсіп. Былтыр аудандағы өнеркәсіп өнімі 106,1 пайызға өсіп, 4,1 миллиард теңгеге жеткен. Инвестиция көлемі 5,1 миллиард теңгеге артып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі — 103,1, ал құрылыс 114,3 пайызға көбейген. Кейінгі кезде тұрғындар дәстүрлі емес шаруашылықты қолға алыпты. Қоян, бөдене, қаз өсіретіндердің қатары артқан. Мал саны да былтырғымен салыстырғанда өскен. Мәлімбет Ибрашев құрылыс, денсаулық, білім, мәдениет салалары бойынша да атқарылған жұмыстарды баяндады.

Аудан әкімінің есебі тыңдалған соң, тұрғындар сұрақтарын қойды. Үш жылдан бері кәсіп ашу үшін жер, несие  ала алмай жүрген азамат облыс әкіміне шағымданды.

Мемлекет басшысының негізгі тапсырмасының бірі — кәсіпкерлікті қолдау. Осы бағытта «Бизнестің жол картасы-2020» секілді түрлі бағдарламалар бар. Ал оны халыққа жеткізу — әкімдіктегілердің міндеті. Былтыр кәсіпкерлікті дамытуға облысқа бес миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның тоқсан екі пайызы игерілді.  Биыл бес жарым миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Осы қаржыны игеретін, кәсіп бастайтын азаматтар керек, — деген облыс әкімі кәсіп ашамын деген тұрғынның шаруасын шешпей, салғырт қараған аудан әкімдігі қызметкерлерінің жұмысын сынға алды.

Ауылдағы мал дәрігері Рысқали Бозымбетов соңғы жылдары ірі қараны бруцеллезден  сақтау үшін ауданда бірқатар жұмыстың атқарылғанын айтты. Алайда аурудан қауіп әлі бар. Ең негізгі себебі — бұқа. Табынға бұқа да, бұқашық та қосылады. Содан кейін ауру көбейеді. Егер уақытында бұқаны бөлек дайындап  қосса, бруцеллезден сақтануға болады. Осы мәселені көтерген мал дәрігері бұған мемлекеттен қолдау қажет екенін айтты.

Комсомол тұрғыны Ақжамал Қалижанова нотариус қызметкерлерінің салғырттығынан үйінің құжатын дұрыстай алмай жүргенін, соның кесірінен көгілдір отын кіргізілмей отырғанын айтты. Тұрғынның арызын  мұқият тыңдаған облыс әкімі аудандық прокуратураға бір аптаның ішінде шаруаны шешуге тапсырма берді.

Жиында облыс әкіміне сұрақтар көп қойылды. Жұртшылық мазалаған мәселелерінің барлығын ортаға салды. Әсіресе, аудан орталығындағы көшелердің асфальтталмағаны жиі айтылды.

— Аудан орталығына қатысты көтерілген мәселелердің барлығы өте орынды. Мен кешеден бері көшелерді  аралап, көрдім. Орталық емес, ауыл сияқты. Әсіресе, түнде жүру мүмкін емес. Осыдан екі жыл бұрын вокзалдан орталыққа келетін жолды жөндеу үшін жүз сексен миллион теңге қаржы бөлінген. Бірақ көше сол күйі тұр. Егер орталық көше жөнделмесе, қалғаны  қашан жөнделеді?  Берілген ақша игерілмесе, аудан әкімі келген мердігер мекемемен жұмыс істей алмаса, қалай болғаны?

Кейінгі кезде ауданның экономикалық көрсеткіші, оның ішінде ауылшаруашылық саласындағы өсімі айтарлықтай емес. Ілгеріде  Әйтеке би ауданында 480 мың гектар жерге егін егілген, ал қазір 216 мың гектар жерге ғана тұқым себіледі. Мал басы азайып отыр. Тоқсаныншы жылдары 53  мың ірі қара болса, қазір оның саны 40 мыңға әрең жетеді. Екі жүз мыңның үстінде қой болған, ал бүгінде жүз мыңнан аспайды. Осының барлығы, біріншіден, басшылықтың шаруаны дұрыс  ұйымдастырмағанынан, екіншіден, халықтың жалқаулығынан туындап отыр. Ал Әйтеке би ауданы үшін табыстың көзі — ауыл шаруашылығы. Осы саланы жандандырмай, экономика ілгері баспайды, — деген облыс әкімі жұртшылықты жалқаулықтан арылып, еңбек етуге шақырды.

Суармалы жерлерді көбейту, дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамытуға қатысты аудан әкіміне тапсырма берді.

Тұрғындардың көгілдір отын, ауызсу мен жол мәселесіне қатысты сұрақтарына жауап берді. Бұндай ірі жобаларды қолға алмас бұрын, алдымен сол ауылдағы халық саны, болашағы жөнінде зерттеу жүргізілетінін, сол бойынша жұмыс атқарылатынын жеткізді. Жиын соңында облыс басшысы атқарылған жұмыстардың нәтижесіне көңілі толмайтынын айтты.

— Аудан әкімінің жұмысы нашар. Оның дәлелі — өткен жылдың рейтингі бойынша Әйтеке би ауданы  ең төменгі орында тұр. Жұмыстың оң нәтижесі болмаса, мен қалай дұрыс баға беремін? — деген облыс әкімі аудан басшысына ескерту жасады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*